Намаз оқу

Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Намазды жамағатпен оқыған және өткізіп алған намаздардың орнын толтырған дұрыс. Әнас бин Мәлик (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Ражаб айында ерекше бір түн бар. Ол – айдың 27-түні. Бұл түні құлшылық еткен адамның алар сауабы 100 жыл құлшылық қылған адамның алатын сауабымен тең. Кімде-кім 12 рәкат намаз оқып, Фатихадан соң бір сүре оқып, әрбір екінші рәкаттан соң сәлем беріп, 100 рет мына дұғаны: «субханаллаһ, уәлхамдулиллах уә лә иләһә иллә Алла, аллаху әкбар» деп оқып, 100 рет «астағфирулла» деп, соңынан: «ассаләту уәс сәләму әлләйкә йә Расуллаллаһ» деп салауат айтып, өмірі мен жұмысына береке сұрап, сол күні күндіз ораза тұтса, Алла оның күнәларын кешіреді» (Байһақи, шұғаб, сиям: 3811; 3/374).

Ораза ұстау

«Ражабтың 27-нші күнінде ораза ұстаған адамға 60 жылдық ораза сауабы беріледі» делінген. (И.Ғазали, Әбу Муса әл Мәдәни) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көптеп салауат айту. Исра мен Миғраж оқиғасы Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) басына келген түрлі ауырт-
палықтардан кейінгі Алланың сүйікті елшісіне (c.ғ.с.) жасаған сыйлығы болды. Бұл оқиға Пайғам-бардың мұңын кетіріп, қайғысын сейілтті. Осылайша, бүкіл жер бетіндегі есіктер алдында қақ жабылса да, аспанның есіктері (с.ғ.с.) үшін әрдайым ашық болатынын көрсетті. Ендеше бұл түні Пайғамбарымызға салауат айтуды ұмытпаңыз.

Құран оқу

«Құлын бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Әл-харам мешітінен айналасын берекелі еткен Әл-Ақса мешітіне Исра жасатқан Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк» («Исра» сүресі, 1 аят), – деген. Сондай-ақ, хадисте: «Қай уақытта болмасын, адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, онда Алланың кітабын оқыса, оларға әлбетте тыныштық түседі (орнайды), сондай-ақ оларды мейірім орап, жан-жақтарынан періштелер қоршайды. Алла оларды өзінің алдарындағылардың ішінде еске алады» делінген.

                              Түйін:

 

Бұл түннің қасиеті мен маңыздылығы жайлы жақындарға, достар мен балаларыңызға айту артық етпейді. Барлық ғибадатты, дұғаларды шын ниетпен, ықыласпен орындасаңыз, Алла тағаланың сізге сыйлар сауабы да ұшан-теңіз болары анық.

 

Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.