8 қыркүйек күні тұңғыш рет Қазақстанда Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары
жалауын көтереді. Бір апта бойы кешегі аттың құлағында ойнап, мергендігімен, ептілігімен, күштілігімен, жауынгерлігімен тұтас әлемді дүбірлеткен түркі халықтарының мұра болып қалған сайыстар бойынша қатысушылар бақтарын сынайды. Астанада өтетін Көшпенділер ойындары осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Көшпелілерден қалған мұралар
2024 жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілетінін 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген болатын.
«Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. 2024 жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек, — деді Президент.
Ресми анықтама берсек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыс-тары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи
көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді.
Аталмыш доданы алғаш рет Қырғыз Респуб-ликасы ойластырып, жүзеге асырды. Бүгінде халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Көшпенділер ойындары — әр 2 жыл сайын ұйымдастырылатын додалы сайыс. Айтқандай, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті. Чолпон-Ата қаласы халықаралық жарыстарды үш рет қабылдады. 2014 жылы 19 мемлекеттен жалпы саны 583 спортшы 10 спорт түрінен бәсекеге түссе, 2016 жылы 62 елден 1 200 спортшы келіп, 26 спорт түрінен бақ сынады. 2018 жылы 82 елден 2 000 спортшы қатысып, 37 спорт түрінен шеберліктерін көрсетті.
Ал 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. Сандарды сөйлетсек, ол жолғы жарыстарға 102 елден 3 000 спортшы қатысып, 13 спорт түрінен бағы мен бабын таныта алды.
Бесінші ойындар — Қазақстанда
Мамандардың айтуынша, Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді. 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың мәлімдегеніндей, дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2,5 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Ойындар
21 спорт түрінен өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бар.
«Спорттық бағдарламада ұлттық ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, аң аулайтын құстармен аң аулау және зияткерлік спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ, көрме бағдарламасына 10 түрлі этникалық спорт түрі енеді», – деді Ойындарды дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.
Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру мәселесімен Қазақстан Республикасының Үкіметі айналысады. Ойындарды тиімді дайындау және өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Вице-Премьер-Министрінің төрағалығымен ДКО ұйымдастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру комитетінің құрамына мемлекеттік өкілетті органдардың басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің басшылары, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары кірді.
Ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен «Астана 2024» ДКО дайындау
және өткізу жөніндегі Дирекция құрылды. Дирекцияның функциялары «Қазспортинвест» АҚ-на жүктелді.
Жарыстар қайда өтеді?
Елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жаңа спорт нысандары салынбайтынын атап өткен жөн. Спорттық инфрақұрылымды айтатын болсақ, Астана қаласында «бір сызық» концепциясы қолданылады. Яғни, ойындар бір көшеде орналасқан Қабанбай батыр көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы спорт нысандарында өтеді. «Астана-арена» стадионында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі жоспарланып отыр.
«Қазанат» ипподромы мен Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құс салудың ұлттық түрлерінен жарыстар, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыс- тар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ДКО Аккредиттеу және Жабдықтау орталықтары орналасады.
«Нысандарда жөндеу жұмыстары ойындар басталғанға дейін толығымен аяқталады және ипподром 10 000 көрерменге арналған жоғары деңгейдегі жарыстар өткізетін орынның бірі болады. Спорт алаңдарынан басқа, «Қазанат» ипподромында спорттың барлық түрі бойынша барлық қажетті ақпаратты шоғырландыратын «Ойындарды басқару орталығы» орналасатын болады», – деді Ойындарды дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.
Қонақтарды орналастыру үшін Көшпенділер ойындары өткізілетін спорт нысандарына жақын орналасқан 23-ке жуық қонақ үй пайдаланылады.
Ойындардың ашылу және жабылу рәсімдері
Жалпы, байрақты бәсекелердің ашылу салтанаты — көпшіліктің қызығушылығын тудыратын дәстүр. Ежелгі Олимпиада ойындарынан бері ашылу рәсімі Ойындардың ажырамас бөлігі болып табылады. Көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаттары да ірі халықаралық спорт дәстүрлеріне сүйене отырып өткізіледі.
Атап айтқанда, театрландырылған көріністер арқылы қабылдаушы елдің мәдени мұрасы, мемлекет дамуының маңызды белестері, музыкалық-хореографиялық мәдениет жауһарларының қойылымы паш етіледі. Қатысушы елдердің командалары алфавиттік тәртіп бойынша бөлек топтармен, салтанатты маршпен жүріп өтеді. Ашылу рәсімі міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының туын алып жүру және жоғары көтеруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын және Дүниежүзілік көшпенділер әнұранын орындауды қамтиды.
Ойындардың ашылғанын ресми түрде жариялайтын Мемлекет басшысының сөзі Ашылу салтанатының шарықтау шегі болмақ.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу рәсімі «Қазанат» орталық ипподромында өткізілетін көкпар турнирінің финалист командаларының финалдық ойыны бітісімен іле өткізіледі. Қатысушылар шеруі Ойындар кезінде бір отбасындай болып үлгерген спортшылардың ынтымақтастығын білдіретін бір ортақ команда форматында өтеді.
