«Ата жолы – ақ бата»

Мам 2, 2025

Жақында мектеп оқушылары арасында Баянауыл сыртқы округінің тұңғыш аға сұлтаны, «Төртуыл» одағының төбе биі Шоң Едігеұлының құрметіне арналған «Ата жолы — ақ бата» атты бата беру байқауы өтті. Байқауға Павлодар қаласының жалпы орта білім беру мектептерінің 8, 9, 10 сыныптар оқушылары қатысты.

Бата беру – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани дәстүрі, тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі. Жаратушы иеге деген сенімінің айқын көрінісі. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанған ислам дінінің бір бөлшегі ретінде жақсы сөзден, жақсы тілектен тұратын сөздерін бата деп атаған. Және оны үнемі күнделікті өмірінде пайдаланған. Ұлттық руханияттың өзегі болған осынау дәстүріміз уақыт өте халқымыздың салт-дәстүріне етене еніп кетті. Бата сайысы «Кереку  билер алқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Мәшһүр Жүсіп» қорының демеушілігімен өтті. Оған атадан тәлім, батадан тағылым алған 31 оқушы қатысып, өз шешендіктерін ортаға салды.

Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыманның айтуынша, сайыс үш кезеңмен өткен. Бірінші – таныстыру, екінші –
бата беру және үшінші – салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беру. Қатысушылардың барлығы жоғары дайындықпен келгенін айтады.  Оқушылар байқауға ҚР Мәдениет қайраткері, Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, республикалық батагөйлер байқауының екі дүркін жеңімпазы Балтабай Сыздықовтың бата жинағы бойынша дайындалған. Ал байқауға Балтабай Сәкенұлының өзі бастаған және Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысы бойынша өкілі, жазушы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Серік Елікбаев, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ертай Жүсіпов, Павлодар облыстық «Ертіс» теле-арнасының директоры Жұмабек Сманов және Қазақстан Журналис- тер одағының мүшесі, айтыскер ақын, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Таңат Ахатов сынды азаматтар төрелік етіп, нағыз жүйріктерін жеңімпаз деп таныды.

Жас баташылар байқауының бас жүлдесін Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Әділхан Сақта-ғанұлы жеңіп алды. Бірінші орынды Қ.Бекқожин атындағы   мектептің 10-сынып оқушысы Әлихан Серіков еншілесе,  екінші орынды №21 орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрқадыл Оңғарұлы қанжығасына байлады. Ал үшінші жүлде №25 мектептің 10-сынып оқушысы Мадияр Амангелдіұлына бұйырды.

Сондай-ақ, байқауға қатысу-шыларға Шоң бидің замандастары,  қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған белгілі тұлғаларға арналған «Ел қамын жеген Едіге би», «Төрелігі тура болған Торайғыр би», «Қара қылды қақ жарған Тайкелтір би», «Дала ғұламасы – Мәшһүр Жүсіп», «Қазып айтқан қаз дауысты Қазыбек би», «Қайраты мен ақылы тең Үкібай би», «Шашасына шаң жұқпаған Шорман би», «Доғал оқты Жанақ әулие», «Ел мұратын жырлаған Көтеш ақын», «Арғынның ақсақалы — Саққұлақ би», «Аталы сөздің алдаспаны – Асаубай би», «Қасиет қонған Қопа шешен», «Көріпкелдік киесі бар Күреңбай сыншы», «Тағдыры елмен тоғысқан Қазанғап би», «Тағасы тастан таймаған Тұлпар Ақтай би», «Орақ ауыз Орманшы Жанды би» атындағы арнайы сыйлықтар берілді.

— Оқушылар арасындағы «Ата жолы – ақ бата» деп аталатын бата беру байқауын қазақтың атақты биі, аса көрнекті тарихи тұлға, Ертіс-Баян өңірінің тарихында өшпестей із қалдырған саясаткер Шоң би Едігеұлының құрметіне арнадық. Шоң би Едігеұлы 1754 жылы қазіргі Баянауыл ауданы Мұрынтал деген жерде туған. Ол Баянауыл сыртқы округінің алғашқы Аға сұлтаны, «Төртуыл» одағының төбе биі. Шоң бидің әкесі Едіге би Төлеубайұлы өз заманыныңда әділ билік құрып, елді аузына қаратқан ақылды, көреген жан болған. Қаймана қазаққа қамқор болғаны үшін ел оны «Етегіне ел сыйдырған Едіге би» немесе «Ел қамын жеген Едіге би» деп әспеттеген. Едіге би әулие адам болған. Жарының бойына бала бітерде түс көріп, оны өзі жориды екен. Және айтқаны айна-қатесіз келетін көрінеді. Шоң би туарда: «Жаңадан бір қара бүркіт ұстадым. Балақ жүні тұғырды жауып кетті. Салмаған аңым, алмаған аңы болмады. Алған аңын қанатымен бүркеп, айыртпайды. Шамасы бұл би болар, үбірлі-шүбірлі боп, өсіп-өнер», — депті. Шынында да Шоң би болып, иісі Сүйіндік елін уысында ұстап, Бес Мейрамға әмірін жүргізді. Төре тұқымымен билікке таласып, қазақта «қарадан шыққан хан атанған» тұңғыш адам. Төреден шыққан адам ғана Аға сұлтан болады деген орыс патшасының ережесін бұздырып, Баянауыл дуанын ашқызып, аға сұлтаны болған. Орта жүздің атақты биі, тарихта өшпестей із қалдырған кемеңгер тұлға, — деді Мейрам Нұғыман.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар осы байқауға демеуші болған руханият жанашырлары – меценат Қайрат Әлімқұлұлы, «Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті Ертай Қуандықұлы, «Крендель» фирма-сының бас директоры Мәдина Тоқжанқызы, меценаттар Қазыбек Ашкенұлы, Рүстембек Төлеутемірұлы секілді азаматтарға алғыс
білдіреді.

Тілеуберді САХАБА.