Міне, ағымдағы оқу жылының аяқталуына да санаулы күн қалды. Бастауыш сыныптар мен орта буындағы оқушылар жазғы демалысты тағатсыздана күтіп, асыр салып ойнауға асығуда. Ал жоғары сыныптағы шәкірттердің көбі ересектерден қалыспай еңбек етіп, табыс табуға талпынуда. Осындай еңбекқор балалар мен жасөспірімдерді жазғы демалыс кезеңінде жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілмек? Олар қандай жұмыс істей алады? Осы және басқа да сұрақтарымызға облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Ботагөз Қазыбекқызы Нұрғалиева жауап береді.

— Ботагөз Қазыбекқызы, жазғы демалыс кезеңінде облыс оқушыларын жұмыспен қамтуға бағытталған іс-шаралар барысы жөнінде айтып берсеңіз…

— Иә, жазғы каникул уақытында жоғары сынып оқушылары мен студенттердің еңбекпен қамтылуын үйлестіру тәрбиелік мән-маңызы зор іс-шаралардың бірі болып табылады. Сол себепті білім беру басқармасы арнайы жоспар құрып, осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына айрықша назар аударуда. Сондай-ақ, аталған мәселеге байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен білім беру басқармалары тарапынан да жаз мезгілінде қазақстандық балалар мен жасөспірімдерді жұмыспен қамту бойынша кеңестер және түрлі түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, қоғамдық кеңес мүшелері де еңбек етуге жарайтын жөсөспірімдер үшін қосымша жұмыс орындарын құру ісіне белсенді араласып, барынша қолдау көрсетуде. Демек, биыл жазғы демалысын құр босқа өткізбей, өз маңдай терімен нәпақа тапқысы келетін балаларға жан-жақты мүмкіндік берілетін болады.

— Жасөспірімдер қандай жұмыстарға тартылады?

— Жазғы демалыс уақытында еңбек еткісі келетін балалар біліктілікті қажет етпейтін және қауіпсіз жұмыстарға тартылады. Мәселен, кәсіпорындардың аумағындағы ағаш көшеттерін күту, арам шөптерден арылту, пластиктен жасалған заттарды сұрыптау, аулаларды абаттандыру, басқа да жеңіл-желпі жұмыс істейді. Осы мақсатта еңбек етуге ынталы балалар үшін арнайы жасақтар, мектеп орманшылығы, абаттандыру және көгалдандыру бригадалары құрылып, қызмет көрсетеді.

Атап өтерлігі, оқушылардың қоршаған ортаны, табиғатты жан-жақты танып-білуіне басымдық беріледі. Осыған орай балаларға экологиялық тәрбие беруге бағытталған мектеп орманшылықтарының қызметін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда. Жаз айларында шәкірттер көшеттерді отырғызумен айналысып, орман дақылдарына күтім жасайды. Сонымен қатар, экологиялық десанттар мен табиғатты қорғау шараларын ұйымдастырады. Бұл ретте, Аққулы мен Шарбақты аудандарындағы «Ертіс орманы» резерватында еңбекқор балаларға мол мүмкіндік берілетінін айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы өңірімізде «Жасыл ел» жобасы бойынша 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымынан 528 студент қамтылған. Ал ағымдағы жылы осы мақсатқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 64,8 млн теңге бөлініп, еңбек жасақтарын құру жұмыстары жалғасуда.

— Биыл облыс бойынша қанша оқушы еңбекпен қамтылады деп жоспарлануда?

— Аймағымызға қарасты қалалар мен аудандардың мәліметтері бойынша аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру отрядтарында жазғы демалыс айларында бюджет қаражаты есебінен 2 430 жоғары сынып оқушысын жұмыспен қамту жоспарлануда.

Ескере кететін жайт, бірінші кезекте әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған топтардың балаларына басымдық беріледі.

— Балалар мен жасөспірім-дердің еңбек етуіне қатысты қандай да бір шектеулер бар ма?

— Әрине, елімізде кішкентай балалардың еңбегін пайдалануға тыйым салынған. Бірақ еңбек туралы заңға сәйкес 14 жастан асқан балаларға ғана оқудан тыс уақытта қысқартылған сағат саны бойынша зиянсыз жұмыс істеуге рұқсат етілген. Осы талаптың қатаң сақталуы біздің бақылауымызда болады. Сонымен, қолданыстағы заң бойынша 14 жастан бастап жасөспірімдер күніне 4 сағат, аптасына 24 сағат жұмыс істеуге құқылы. Ал 16 жастан 18 жасқа дейінгілер күніне 6 сағат, аптасына 36 сағат жұмыс істей алады.

Жалпы, кәмелет жасына толмаған оқушылар үшін еңбек маусымы 15 күнді құрайды. Балалардың қауіпсіздігін қатамасыз ету мақсатында әр оқушыға нұсқаулық беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

— Облыс оқушылары бұған дейінгі жылдары кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында жұмыс істеуге мүмкіндік алғанын білеміз. Биыл бұл іс жалғасын таба ма?

— Аймағымызда жасөспірімдердің еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша оң тәжірибе қалыптасқан. Бұған кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының қосқан үлесі зор. Мәселен, өткен жазда өңірдегі шаруа қожалықтарында және кәсіпорындарда 2 591 жұмыс орны құрылды. Айталық, бір ғана Ақсу қаласына қарасты 11 шаруа қожалығында 140 бала жұмыс істеп, әрқайсысы 1 айда орта есеппен 80 мың теңге көлемінде жалақы алды.

Міне, мұндай жұмыстар, яғни білім беру мекемелері мен шаруа қожалықтары және кәсіпорындар арасындағы серіктестік биыл да жалғасатын болады. Осы жылы да облыстағы бірқатар кәсіпорын мен серіктестіктер, шаруа қожалықтары мектеп оқушыларына жұмыс ұсынып отыр.

Жалпы, жұмыс істегісі келетін жоғары сынып оқушыларына қолдау көрсетуге әркез әзірміз. Білім беру бөлімдері тарапынан жасөспірімдерге толық жұмыс орындарын құру мәселелері бойынша кәсіпорындардың атына хаттар жіберілген болатын. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 1 542 қосымша жұмыс орнын құру жоспарлануда.

— Әңгімеңізге рақмет!

Нұржайна ШОДЫР.