Әлеуметтік желіде облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесінің санитарлық жағдайына шағым жарияланғаннан кейін мәселенің анық-қаны-ғына жету үшін жұмыс комиссиясы құрылды. Құрамына денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, инфекционист және эпидемиолог мамандар бар комиссия облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде болды.

Комиссия мүшелері кішкентай емделушілердің ата-аналарымен әңгімелесті. Медициналық көмек көрсету, тамақтану және палаталарды тазалау сапасына шағымдар болмағанымен, стационардың мате-риалдық-техникалық жабдықтауға байланысты сұрақтар туындаған. Нақтылай айтқанда, пациенттер тозған төсек-орындарды жаңарту қажеттігін алға тартқан. Әсіресе, матрастардың жағдайы сын көтермейді.

Облыстық балалар ауруханасының инфекциялық стационарының ғимараты 1984 жылы салынған. Оның 50 пайыздан астамы тозған. Корпустар салынған кезден бастап 2008 жылы шатырдың жабылуы- нан басқа бюджеттен күрделі жөндеуге ақша бөлінбеген. Ауруханада инфекциялық стационар үй-жайларының 60 пайызы өз күштерімен жөнделген.

Медициналық мекемеден пациенттер шығарылған соң барлық қатты және жұмсақ жабдықтар дезинфекцияланады. Қатты жабдықтар дезинфекциялау құралдарымен өңделсе, жұмсақ жабдықтар (матрастар, жастықтар) камералық дезинфекцияланады. Бу мен жоғары температураның әсерінен олардың түрі өзгеріп, біршама уақыт жағымсыз иіс те болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, пациенттер шығарылғаннан кейін төсек жабдықтары «қуыру» әдісімен дезинфекцияланады. Сондықтан матрастар бу мен жоғары температураның әсерінен тығыздалып, көлемі кішірейіп, жұқарып кетеді.

Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, төсек-орын жабдықтары жыл сайын жаңартылып отырады. 2020 жылы матрацтар, төсек жабдықтары, көрпелер мен сүлгілер алуға 5,9 млн теңге, 2021 жылы 1,1 млн теңге жұмсалып, 2,1 млн теңгеге 30 төсек сатып алынған. Ал өткен жылы ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс материалдарына 4 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Сондай-ақ, 637 мың теңгеге төсек жабдықтары алыныпты. Мекемеде төсек-орын жабдықтарын кезең-кезеңімен жаңарту көзделіп отыр. Ол үшін денсаулық сақтау басқармасы қажетті ақпаратты облыстық бюджет комиссиясына жібереді.

Жалпы, ауруханада инфекциялық стационардың ғимараттарын күрделі жөндеу, сумен және жылумен жабдықтауды жаңғырту қажет. Облыстық балалар ауруханасының ғимараттарын қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, медициналық мекеменің үшінші корпусын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Торғын ОРАЗАЛЫ.