Ақсу қаласының Проезд-2 көшесіндегі бірнеше жеке меншік жер үй кәріз құдығынан асып-төгілген сасық судың астында қалды. Соның салдарынан, аязды күндері тобығынан су кешкен тұрғындар амалсыздан алыс-жақындағы ағайын-туысын жағалап, жан-жаққа пана іздеп кеткен. Ол аздай, осы қалаға қарасты Пограничник ауылындағы екі бірдей отбасы отқа оранып, үйінен айырылды. Сақылдаған сары аязда далада қалған ауылдықтардың жағдайы да мәз емес. Осылай деп мұңын шаққан жапа шегушілер редакция тілшілерінен көмек сұрап, мәселеге араласуымызды өтінген еді.

Сасық су сарсаңға салды

Ай мен күннің аманында өз баспанасына бас сұға алмай отырған ақсулық тұрғынның бірі Нұргүл Закирова үйіне су кіріп қана қоймай, қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығып кеткенін айтады.

— Үйімізге сырттан арам судың кіргеніне бірнеше күн болды. Бөлмелерден адам айтқысыз сасық иіс шығып кетті. Бұл біз үшін қиындық туғызуда. Олай дейтінім, жеті айлық егіз балам бар. Олармен бірге осындай жерде тұру мүмкін емес. Оның үстіне қазір тұмау жүріп жатыр, бөпелерімнің денсаулығы үшін де қатты алаңдаймын. Сол үшін шарасыздан балаларымды алып, қайын апамның үйін паналаудамын. Басқа амалымыз жоқ, — дейді ол. Ақсулық тұрғындардың айтуынша, аталған жағдайды жауапты мекемелерге айтып, көмек сұрағанмен, мәселе оң шешімін таппаған көрінеді.

— Баспанамызға дәретханадан шыққан лас судың кіріп жатқаны туралы айтып, хабарласпаған жерім жоқ. Күнде «ертеңмен» алдап келеді. Үйдің едені бүлінді. Линолеум де шылқып кеткендіктен алып тастадық. Жыртылып, жарамсыз болып қалды. Тіпті, үй ішіндегі жертөлеге де су толып кетті. Мұндай орында қалай тұрамыз? Балаларды туыстарға жібердік. Жақында анамның жылы болады, соған дайындалып жатыр едім. Енді қиын жағдай орын алды. Не істерімді білмеймін. Көршілерім де зардап шегуде, — дейді өзін Қуандық деп таныстырған Проезд-2 көшесіндегі жер үйдің отағасы. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, шаһардағы лас суға арналған орталықтандырылған құбыр бітеліп қалғандықтан, кәріз құдық-тарынан асып-төгілген сасық су жер үйлерге жайылған. Сөйтіп, бірнеше күннен бері мұндағы ағайыннан түнде ұйқы, күндіз күлкі кеткен. Осы жағдайдан кейін Ақсу қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсемгүл Сәрсембайқызына хабарласып, мәселенің мән-жайын білген едік. Ол орын алған жайтқа тұрғындардың өздері кінәлі екенін алға тартты. Сондай-ақ, қазіргі таңда оқиға орнында жұмыс жүріп жатқанын да мәлімдеді.

— Бұл жерде коммуналдық қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Сол көшедегі құбыр бітеліп қалған. Себебі, тұрғындар кәріз құдықтарына малдың терісін, ішек-қарнын, гигиеналық заттар, киім-кешек, аяқ киім, пластикалық бөтелке, тіпті, құрылыс заттарына дейін тастайды. Соның кесірінен құбыр бітеліп, лас су жер үйлерден шығып жатыр. Оған тұрғындардың өздері тікелей кінәлі. Әкімдіктің еш жазығы жоқ. Қазіргі таңда «Ақсу су арнасы» мекемесінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Көп кешікпей олқылық орнына келеді, — деді Әсемгүл Сәрсембайқызы. Иә, үйді басқан су сорып алынар, бітелген құбыр ашылар, бірақ біраз дүниесі бүлініп, жарамсыз болып қалған жеке меншік жер үй тұрғындары шыққан шығынын өндіріп ала ала ма? Бұл сұраққа жауап берген әкімдік өкілдері жапа шегуші тұрғындарға материалдық көмектің берілетіні немесе берілмейтіні заң бойынша қарастырылатынын алға тартты. Ал қолқаны қапқан жағымсыз иіс көпке дейін қолайсыздық тудырып, неше түрлі жұқпалы ауруларға жол ашпасына кім кепіл? Бұған кім кінәлі?

