Аймағымызда халыққа қызмет көрсету орталығындағы барлық қызмет түрі қолжетімді. Цифрландыру жүйесінің аясында қолға алған жаңашылдық жұртшылықтың уақытын үнемдеп, қажетті құжатты аз уақыттың ішінде дайындауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен, тұрғындар нені біліп, нені ескеруі тиіс?

ЖСН  бір күнде беріледі

Мәселен, Павлодарда шетелдіктер ХҚО-дан жеке сәйкестендіру нөмірін ала алады. Бұл ретте ЖСН еліміздің мемлекеттік органдарына жүгінуге және банк шоттарын ашу үшін қажет. ЖСН алу үшін шетелдіктерде латын әліпбиіне көшірілген паспорттың нотариалды куәландырылған көшірмесі болуы қажет. Шетелдіктер үшін ЖСН беру мерзімі тек бір жұмыс күнін құрайды. Аймағымызда шетел азаматтарына Павлодар қаласындағы Павлов көшесі, 48 мекенжайы бойынша орналасқан ХҚО қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, ХҚО жұмыс күндері 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Кезекші ХҚО азаматтарды жұмыс күндері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін қабылдайды. Тұтынушылар «Мобильдік ХҚО» қосымшасы, eGov mobile, ЕgovKzBot2.0 телеграм-боты, eGov электрондық үкімет порталы және бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы ХҚКО-ға кезекті алдын ала брондай алады.

 

SMS арқылы алады

Павлодарлықтар баланың туу туралы куәлігіне SMS арқылы тапсырыс бере алады. Перзентханада сәбиін өмірге әкелген аналар ешқайда шықпай-ақ, баласына есім таңдап, ұялы телефоны арқылы құжат рәсімдей алады.

Онлайн форматта баланың тууын тіркеу 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл қызметті 4 мыңнан астам ата-ана пайдаланған.

– Тууды тіркеу туралы өтінішті Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары автоматты түрде қабылдайды. Өмірге сәби келген сәтте ХҚО-дан анаға құттықтау хабарламасы жолданып, бірнеше қызмет түрі ұсынылады. Оның ішінде балаға есім қою, туу туралы куәлікті және балаға берілетін жәрдемақыны рәсімдеу бар, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Асылбек Сапарбек.

Филиал директорының айтуынша, барлық ақпарат түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынып, қосымша мәліметтер SMS-хабарламалар арқылы сұралады.

Осы қызмет түрінің пайдаланушысы болу үшін электронды үкімет порталындағы мобильді азаматтар базасында тіркелуі шарт.

 

Айыппұл салынуы мүмкін

Жыл басынан бері облыс тұрғындарына 50 мыңнан астам құжат берілді. Қазақстанда төлқұжат пен жеке куәлік көп жағдайда жазғы маусымда беріледі. Мәселен, маусым айында облыс жұртшылығына 9 460 құжат рәсімделген.

Ағымдағы жылдың 1 жарты-жылдығында павлодарлықтарға 53 698 жеке куәлік пен төлқұжат берілген. Төлқұжатты алу үшін тіркелген жерге қарамастан кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. ХҚКО-да жеке куәліктер мен төлқұжаттарды беру қызметін көші-қон қызметінің мамандары жүзеге асырады. Облыс орталығында құжаттар Павлов көшесі, 48 мекенжайында орналасқан №1 бөлімшеде беріледі.

Егер  алғашқы төлқұжат болса, онда жеке басын куәландыратын құжат сұралады. Егер төлқұжаттың жарамдылық мерзімі аяқталса, оны жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін бір-екі ай бұрын ауыстыруға болады. Жаңа төлқұжатты жарамдылық мерзімі өткеннен кейін алуға айыппұл салынбайды.

Қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. Жеке куәлік 16 жасқа толғаннан кейін беріледі. Дайын құжатты бір ай ішінде алу керек. Әйтпегенде айыппұл салынады. Сондай-ақ,  куәліктің мерзімі өткеннен кейін бір ай ішінде алмаған жағдайда да айыппұл қарастырылған. Айыппұлды бір апта ішінде төлеген жағдайда 50 пайыз жеңілдік қолданылады. Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж 738,4 теңгені құрайды.

 

Көліктен қағыласыз!

ХҚО мамандары электрондық-цифрлық қолтаңбаны өзгеге беруге болмайтынын ескертеді. Өйткені әлдебіреулер оны пайдаланып, сіздің үйіңізге жақындарын тіркей алады. Тіпті, атыңыздағы көліктен де айырылып қалуыңыз мүмкін.

Асылбек Сапарбектің айтуынша, электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар адам мемлекеттік қызметтің 1198 түрін пайдалана алады. Ол арқылы неке қиюға өтініш беру, автокөлікті тіркеу, көлік басқару куәлігін ауыстыру, емханаға тіркелу сынды бірқатар қызмет қолжетімді. Өкінішке қарай, оның маңыз-
дылығын түсінбейтін адамдар бар. Олар оны өзгеге ашқызып, пайдалану кезінде немқұрайлық танытады. Кейбір қызметті өздігінен ала алмаған жағдайда таныстарына қолтаңбасын жолдайды. Бірақ мұндай сәтті әлдебіреулер пайдаланып, есеп-шоттағы қаражатты аударуы мүмкін. Сондықтан осы ескертпеге құлақ асып, электрондық-цифрлық қолтаңбаны ешкімге жолдамаған жөн.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.