Павлодар тұрғындары жылдағы дәстүр бойынша «Құлагер» ипподромында құрбандық шалады. Ал бірінші күні орталық Мәшһүр Жүсіп мешіттің ауласында мерекелік шара өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар обысы бойынша өкілі Жолдас Қоспқұлы журналистерге арналған баспасөз конференциясында айтты.

Бас имамның сөзінше, Құрбан айт биыл 16 маусым күні басталып, 17, 18 маусым күндері жалғасады. Павлодар облысы бойынша барлық мешіттерде Айт намазы 16 маусым күні таңғы сағат 06:00-де оқылады. Айт намазы оқылып болған соң ниет етіп, құрбандықты шала беруіне болады. Құрбандық шалу офлайн және онлайн форматтарда жүргізіледі. Яғни, ипподромға келуге мүмкіндігі болмаған азаматтар «QURBAN2024.KZ» сайты арқылы қойға, ешкіге немесе ірі қара малға тапсырыс беруіне болады. Тапсырыс орындалған соң есебін де жібереді. Сонымен қатар, аталған сайт арқылы мұқтаж отбасылар да тіркеліп, ет алуға өтініш беруге мүмкіндік бар.

– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажа Тағанұлы Құрбан айт мерекесіне арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан құрметіне малдың бағасын көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайына оңтайлы баға тоқтатуға шақырды. Біз де өңір кәсіпкерлеріне осыны ерекше ескертеміз, – деді Жолдас Қоспақұлы.

 Тілеуберді САХАБА.