Болжам бұрыс болмайды

Нау 7, 2025

Қазақ халқы ерте заманнан-ақ ауа райын табиғат құбылыстары мен жан-жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап болжағаны белгілі. Қазір бұл жауапты міндет арнайы сала мамандарына жүктелген. Осы ретте, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Павлодар облыстық филиалының метеоболжам бөлімі басшысының міндетін атқарушы Оксана Овсянникованы әңгімеге тарттық. Ауа райы қалай болжанады? Биыл көктемгі қарғын судан қауіп бар ма? Осы және өзге де сұрақтарды тарқаттық.

— Оксана Борисовна, әңгімеміздің әлқиссасын ауа райы болжамының жасалу жолдарынан бастасақ. Ертең немесе бір апта, он күннен кейін қандай ауа райы болатынын қалай болжайсыздар?

— Бір күндік температуралық көрсеткішті анықтау үшін де көптеген деректерді електен өткізіп, саралап, есептеуге тура келеді. Ауа райы болжамы синоптикалық ауа райы карталарын өңдеу мен талдау нәтижелері бойынша жасалады. Бұл – түрлі сандар мен белгілер түрінде көрсетілетін географиялық карталар. Олар белгілі бір уақыттағы метеостанциялар жүргізген бақылау нәтижелері есебінен түзіледі. Сондай-ақ, ауа райын болжауда атмосфераның биіктік бойынша зондтау нәтижелері негізінде жасалатын барикалық топография карталары қолданылады. Бұл карталар жердегі және әртүрлі биіктіктегі атмосфера жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, синоптик осы карталардан негізгі метеорологиялық көрсеткаіштердің, оның ішінде, температура, атмосфералық қысым, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы, бұлттылық, жел  және басқа деректердің сипаттамаларын, циклондар, антициклондар және атмосфералық фронттардың орналасуын көре алады.

— Әдетте ақпарат құралдары, қолымыздағы гаджеттерден алдағы уақыттағы ауа райы болжамын бағамдап жүреміз. Бірақ әр сандық көрсеткіштің артында қаншалықты күрделі жұмыс тұрғанын ойланбайды екенбіз…

— Жоғарыда атап өткендерім негізгі жұмыстардың бір парасы ғана. Тұрғындарға нақты көрсеткіштерді жеткізу үшін болжамдық карталар, жерсеріктік суреттер, әртүрлі сандық әдістер қолданылады. Атмосфераның компьютерлік математикалық модельдерін де негізге аламыз. Ал олар гидродинамика теңдеулері жүйесі мен қазіргі ауа райы мәліметтері негізінде құрылады. Алдағы ауа райы жағдайы туралы нақты көрініс алу үшін кезекші синоптик өткен күннің ауа райы карталарын да бақылауы қажет.

— Ауа райы болжамдары қандай жиілікпен жасалады?

— Күн сайын үш тәулікке арналған ауа райы болжамы бар метеорологиялық бюллетень шығарылады. Сонымен қатар, әр айдың 5-і күні ұзақ мерзімді болжамдар жасалады. Ал 15-і күндері айлық болжам шығарылады. Бұл болжамдар қысқа мерзімді (онкүндік, апта) болжамдармен нақтыланады. Сондай-ақ, қыс, көктем, жаз, күз мезгілдеріне арналған маусымдық болжамдар жасалады.

— Синоптиктердің есептеп шығарған сандары мен нақты ауа райы көрсеткіштерінің сәйкестігі қандай деңгейде? Ара-тұра болжамдардың сәл ауытқитынын байқаймыз.

—    Әрине, 100 пайыздық дәлдікпен анықтау қиын. Алдағы 5 күнге арналған болжамның дәлдігі шамамен 90 пайызды, 7 күнге – 80 пайызды, ал 10 күнге – шамамен 50 пайызды құрайды. Ең дәл болжамдар – ең қысқа мерзімге жасалған ауа райы болжамдары.

Болжам толықтай орындалмай қалатын жағдай болмайды. Бірақ оның кейбір бөліктері күткендегі көрсеткіштерден ауытқуы мүмкін. Әсіресе күрделі ауа райы жағдайларында кездеседі. 2024 жылы Павлодар облысы бойынша бір тәулікке арналған ауа райы болжамының орташа дәлдігі 96 пайыз болды.

— Биыл қыс жылы болды. Оның себебі неде?

