Аймағымызда үй жағдайында босану оқиғалары көбейген. Жыл басынан бері жедел жәрдем қызметінің мамандары перзентханаға жете алмаған 20 әйелдің өмірге сәби әкелуіне көмектескен.

Оның ішінде үйде, перзентханаға барар жолда, реанимобиль көлігінде «қоңырауды ұстап тұру» әдісі арқылы тіркелген жағдайлар бар. Дәрігерлер соңғы уақытта әйелдердің босану жағдайына немқұрайлы қарайтынын айтады. Аналардың үйде босануы балалары мен өздерінің өміріне қауіп төндіретінін ескертеді.

— Босану – өте күрделі физиологиялық жағдай. Үй жағдайында босанатын әйелдің өміріне қауіп төнетіні сөзсіз. Тіпті, перзентханада медицина қызметкерлерінің көмегімен өмірге сәби әкелетін әйелдердің жағдайы қиындай түсуі мүмкін. Алдын ала болжау мүмкін емес. Үйде туған бала босану кезінде тазалықтың дұрыс болмауы салдарынан түрлі вирус жұқтыруы мүмкін, — дейді облыстық жедел көмек көрсету станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Босану мерзімі таяу әйелдер іші ауырған кезде, өзін жайсыз сезінсе, сәбидің қозғалысы азайған кезде жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалғаны дұрыс.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.