Осы сенбіде ел жұртшылығы Астана күнін тойлайды. Астана – Отанымыздың жүрегі, Еуропа мен Азияның есігі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресіндегі толайым табыстардың бірі. Өйткені, Астана – мемлекет болғанымыздың, ұлтымыздың жасампаздық рухы мен әлеуетінің, ерік-жігерінің айшығы. Бүгінде Астана күллі қазақ баласын біріктірген ұлы ордаға айналды. Талай жанға бақытты мекен болуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар оқуға түсіп, жұмыс тапты. Талай ел жанашырлары Елордаға қоныс аударып, шаһардың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуда. Астанада еліміздің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген маман иелері көп. Бағаналы орда талай отбасыға бақ сыйлап отыр. Жалпы, елорданың мән-маңызы қандай? Астана қандай қала? Мереке қарсаңында Астанада білім алып, еңбек етіп, арнайы көшіп барған жерлестерімізге осы сауалды тастадық.

 

Маңызды шешімдердің қаласы

 

Ажар САҒАНДЫҚОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Басқа елдердің астаналарымен салыстырғанда Қазақстанның Астанасы – жас қала.  Шаһардың өзіндік ерекше стилі бар. Елордада өмір сүріп дәстүріміздің қазіргі заман талабына сай бейімделіп жатқанын көру  қызық. Астананың күш-қуаты артып, саясат, білім және мәдениет салалары бойынша әлемнің ең ірі орталықтарына айналатынына сенемін. Астана Қазақстанның бас қаласы ретінде еліміздің дамуында шешуші рөл атқарады. Маңызды басты құжаттар осы қалада қабылданады. Мен өз қызметімде  әрқашан азаматтарымыздың мүдделері мен қажеттіліктерін басты назарда ұстаймын. Біз қаламыздың заманауи бизнес пен мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар, оның барлық тұрғыны үшін жайлы өмір сүру орнына айналуына атсалысуға тырысамыз. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруда инфрақұрылымды және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын  инвестициялауды жалғастыру маңызды. Біз экологиялық тұрақты жобаларды әзірлеуді және халықтың барлық топтары үшін еңбек жағдайларын жақсартуды қолдаймыз. Сондай-ақ, қаланың мәдени мұрасын қолдауды жалғастыру, халықаралық байланыстарды және бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шараларға қатысу маңызды.

Ендеше, биік мақсаттарға ұмтылған Астананың абыройы асқақтай берсін! Елдігіміз ерен, елордамыз еңселі болсын!

Қарияға құшақ жайған Астана

Назымбек ДҮКЕНБАЙ, сазгер:

– Астана – болашаққа сеніммен қадам басқан Тәуелсіз елдің басты ордасы. Орта Азия ғана емес, Еуразия құрлығының әсем шаһарына айналған. Бүгінде әлемдік саясатта орны бар қала. Ерке Есілдің жағасындағы Елордамыз көз алдымызда гүлденіп, дамып келеді. Шағын аудандар ашылып, халық саны 1,5 миллионнан асты. Биік ғимараттардың архитектурасына көз тоймайды. «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешені, «ЭКСПО» көрме кешені, «Хан Шатыр» ойын-сауық, сауда-саттық орталығы – отбасымызбен бірге демалатын сүйікті орындар. Есіл өзені қаланы оң және сол жағалауға бөліп тұр. Көшелердің атауы өзгеріп, қала тазалығына ерекше мән берілуде. Жалпы, Астана жастардың, болашақтың қаласы деп жиі айтылады. Бірақ Елорда біз сияқты егде жастағы адамдардың да ордасы болып отыр. Жұбайым екеуіміз Астанаға қоныс аудару арқылы жаңа өмір бастадық. Әсем қалада балаларымыз бен немерелерімізді қызықтап келеміз. Астана маған шабыт сыйлайды. Саябақтарда серуендеп, таза ауамен тыныстаудың өзі ғажап. Мұндағы қариялар театрларға, мәдени шараларға, концерттерге жиі барады. Халықаралық деңгейдегі шаралардан да қалмайды. Бұл шаһарда егде жастағы адамдар серуендеп, демалатын орын көп. Есіл өзенінде қыдырудың өзі жанға рахат сыйлайды. Яғни, шаһар жастарға ғана емес,  қарияларға да жағдай жасап отыр. Күллі Алаштың мақтанышына айналған бағаналы орданы айтулы күнімен құттықтаймын!

 

Жастарға арман сыйлаған орда

Әдемі КӘУКЕН, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті:

– Армансыз адам болмайды. Менің арманым Астанамен тікелей байланысты. Біз кішкентайымыздан Астананың қалыптасу тарихын теледидардан көріп өстік. Бала күнімнен Елордада білім алып, келешегімді осы қаламен байланыстыруды мақсат еттім. Сондықтан мен үшін Астана – армандардың қаласы. Елорда мені бір көргеннен баурап алды. Ауылдан арман қуып, студент атанғаныма екі жыл ғана болды. Астана студенттік кезімнің куәсі екеніне қуанамын.   Бас қалаға келу арқылы жаңа ортамен, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен араласуға мүмкіндік алдым. 2 жылдың ішінде Астанаға тез үйрендім. Елордада жастардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Университет заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Астанадағы кітапханалардың қызметі шетелдегіден кем емес. Бәрі автоматтандырылған жүйе негізінде қызмет көрсетеді. Университетте өзге мемлекеттен келген білімді мамандардың дәрісіне жиі қатысып, білімімізді шыңдаймыз. Астанадағы әр таңым университет қабырғасында білім алудан басталады. Оқудан босаған уақытта  «Хан-Шатыр,» «Керуен», «Мега» сынды ойын-сауық және сауда-саттық орындарына барғанды ұнатамын. Болашақта осы шаһарда қалғым келеді. Оқуымды аяқтап, еңбек жолым елордадан басталғанын қалаймын. Астанада шетелде білім алу үшін де бар мүмкіндік қарастырылған. Ағылшын тілін оқытатын курстар әр көшенің бұрышында орналасқан. Қазіргі жастар үш тілде еркін сөйлейді. Орта жастағы мамандардың өзі ағылшын тілін жетік меңгерген. Болашақта осы қалада қалып, еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткім келеді.

 

Сауалнаманы жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.