«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы арнайы жобасы аясында еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету игі дәстүрге айналды. Медициналық пойыз Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын аралап шығып, Павлодар облысына ат басын тіреді. Консульта-тивтік-диагностикалық пойыздың білікті дәрігерлері теміржол бойындағы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметті тегін ұсынуда.

Шақат станциясында жұмысын бастаған денсаулық пойызы бір апта бойы Кемеңгер, Спутник, Тасқұдық, Майқайың, Бозшакөл станциялары маңындағы ауыл тұрғындарына жоғары білікті медициналық қызмет көрсетеді. Жоба аясында станцияға жақын маңдағы ауыл тұрғындары зертханалық, ультрадыбыстық зерт­теулерден, флюорографиядан, сондай-ақ жеке сала бойынша мамандардың кеңесінен өте алады.

«Саламатты Қазақстан» меди-циналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, пойыз жұмысын бастағалы 14 мыңға жуық тұрғынға тегін қызмет көрсеткен. Жылжымалы нысанның төрт вагоны медициналық көмек көрсетуге лайықталған. Пойызда шетелдік заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Мұнда электрокардиография, ультра-дыбыстық зерттеу, флюоро­графия өтіп, жалпы тәжірибе дәрігер, терапевт, педиатр, хирург, уролог, невропатолог, офталь­молог, отоларинголог, акушер-гинеколог, стоматолог, психолог мамандар қызметіне жүгінуге болады. Сондай-ақ, пойызда УДЗ диагностикасы, сәулелі диагностика дәрігері, рентгенолог, лаборант, медбикелер бар. Медициналық бригадалар диагностикалық проце­дуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық оталар жасайтын 35 маманнан тұрады. Науқастар осы мүмкіндікті пайда­лана отырып, УДЗ жасатып, тіс емдетіп, т.б. тегін қызмет ала алады.

– Осындай медициналық пойызды ұйымдастырып, тұрғындарға алысқа бармай денсаулығын тексеруге мүмкіндік берген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Қалаға емделуге барсақ, айлап кезек күтуге тура келеді. Мұнда барлық мамандарға бірден қаралуға болады, өте ыңғайлы. Алматы, Астана қалаларынан білікті мамандардың жолы түседі дегенді естіп, осы медициналық пойыздың келуін асыға күттім. Барлық мамандарға тегін қаралып, қажетті тағайындаулар алдым, – дейді Жетекші ауылының тұрғыны Айман Жаналинова.

2010 жылдан бастап қолға алынған «Медициналық пойыздар» әлеуметтік жобасын 2016 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдап келеді. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес – Jibek Joly телеарнасымен ынтымақтастықта іске асырады. Бас ақпараттық демеуші – Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін 17 облыстың 121 теміржол станциясына тоқтап, 17 933,1 шақырым жол жүріп, тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетеді. Доңғалақ үстіндегі емхана жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде болады. Биыл дәрігерлер қатарына медиатор мен заңгер мамандары қосылды. Осылайша, 75 мыңға жуық ауыл тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алады деп күтілуде.

Бір айта кетерлігі, осы жылы алғаш рет әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның баста­масымен «Саламатты Қазақстан» жобасына азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылған. Олар азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқықтарын қорғау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек және тағы басқа мәселелер бойынша тегін кеңес береді.

Торғын ОРАЗАЛЫ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.