Құс етін өндіруге оралмақ

Сәу 24, 2025

Бүгінгі таңда елімізде құс етіне деген сұраныс өте жоғары. Себебі ірі қара мал етінен кейін ең көп тұтынылатыны да осы. Сұранысқа сай соңғы жылдары елімізде құс шаруашылығы қарқынды дамып, мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде аталған кәсіп қанатын кеңге жаюда. Ал Павлодар облысында құс кластері қалыптасты ма? Ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ете аламыз ба? Экспорттық әлеуетті арттырудың жолы қайсы?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізде құс етінің өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға өсті. Атап айтсақ, қаңтар мен сәуір аралығында 100 мың тоннаға жуық өнім өндірілді. Жалпы, Қазақстанда құс етін 24 құс фабрикасы шығарады. Күн сайын олар 800 тоннаға дейін өнім өндіреді. Оның ішінде Ақмола облысында — 200 тоннадан астам, Алматыда — 350-ге жуық, Ақтөбе мен Атырауда — 7 тоннаға, Шығыс Қазақстан облысында — 130, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында — 20-дан астам, Қостанай және Павлодар — 14.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыста құстардың саны 1 232,4 мың басты құрады, оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 947,1 мың бас. Қазіргі уақытта облыста 4 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның ішінде екі құс фермасы — жұмыртқа бағытында, екеуі — ет бағытында.

Жақында Ақсу қаласына қарасты Қызылжар елді мекеніндегі тірлігі көптен бері тұралап қалған «Қызылжар-Құс» құс фабрикасына барып қайттық. Қақпасын қайта ашып, жұмысын жандандырған кәсіпорын өткен жылы ауқымды жаңғыртудан өтті. Нақтылап айтсақ, 2024 жылы құс фабрикасына 5 млрд теңге инвестиция тартылып, кәсіпорын ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. «Қызылжар-Құс» ЖШС-нің негізін қалаушы әрі директоры Айдар Нығметовтың айтуынша, қазіргі уақытта кешен аумағында орналасқан, бір кездері кеңестік құс қоралары болған қирандылар қайта қалпына келтірілуде. Олардың іске қосылуы жылына мың тонна ет өндіруге қосымша қуат бермек.

– Төрт құс қорасын іске қостық. Әрқайсысында 50 мың құс бар. Қазір бір құс қорасын жауып, жаңа тауықтар әкеліп жатырмыз. Айта кетейік, бір тауықтың жұмыртқадан шыққаннан кейін союға дейінгі аралығы шамамен бір жарым айды құрайды. Қазіргі уақытта құс фабрикасында өсудің әртүрлі кезеңдеріндегі 200 мыңға жуық құс бар. Сондай-ақ, біз кәсіпорын әлеуетін арттырып, оны кеңейтуге дайынбыз. Бүгінгі күні қосымша тағы бес құс қорасын іске қосып жатырмыз. Бір-екі айдан кейін жылына 5 мың тонна ет өндіреміз. Ал жақын болашақта бұл көрсеткіш 6000 тоннаға дейін жетеді, —
деді А.Нығметов.

Сонымен қатар, инвестордың айтуынша, бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Құс фабрикасындағы модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, балапандарға су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер мен вакцина қатаң қадағаланады. Құстарға арнайы әзірленген құрама жемі беріледі. Бұл жем табиғи таза дәнді дақылдардан дайындалып, құрамында бройлер балапандарына қажетті дәрумендер және минералдармен толық қамтамасыз етіліп, қосымша азықтандыруды қажет етпейді.

— Мұнда инвестицияның толық табыстылығын бағалау үшін бір-екі жыл емес, кем дегенде жеті-сегіз жыл күту керек. Бұл жобаның қайтарымы – «ұзақ қашықтыққа жүгіру». Мұның бәрі бірнеше жылдан кейін өз нәтижесін береді. Жалпы, құс шаруашылығы —
аграрлық сектордың ішінде эконо-миканың драйверіне айналуы мүмкін. Десек те, бұл салада түйткілдер жоқ емес. Атап айтсақ, кадр мәселесі бар. Білікті мамандар жетіспейді. Ағымдағы жылдың күзіне дейін мұндағы жаңа жұмыс орнын 250-ге дейін жеткізуді көздеп отырмыз, — деді А.Нығметов.

Жаңа өндіріс бәсекелестік ортада өмір сүріп, нарықта өзінің лайықты орнын ала ала ма? Бұл сұраққа бірнеше айдан кейін ғана жауап бере аламыз. Қалай десек те, биыл «Қызылжар-Құс» тауық еті жергілікті дүкен сөрелерінің төрінен орын алмақ. Қанатын қайта қаққан құс фабрикасы өңірдегі құс шаруашылығының дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.