Көші-қон мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән берілуде. Мыңдаған адамның елге өз еркімен қоныс аударуы соның дәлеліндей. Мәселен, биыл жыл басынан бері 5 мыңдай адам осы мүмкіндікті пайдаланған. Олардың жартысына жуығы, яғни басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған.

Осы жылдың 1 шілдесіне дейінгі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы көшіп келген. Олардың қатарында қоныс аударушылар саны жағынан біздің облысымыз көш бастап тұр. Нақтырақ айтқанда, қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына — 2 036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына — 1 163, Қостанай облысына — 540, Шығыс Қазақстан облысына — 402, Абай облысына — 362, Ақмола облысына — 285, Қарағанды облысына — 43, Ұлытау облысына 38 азамат көшіп келген.

Атап өтерлігі, бүгінде қоныс аударушылардың барлығына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты берілуде. Бұл дегеніміз — тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз ақшалай көмек көрсету болып табылады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, ағымдағы жылы аймағымызға келген 64 отбасы осындай ұтқырлық сертификатына қол жеткізген.

Жалпы, аталған басқарманың мәліметінше, биыл өңірімізге көшіп келген 2 мыңнан астам адам квотаға енген. Оның ішінде 733 қандас, 1 468 ішкі қоныс аударушы бар. Өңірлік квотаға енгендердің арасында жұмысқа қабілетті азаматтар саны 730 адамды құрайды. Қазіргі таңда олардың 500-ден астамы тұрақты жұмыс орындарына орналасқан, ал 40-тан астам азамат кәсіпкерлікпен айналысуда екен.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, қоныстану аймақтарына көшкен қандастардың ішінде Өзбекстаннан — 631, Моңғолиядан — 616, Қытай Халық Республикасынан — 472, Ресейден — 110, басқа елдерден 62 адам келген. Бүгінде олардың қатарындағы еңбекке қабілетті 1 491 қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, 111 адам кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін дөңгелетуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 9 483 адамды көшіру жоспарлануда, дейді мамандар.

Тек осы жылдың басынан бері елге келген қандастардың жартысы, яғни 49,5 пайызы — Қытайдан, 34,7 пайызы — Өзбекстаннан, 5,9 пайызы — Түркіменстаннан, 5,3 пайызы — Моңғолиядан, 3,3 пайызы — Ресейден және 1,3 пайызы басқа елдерден қоныс аударған. Олардың арасында еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар — 59 пайыз, зейнеткерлер — 9,9 пайыз, қалған 31,1 пайызын балалар мен жастар құрайды.

— Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17 пайызы жоғары білімді, 23,2 пайызы орта кәсіби, 55,2 пайызы жалпы орта білімді және 4,6 пайызының білімі жоқ, — делінген министрлік ұсынған ақпаратта.

Осылайша, еліміз егемендік алғалы, яғни 1991 жылдан бері 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралған. Соның нәтижесінде демографиялық жағдай жақсарып, бүгінде халық саны 20 миллионнан асқанын мақтанышпен атап өткен жөн.

Ал аймағымызға алыс-жақыннан келіп жатқан ішкі көштің арқасында бос жұмыс орындары толығып, өндірісті өлкеміздің әлеуеті артуда.

Нұржайна ШОДЫР.