Жақында ҚР Парламент Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов жергілікті ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерімен кездесу өткізді. Жиынға Мойылжан Қанаев, Юрий Дубовицкий, Владимир Левченко және ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құдайберген Қанапиянов қатысып, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді талқылады.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен жауапты мекеме басшылары қатысқан келелі кездесуде аграрлық салада орын алып отырған өзекті мәселелер сөз болып, түйткілдің шешу жолдары қарастырылды. Ардагерлер қазір жайылымдағы және шабындықтағы жерлердің құнарлығы 40 пайызға төмендеп кеткенін айтып, топырақтың ауқымды деградациясына алаң-даушылық білдірді. Павлодарлық тәжірибелі агроном Мойылжан Қанаев аталмыш мәселе төңірігінде ой қозғап, пайымды пікірімен бөлісті.

– Бірінші кезекте көпжылдық шөптер егу керек. Облысымызда көпжылдық шөп егетін 225 000 гектар жер бар. Бірақ қазіргі уақытта ол жерге шөп егілмейді. Соны жаңарту керек. Ол үшін көпжылдық шөптің тұқымын қолданысқа енгізіп, оларды көбейту орталығын құру қажет. Кезінде әріптестеріммен бірге осы әдісті қолданып, көпжылдық шөп егілген жердің әр гектарынан бір тоннаға дейін шөп алатынбыз. Ал басқа дақылдар егілген жерлер 1-1,5 центнерден аспайтын пішен берді. Өкінішке қарай, Павлодар облысында көпжылдық шөптер алқабы ұзақ жылдар бойы іс жүзінде ұлғаймаған. Сонымен қатар, аграрлық саладағы қазіргі өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы, – деді М.Қанаев.

Өз кезегінде ҚР Парламент Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов бүгінгі таңда индустриалды-аграрлы елдегі дала өркениетіне бейімделген ауылшаруашылық саласын дамытудың болашағы зор екенін атап өтті.

– Жақында егеменді еліміздің халқы 20 млн адамға жетті, оның 7,6 млн-ы (38 пайызы) 6295 ауылдық елді мекенде тұрады. Ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыру – мемлекетіміздің басым бағыт-тарының бірі. Осыған орай, елімізде ауылшаруашылық сала-сындағы 230,4 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылым-дарының еңбек өнімділігін арттыру, әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті қазақстандық өнімдерді экспорттау, ішкі нарықта 20 млн халқымызды сапалы отандық азық-түлікпен қамтамасыз етуді 80 пайызға жеткізу міндеті тұр, – деді депутат.

Әңгіме барысында халық қалаулысы ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында бүгінгі таңда мемлекет тарапынан шаруаларға қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдеріне өндіру-шілермен бірге субсидия беру, аграрлық өнімдер экспортын дамыту және шаруашылықты технологиялық жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, Ернұр Әйткеновтің айтуынша, былтыр құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір аймақтарда су қоймалары мен үнемді инновациялық технологияларды енгізу бағытында қарқынды жұмыс жасауда. Осылайша, еліміздегі ауыл шаруашылығындағы суармалы жерлердің ауданы 1,8 млн гектар болса, 2025-2030 жылға қарай оны 3 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Яғни су ресурстары және ирригация министрлігі ауыл шаруашылығы саласында дақылдардың түсімін арттыруда әлемдік озық тәжірибелерді қолдану бағытында 20-дан астам жаңа жобаларды жүзеге асырмақ.

А.МҰҚЫШЕВ.