Екі отбасы үйсіз қалды

Тілсіз жаудың салдарынан Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылындағы екі бірдей отбасы үйсіз қалды. Қақаған қыс ішінде қиындыққа тап болған тұрғындарға ауылдастары мен ағайын-туысы жәрдем беріп, жан-жақтан жылу жинауда. Сондай-ақ, зардап шегушілер «AMANAT» партиясына да жағдайларын айтып, хабарласқан. Партиялықтар қолдан келген көмектерін аямауда. Алайда жергілікті әкімдер осы күнге дейін отқа оранған отбасылардың жағдайын білуге жарамаған көрінеді. Бұл жөнінде облыстық мәслихат депутаты
Асылбек Туғанбай фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында: «Өкінішке қарай, екі бірдей отбасы қиын жағдайға тап болып отырса да, не ауыл әкімі, не Ақсу қаласы әкімінің орынбасары, не әкімнің өзі келмек түгілі, «жағдайларыңыз қалай?» деп сұрауға жарамағаны қынжылтады. Адам тағдырына соншалық бей-жай қарағаны-
мыз ба?!», — деген жазба жариялады. Бұған қарап, ел басына күн туғанда ешкім де енжарлық танытпаса екен дейміз. Аталған жағдайдан соң халық қалаулысы қала әкіміне хабарласып, мән-жайды жеткізгенін, ондағылар мәселені бақылауға алып, көмек көрсететінін айтқанын да мәлімдеді.  Сөйтіп, ауылдық округтер және Ақсу қаласы тұрғындарынан 1 млн теңгеден астам қаражат жиналды.

— Бұған қоса, ауылдық округ әкімдігі тарапынан азық-түлік, басқа да қажетті заттар көмек ретінде берілді. Қазіргі таңда отбасы іргелес көрші үйде тұрып жатыр. Аталған үйдің иесі 7 айға дейін бөліп төлеуге баспанасын берді, — делінген әкімдік ақпаратында. Яғни, қолында қарт ата-анасы мен үш баласы бар Бақытбек Байғабылға ел болып көмек қолын созып, далада қалдырмады. Қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған үш баланың анасы, жалғызбасты Алена Вендельдің отбасына қайырымдылық қаржы жинау науқаны жалғасуда. Бұл отбасы да балаларымен бірге ауылдағы бір азаматтың үйіне орналасқан. Сонымен қатар, жапа шеккен екі шаңыраққа мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек алуға құжаттарын рәсімдеу жөнінде кеңес берілген. «Көп түкірсе — көл» демекші, қысыл-таяң сәтте жанынан табылып, қамқорлығын аямаған ағайынға алғыс білдірген Бақытбек Байғабыл:

— Біздің басымызға түскен сынаққа бей-жай қарамай, көмек көрсеткен барлық ауылдасыма, дос-жараныма, бұрын қызметтес болған теміржолшы әріптестеріме, халқыма айтар алғысым шексіз. «Орнында бар оңалар» деген, ден сау болса бәрі де болады. Бастысы, ата-анам, отбасым аман. Соған сансыз шүкіршілік етемін! — дейді. Айта кетерлігі, кеше Пограничник ауылында болған өрттің себеп-салдары анықталды. Облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 желтоқсан күні сағат 08.27-де ауылда үйдің өртеніп жатқаны жайлы шақырту түскен. Жеке тұрғын үй аумағында үш бөлмелі баспананың 60 шаршы метр алаңында ағаш шатыр құрылымдары өртеніп, жартылай құлаған. Оқиға орнында 2 техника мен 7 өрт сөндіру қызметінің маманы жұмыс істеп, тілсіз жау сағат 09.29-да жойылған. Сондай-ақ, осы ауылда бұған дейін, яғни 10 желтоқсанда сағат 14.16-да өрт шыққаны туралы шақырту тіркелген. Екі пәтерлі кірпіштен салынған тұрғын үйдің үш бөлмелі пәтерінде ағаш шатыр құрылымдары, қазандықта жалпы ауданы 45 шаршы метр аумақта үй заттары жанған. Оған 4 техника мен 9 қызметкер жұмылдырылып, сағат 16.02-де өрт сөндірілген. Сонымен, бірінші жағдай бойынша өрттің шығуына электр желілері, екіншісінде жылыту пешін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған.

Сарыарқаның сақылдаған сары аязында ақсулық ағайынды сарсаңға салған сасық су тартылып, орын алған мәселе оңынан шешіледі деген үміттеміз.  Қыстың көзі қырауда үйі өртеніп, жалғыз баспанасынан айырылған отбасыларға да тұрғын үй беріледі деген сенім бар. Тұрғындарды толғандырған бұл жағдай әрдайым біздің назарымызда болмақ.

Нұржайна ШОДЫР.