Мәдени бағдарлама және «Көшпенділер ғаламы» этноауылы
Ойындардың ашылу рәсімінен бір күн бұрын Этно-ауылдың ашылуы өтеді. Этноауыл «Қазанат» ипподромына іргелес аумақта, шамамен 10 гектар жерде орналасады.
Бұл күні «Астана – көшпелілердің астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылым көрсетіледі. Шараға шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысады. Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени шаралар өткізіледі. Соның ішінде Қазақстанның үздік қолөнершілерінің ең ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлер өз қолөнерінің қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтары болады. Еліміздің жетекші және бастаушы айтыскерлері қатысатын дәстүрлі «Айтыс» ақындар мүшәйрасы Этноауылдағы мәдени бағдарламаның ажырамайтын құрамдас бөлігі болмақ. «Көшпенділер ғаламы» фестивалі мәдениет әлеміндегі заманауи үрдістерді көрсетеді.
Іс-шаралар бағдарламасында этноауылдың кішкентай қонақтарына көп көңіл бөлінеді, олар көптеген ойын-сауық және танымдық ойын алаңдары мен этникалық стильдегі аттракциондарды тамашалайды.
Этноауылда жыртқыш құстарды салудан жарыстар және ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдары өткізіледі. Ұлттық тағамдар фестивалі қазақ халқының қонақжайлылығы мен ақкөңілдігін паш етеді. Мұнда шеберлік сабақтары өткізіліп, әрбір келуші тамақ пен сусын дайындауға қатыса алады. Ұйымдастырушылар Этноауылда жоспарлаған барлық іс-шаралар басты мақсатқа қол жеткізуге бағытталған – мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттау, олардың ұлттық бренді болып табылатын Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін насихаттау.
«Бірлік керуені» — әр өңірде
Дәстүр бойынша, Олимпиада, Азия және Дүниежүзілік Универсиада сияқты заманауи ірі спорттық жарыстардың барлығында Алау Эстафетасы міндетті түрде кіреді. Алғашқы үш Көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан және негізгі элемент Су болды.
Ойындар қарсаңында Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларында әсерлі театрландырылған іс-шара өткізу барысында жергілікті қасиетті бұлақтардың бірінен Дүниежүзілік ойындардың Ашылу рәсіміне апарылатын Су алынады. Аймақтың орталық көшелерінен өтіп, орталық алаңда құрметке ие болған керуен Қазақстанның астанасына аттанады. Өңірдің дәстүрі мен стилінде безендірілген «Керуен» құрамында Су толтырылған ыдыспен бірге Астанаға Ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық топтар келеді. Сонымен қатар, керуендер өңірлерден Астанаға қажетті мөлшерде киіз үй, ыдыс-аяқ, «Көшпенділер ғаламы» этноауылын ұйымдастыруға қажеттінің барлығын әкеледі. Ойындардың ашылу күні құрамында еліміздің барлық аймақтарының атынан келген, қолына қасиетті Су толтырылған торсық ұстаған батырлар бар керуен Ойындардың ашылу рәсімі өтетін жерге жарқын шерумен аттанады. Қасиетті көздерден алынған Су ДКО ашылу рәсімінің шарықтау шегінің маңызды құрамдас бөлігі
болмақ.
Ғылыми бағдарлама
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарса-ңында Ұлттық мұражайда этноспортты дамытудың түрлі аспектілері зерттелетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Олардың ішінде этноспортшыларды дайындау әдістері, этноспортты дамыту келешегі, этноспорттағы халықаралық ережелерді стандарттау және қабылдау және т.б. Сондай-ақ сарапшылар көшпелілікті, оның өркениеттік рөлін, сондай-ақ қазіргі әлемдегі неономадтардың мағынасын зерттеуге назар аударады.
Ойындардың айшықты бейнелері
Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпен-ділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді.
Ресми логотипке айдентиканың маңызды элементі – күншуақты шабандоз кіреді. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барлық логотиптерінде болған. Логотипте қою қызыл түсті элементтер қолданылады. Бұл түс ақық дейтін жартылай асыл тастың қарапайымдылығы мен әсемдігін бейне-лейді. Ақық өзінің қызыл реңкімен қан мен отқа ұқсайды және өмірлік энергиямен, жүрекпен және күнмен ассоциацияланады. Қамшы, белбеу және дәстүрлі зергерлік бұйымдар сияқты тұрмыстық заттар ақықтың күңгірт түстерімен безендірілген.
Логотиптің мәтіндік бөлігі VIII-X ғасырлардағы руникалық түркі жазуына стильденген қаріппен жасалған.
Мемлекет мерейі
5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қазақ жерінде жоғары деңгейде өтуі – ұлттық намыс, мемлекеттік мәртебе. Байрақты бәсекенің жоғары деңгейде өту керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Бұған дейін Қырғызстан, Түркия елдерінде өткізілген Ойындар түркі дүниесінің бесігі саналатын Қазақстан жерінде үлкен абыроймен өтетініне сенім мол. Бұл іс-шара еліміздің оң имиджін, туристік әлеуетін және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын миллиондаған шетелдік блогерлер аудиториясына насихаттауға мүмкіндік береді.Бұл ойындар ат жалында өскен кешегі батыр балбалар рухы жаңғыратын алаң болары хақ.
Әзірлеген – Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.