Елімізде ауыл халқын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде өңірімізде 30 медициналық нысан салынды. Соның аясында алдағы уақытта Ертіс ауданының Қарақұдық және Қызыл ағаш ауылдарында медициналық пункт бой көтереді.
Қазіргі таңда аудан тұрғындарына 26 медициналық нысан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуде. Атап айтқанда, 1 аудандық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 19 медициналық пункт бар. Ауданда 32 дәрігер және 120 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Қуандық Мұстафиннің іскерлігі арқасында ұжым тағы 7 дәрігер және 3 орта медициналық қызметкермен толықты. Ауданның денсаулық сақтау саласына қажетті мамандарды тартуда Алматы, Семей және Екібастұз қалаларының жоғары және орта медициналық білім беру мекемелерінде өтетін бос орындар жәрмеңкесінің де үлесі бар.
Ертіс ауданының ауруханасына тіркелген 14 876 адамның 4278-і — кәмелет жасқа толмаған балалар. Жергілікті ақ желеңділер ересектер мен балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетеді.
— Ауруханамызда науқастарға жақсы қарайды. Медицина қызмет-керлері – жұмысына адал жандар. Екі рет осында ауыр жағдаймен түсіп, білікті мамандардың арқасында аман қалдым, — дейді Ертіс ауылының 80-нен асқан тұрғыны Серғазы Молдабаев ақсақал.
Алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымы халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Амбулаториялық-емханалық қызмет бір ауысымда 110 келушіге қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Мұнда жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр, хирург, невропатолог, гинеколог, онколог, кардиолог, психиатр-нарколог, стоматолог, оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог сынды мамандар тынбай еңбек етуде.
Ауданда тұрғындардың скри-нингі жылдық жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Скринингтерді жүргізу үшін облыс медицина ұйымдарымен бірлесіп орындау шарттары жасалған. Сондай-ақ, сырттан қосалқы қызмет атқаратын дәрігерлер тартылады.
Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Александр Жоховтың айтуынша, стационар тәулік бойы науқастарды қабылдайтын 37 төсек-орын және стационарды алмастыратын 35 төсек-орынмен қамтылған. Оның ішінде Ленин ауылында дәрігерлік амбулатория жанындағы 5 төсек-орын, неврологиялық, травматологиялық және пульмонологиялық бейіндер бойынша оңалту және қалпына келтіруге арналған 3 төсек-орын орналастырылған. Пациенттерді емдеу жоспарлы және шұғыл түрде жүргізіледі. Науқастар жағдайының күрделілігіне байланысты облыс орталығына жіберіледі.
2022 жылы медициналық мекемеде кәріз-сорғы станциясына күрделі жөндеу жүргізіліп, жабдық сатып алынды. Қазіргі таңда ауруханада клиникалық-диагностикалық зертхана, балалық шақтағы ауруларды кешенді басқару кабинеті, ультра-дыбыстық зерттеу кабинеті, рентгенологиялық кабинет, физиотерапиялық кабинет, телемедицина орталығы, психолог кабинеті, емшара кабинеті, қан алу кабинеті, фиброгастродуоденоскопия кабинеті, маммографиялық кабинет, тіс техникалық кабинеті, дәрігерге дейінгі кабинет, ерлер және әйелдер қарау кабинеттері жұмыс істейді.
Бүгінде Ертіс аудандық ауруханасында желдету жүйесіне жалпы сомасы 72 млн теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауруханаға 32,6 млн теңгеге медициналық жабдықты сатып алу жоспарланған, оның ішінде дефибрилляторлар, ларингоскоп, центрифуга, ЭКГ аппарат, сәулелі жылу көзі бар ашық реанима-циялық үстел, неонаталдық монитор, фототерапиялық сәулелендіргіш, дәрілік заттарға арналған дозатор алынады деп күтілуде. Қазір дайын тұрған 82,4 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес, 2023 жылы «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде медициналық жабдықтар сатып алу жоспарланған. Алдағы уақытта тозығы жеткен аурухана ғимаратын күрделі жөндеу мәселесі жан-жақты қарастырылуда.
Торғын ОРАЗАЛЫ.