Қазақстанның алғашқы Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды. Сағадат Нұрмағамбетовтің «Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер!» деген сөзі бар. Бұл – тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау – бәріміздің перзенттік парызымыз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Биыл еліміздің алғашқы халық қаһарманы әрі алғашқы армия генералы, Кеңес Одағының батыры, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл. Айтулы күнге орай батырдың мемориалдық тақта сына гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетілді.

Аталған мемориалды тақта осыдан тура бір жыл бұрын Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратында ашылған болатын. Батырдың ғасырлық тойына орай сала ардагерлері, әскери қызметшілер мен қоғам қайраткерлері гүл шоқтарын қойды.

Сағадат Қожахметұлы Қорғаныс министрі болған тұста Павлодар облысына жұмыс сапарымен жиі келіп, мұндағы әскердің әлеуетін арттыру бағытында тиісті тапсырмалар берген көрінеді.

— Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов еліміздің қорғаныс күштерін толығымен жаңадан қалыптастырды. Қиын-қыстау кезеңде оның жүйелі жұмыс істеп, мемлекеттің бүтіндігін сақтауы үшін әскери қызметшілердің аянбай тер төгуіне ықпал жасады. Соның нәтижесінде бүгінде қазақстандық әскер қуатты қорғанға айналды. Жастар Сағадат Нұрмағамбетовтің батырлығы негізінде тәрбие алуы тиіс. Ал мемуарлары әскери-патриоттық тәрбиенің негізі болуы керек, — деді ардагерлермен жұмыс бөлімінің бастығы, подполковник Тимур Жағыпаров.

Сондай-ақ, жиын барысында Сағадат Нұрмағамбетов қорының жетекшісі Қайрат Нүкенов сөз алып, қаһарман-
ның ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

— Батырдың өмірлік жолы елге қызмет етумен өріледі. Біздің мемлекеттің, тәуелсіз ел әскерінің құрылуының басы-қасында болды. Бүгінгі таңда ел көлемінде батырдың мерейтойына орайластырылған түрлі патриоттық шаралар ұйымдастырылуда. Сағадат Қожахметұлы өмірден өткенімен, соңында қалдырған ісімен, ерлігімен бүгінгі таңда да өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Жастарымыз Сағадат аға сияқты ел тыныштығын қызғыштай қориды деп сенемін, — деп түйіндеді сөзін Қ.Нүкенов.

Айта кетейік, Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысында дүниеге келген. 1942 жылы мектеп бітірген соң бірден қызыл Әскер қатарына шақырылып, бірінші Түркістан пулеметтік училищесіне жіберілді. 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанып, Украина, Молдова, батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты. Берлинге дейін жетіп, жеңісті қарсы алды.

Соғыстан соң Фрунзе атындағы әскери академияда білім алып, әскери қызметші атанды. 1992 жылы
ҚР Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалып, генерал шенінде құрметті демалысқа шықты. Әскери колледждің курсантынан армия генералына дейін, пулемет-шілер взводының команди-рінен тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министріне дейінгі жолды жүріп өтті. Сағадат Қожахметұлының ерен ерлігі мен қайсарлығы КСРО-ның, Қазақстан Республикасының және тағы басқа мемлекет-тердің 16 орденімен және
30 медальмен марапатталды.

2020 жылы Павлодар қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі департамент орна-ласқан көшеге батырдың есімі берілді. Ал таяуда өзі туып-өскен Ақмола облысындағы Ақкөл қаласында батырдың ғасырлық тойына орай еңселі ескерткіш ашылды.

 

Өз тілшіміз.