Елордада «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Алқалы жиынға павлодарлық халық қалаулылары да қатысып, алдағы жұмысының бағыттарын нақтылап алды.

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде: «Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады», деді.

Партия төрағасы аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы тиіс екенін, сайлауалды уәделерді орындау осыған келіп тірелетінін ерекше атап өтті.

Жиында сөз алған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асыру Үкімет жұмысының негізі екенін айтты. Сондай-ақ, Үкімет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінетініне тоқталды.

– Жоба 7 жылда 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Бұған 1 трлн теңге қарастырылды. Агроөнеркәсіптік кешенде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда. Көктемгі егіс және орақ науқанын жеңілдікпен несиелендіру көлемі биыл 140 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру мөлшері 145 млрд теңгеге жетті, – деді Үкімет басшысы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамдық сана өзгермей, мемлекет пен қоғамның жаңа сапасы қалыптаспайды деп есептейді. Ол президенттік реформалардың мәні негізгі саяси институттарды нығайту екенін атап өтті.

– Ең басты міндет – реформаларды жүзеге асыру ғана емес, оларды бүкіл қоғам болып жүргізу. Сондықтан, саяси жаңғырту бағдарламасын іске асыру Конституцияға өзгерістер енгізуді талап еткен кезде Президент жалпыұлттық референдум өткізу жөнінде бастама көтерді. Референдум нәтижесі қоғамдық топтасудың сапалы жаңа деңгейге шыққанын айғақтады. Мұны президенттік және парламенттік сайлау қорытындысы да растады, – деді ол.

Жиынға қатысқан Баянауыл аудандық мәслихатының депутаты Гүлмира Олжатай форумнан алған әсерімен бөлісті.

– «AMANAT» партиясы кез келген қиындықта бірінші болып халыққа қол ұшын созады. Бұл ретте, депутаттар билік пен халық арасында көпір болып, азаматтардың мүдделерін қорғауы және қордаланған мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс. Форумда түрлі мәселелер көтерілді. Біз, баянауылдық депутаттар, өз тарапымыздан экология проблемасын алға тарттық. Әсіресе, эколог мамандардың тапшылығын атап өттік. Жалпы, форумнан алған әсеріміз жақсы. Мақсатымыз айқын. Жұмысымызды тағы бір мәрте нақтылап алдық. Халық игілігі үшін қызмет етуге дайынбыз! – деді Г.Олжатай.

Оралхан ҚОЖАНОВ