2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындауға құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Жалпы, биыл енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына қатысты оқырман тарапынан көптеген сауал келіп түсті. Ұлт жоспарында әлеуметтік көмекті оның сипатын күшейте отырып оңтайландыру тапсырылғандықтан, енді әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Осы орайда мемлекеттік көмек жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповаға бірнеше сұрақты қойған едік.

— Альмира Аманқызы, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізі-луімен не өзгереді?

– Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына бел-сенді қатысқанда ғана берілетін болады. Енді АӘК, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, 4 және одан да көп 18 жасқа дейінгі көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріктіріледі. Жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасылармен әлеуметтік келісімшарт жасалып, еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысу шарты қойылмақ.

— Жаңа жүйеге көшуден қандай нәтижелер күтіледі? Оның қолданыстағы әлеу-меттік көмектерден айырма-шылығы неде?

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек кешенді болып, 3 түрлі мемлекеттік қолдауды біріктіріп отыр. Олар – атаулы әлеуметтік көмек төлемі, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, оқуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу, мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру.

Сондай-ақ, жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру, мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедей-шілік шегінен шығаруды кешенді түрде қарастырады. 2024 жыл-
дың 1 тоқсанына кедейлік шегі 33 557 теңгені құрады.

— Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады?

– Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамдардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес. Ал шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы керек.

— АӘК тағайындауға өтінімді қалай, қайда беруге болады?

— Қазіргі уақытта азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ, «egov.kz» электрондық үкімет порталы арқылы бере алады. Өтініш берушінің өзімен бірге электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет. Сондай-ақ, проактив арқылы (SMS 1414-ке жауап беру) өтініш беруге болады. Егер қосымша сұрақтарыңыз туындаса, Павлодар қаласы Академик Бектұров көшесі, 115 мекенжайы бойынша орналасқан Павлодар қаласының Мансап орталығына жүгінуге болады. Айта кетейік, 2023 жылда АӘК облыс бойынша 7768 адам алды.

— Ақпаратыңызға рақмет.

 

Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.