Павлодарда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселелері талқыланды. Кездесуге облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық кеңестердің, экологиялық ұйымдардың өкілдері, энергетика саласындағы жетекші сарапшылар, ғалымдар мен қаланың белсенді тұрғындары қатысты.
Талқылауға қатысу үшін ҚР Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және ядролық физика институтының өкілдері шақырылды. Кездесу барысында спикерлер еліміздегі атом энергетикасын дамытудың жоспарлары мен перспективаларын таныс-тырып, атом электр станциясын салудың қауіпсіздігі, экологиялық ұтымдылығы мен экономикалық қисындылығы мәселелеріне ерекше назар аударды.
«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Ерлан Батырбеков жобаның маңыздылығын атап, атом электр станциясын салу Қазақстандағы ғылым мен өнеркәсіпті дамытудағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін айтты.
— Атом электр станциясының құрылысы – жоғары технологиялық процесс. Ол көптеген саланың дамуын ілгерілетеді. Құрылыстың мультипликативті әсері ғылым үшін, өнеркәсіп, кадрлар даярлау үшін де сөзсіз тиімді болмақ. Атом электр станциясынан ешқандай зиян болмайды. Өйткені бүгінгі күні III және III + буын реакторының құрылысы ұсынылады. Бұл реакторлар белсенді және пассивті заманауи қауіпсіздік деңгейлерімен жабдықталған. Реактор қалыпты жағдайдан шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтарады — деп атап өтті Ерлан Батырбеков.
«Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин станцияны салу үшін Балқаш көлінің маңындағы Алматы облысының ауданын қарастыруды ұсынды. Ол мұны елдің оңтүстік аймақтарындағы электр тапшылығы мәселесін шешу қажеттілігімен түсіндірді.
— Өздеріңізге мәлім, біздің солтүстік аймағымыз — электр энергиясының негізгі өндірушісі. Павлодар осы жүйеге кіреді. Сондықтан электр энергиясының тапшылығын әлі сезінбейді. Бірақ оңтүстіктегі жағдай күрделірек. «Солтүстік – Оңтүстік» желісі бүгінде 2100 мегаваттқа дейін қуат өткізеді. Бұл аймақтарды қуаттандыру үшін жеткіліксіз. Сондықтан энергетиктер Үлкен ауылының маңындағы Балқаш көлінің ауданын ұсынып отыр. Атом электр станциясы қуатты көз ретінде «Солтүстік – Оңтүстік» желісінің жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді, — деді Тимур Жантикин.
Талқылау барысында экологиялық ұйымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар АЭС құрылысының экологиялық салдарына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Павлодар тұрғыны және энергетик Асламбек Жарасов жаңа энергия көздерінсіз еліміз болашақта елеулі проблемаларға тап болуы мүмкін екенін атап өтті.
— Егер біз жақын арада атом электр станциясының құрылысын бастамасақ, онда 2030 жылға қарай біз 1990-шы жылдардағы жағдайға кері қайтамыз деп ойлаймын. Сол кездегі жиі электр қуатын өшіру болғаны естеріңізде ме? Сол уақыттың қайтып оралғанын қаламаймын, — деді А.Жарасов.
Екібастұз ГРЭС-2 ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлфия Ибрагимқызы Ахмедова энергетика саласында 34 жыл жұмыс істейді және АЭС құрылысының қажеттілігіне сенім білдірді.
— Энергетика әрдайым кез келген саладан алда жүреді. Егер оны дамытпасақ, бізде ешқашан экономика болмайды. Біз сатып алатын және сататын республика болып қаламыз. Қазір қолда бар станциялар орташа есеппен 70 пайызға тозған. Атом станциялары сияқты жаңа технологиялар тұрған кезде ескіге қаржы құю қаншалықты қисынды?! Мен біздің ғалымдарымызға, ғылымымызға сенемін. Бұл — атом бомбасы емес, электр энергиясының өндірісі. Бұл жаңа өнеркәсіптік өндірістер құруға мүмкіндік береді, сәйкесінше, ел экономикасы көтеріледі, — деп атап өтті Гульфия Ахмедова.
Сондай-ақ, кездесуде пайдаланылған ядролық отынды көму және кәдеге жарату, АЭС салу және пайдалану үшін мамандандырылған кадрлардың болуы мәселелері көтерілді.
Сарапшылар талқылауға қатысушыларды III және III + буын реакторларында қолданылатын заманауи технологиялар қауіпсіздіктің барлық қатаң талаптарына сәйкес келетініне сендірді.
— Бұл технологиялар экологиялық тәуекелдерді барынша азайтады және қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, — деп атап өтті Ерлан Батырбеков.
Өз тілшіміз.