Марат Қанжығалин – облысымыздың денсаулық сақтау саласына зор үлес қосып келе жатқан жоғары білікті дәрігерлердің бірі. Ширек ғасыр Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасының күйік шалу бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет ететін мамандық майталманы өткен жылы «Алтын скальпель» аталымында жеңімпаз атанды. Марат Ғабдоллаұлы – медицина саласында аянбай тер төгіп, табаны күректей 32 жыл бойы табысты еңбек етіп жүрген облыстың бас комбустиолог дәрігері.

Ол 1990 жылы Семей мемле-кеттік медициналық университетін тәмамдаған соң дәрігер-интерн ретінде Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасына жолдамамен келген. Содан соң жас маман травматолог-дәрігер қызметінде алты жыл қызмет етті. 1997 жылдан қазіргі уақытқа дейін облыстың штаттан тыс бас комбустиологы.

Травматология және комбустиология бойынша жоғары білікті дәрігер. 2016 жылдан бастап ішкі аудит қызметінің сарапшысы. Осы жылы Астана қаласының республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығында күйік жарақаты бар науқастарды емдеудің республикалық клиникалық хаттамаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды.

Марат Ғабдоллаұлы травматология мен ортопедиядағы остеосинтез, іш қуысы органдарының шұғыл хируриясы, күйіктер мен олардың салдарын заманауи емдеу, күйік жарақаты, күйіктер мен жараларды емдеу үшін адам терісінің аллогенді фибробласттарын қолдану жөніндегі дәрігерлер біліктілігін арттыру курстарына қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүреді.

Мәселен, 2012 жылы Астана қаласының «Ана мен бала» ұлттық ғылыми-медициналық орталығында ұйымдастырылған австриялық профессор Э.Шарнагльдің жетек-шілігімен «Пластикалық, эстетикалық және реконструктивтік хирургияның негіздері мен өзекті мәселелері» атты шеберлік сыныбына қатысып, теориялық тәжірибесін толықтырды. Үнемі ізденістің арқасында Марат Қанжығалин медицина саласына тың жаңалықтар енгізді.

Білікті маман 2017 жылы тізе мен шынтақ буындарына бекітетін таңғыш салу, күйік жараларын емдеу, аутодермопластикадан кейінгі терең күйік жараларын емдеу, мұрын және иек аймағына бекітетін таңғыш салудың жаңа әдістемесі, аутодермопластикадан кейін күйік жараларын жергілікті емдеудің екі компонентті моделі, 2022 жылы күйік кезінде қол саусақтарын сыртқы алмалы-салмалы иммобилизациялау тәсілі сынды ғылыми жаңалықтар ашып, авторлық патенттеріне ие болды.

– Медицина саласы – жүрек қалауым. Науқастарды емдеу сүйікті ісім болғандықтан, кәсіби қызметімді сапалы атқаруға барымды саламын. Осы салада қызмет еткеніме отыз екі жылдан асты. Менің ойымша, қай салада болмасын, тұрақтылық табысқа жеткізеді, – дейді дәрігер.

Білікті басшы Марат Қанжығалин 25 жыл бойы басшылық ететін №1 аурухананың күйік бөлімшесі күйіктер мен үсіктер, олардың салдарын емдеумен айналысады. Заманауи материалдық-техникалық базамен қамтылған бөлімшеде күйік және үсік ауруларын емдеуге толық мүмкіндік жасалған. Науқастарға арналған кереует бар, қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті.

Бөлімшеде тері-пластикалық операциялар жасауға толық мүмкіндік береді. Бөлімшенің тәжірибелі кәсіби мамандары хирургиялық, басқа да жарақаттар салдарынан пайда болған тері-пластикалық, сүйек-пластикалық ақауларды қалпына келтіреді. Күйік бөлімшесінің ұжымы облыстың ғана емес, шекаралас өңірлерге кәсіби медициналық көмек көрсетеді. Бөлімшенің кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлері мен медбикелері күні-түні науқастарға сапалы қызмет көрсетеді.

Марат Қанжығалин медицина саласына сіңірген зор еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгісімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің грамотасымен, т.б. марапатталған.

Т.ӘБІЛДА.