— Ауа райы жағдайлары атмосфералық циркуляцияға, яғни синоптикалық үдерістерге байланысты. Биыл қыс мезгілінің көп бөлігінде ауа райына Атлантикалық ауа массалары әсер етті.

Қарашаның соңынан бастап Атлантикадан өте жылы ауа массалары үздіксіз жылжып келеді. Атлант мұхитының беткі температурасы өте жоғары, бұл ауаның да айтарлықтай жылы болуына себепші. Дәл осы ауа массалары биылғы қыстың жылы өтуіне ықпал етуде. Расымен, қыс «еркелетіп» тұр. Әдетте, еліміздің солтүстігінде қыс қатты болатын еді.

— Павлодар облысында ең суық қыс қай жылдары болып еді?

— Өткенге көз жүгіртсек, облысымызда ең суық қыс 1969 жылы тіркелген екен. Онда аймақ бойынша температура 41-49 градусқа дейін төмендеген. Сол жылы ақпан айында орташа деңгейде алғанда, аяз 40-47 градус шамасында сақталған. Наурыз айының өзінде ауа температурасы 31-37 градусқа төмендепті.

— Былтыр еліміз, соның ішінде біздің де аймағымыз қарғын судан жапа шекті. Биылға қауіп бар ма?

— Қарғын судың қаупі жыл сайын сақталады. Себебі ол су айдындары, яғни көлдердегі, су қоймаларындағы, тоғандардағы және өзен, канал, жылғалардағы су деңгейінің көтерілуімен қатар жүруі мүмкін. Бұл деңгей кейбір елді мекендер мен шаруашылық нысандары үшін аса қауіпті  шектерден асып кетуі мүмкін.

Биыл, Павлодар облысының көп бөлігінде суық маусымда жауған жауын-шашын мөлшері нормадан 5-20 пайыз жоғары болды. Бірақ, өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда орта есеппен екі есеге төмен. Яғни, қауіп соншалықты жоғары деп айта алмаймыз.

— Көктемгі су тасқынының алдын алуда «Қазгидромет» мекемесіне қандай міндет жүктеледі?

— Су тасқыны қаупі жоғары маусым басталар алдында және оның бүкіл кезеңінде біз ауа райы жағдайын, облыс және оған шекаралас өңірлердегі мұз жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстаймыз. Гидрологиялық бекеттер Ертіс өзеніндегі су деңгейі мен ағынын жиі бақылау режиміне көшеді. Қажет болған жағдайда дауылды ескертулер жарияланады.

Қардың деңгейін өлшеу жұмыстары жиі жүргізіледі. Соның ішінде, төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлескен рейдтерге шығамыз. Осы шаралардың арқасында жергілікті атқарушы және төтенше қызмет органдары, басқа да жауапты мекемелер болжамдық ақпаратпен қамтамасыз етіледі.

— Апта соңында көктемнің алғашқы айы —  наурызға аяқ басамыз. Алдағы айда ауа райы қандай болмақ?

— Жыл сайын наурыз айында ауа райы тұрақсыз болады. Ол синоптикалық үдерістердің жиі өзгеруімен байланысты. Сондықтан температураның күрт ауытқуы мен жауын-шашынның жиі түсуі бұл айға тән құбылыс. Биыл да ауа райы осы «дәстүрінен» жаңылмайды.

Наурыз айында ауа температурасының айлық орташа мәні -3…-6°С шамасында болады деп күтілуде. Бұл қалыпты деңгейден 2°С жоғары. Облыс аумағында наурыз айында жауын-шашын мөлшері де шамадан жоғары болады деп болжануда.

Ай бойы жиі жауын-шашын, қар аралас жаңбыр жауады деп болжануда. Желдің секундына 15-20 метрге дейін күшеюі күтіледі. Наурыздың бірінші онкүндігінің басы мен соңында, сондай-ақ үшінші онкүндігінің басы мен ортасында тұман, қар жауу ықтималдығы бар. Сондай-ақ, тұрғындарды көктайғақтан сақтануға шақырамыз.Жалпы, көктемгі кезеңге ауа температурасы нормадан жоғары болжануда.

— Сұхбатыңызға рақмет!

— Сіздерге де рақмет. Көктеміміз құлпырып, жазымыз жайдарлы өтсін. Ашық күндер көп болсын.

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.