Қазақстан – жүздеген этнос пен оннан астам дін өкілін құшағына сыйдырып, бауырына басқан зайырлы мемлекет. Діндер арасындағы татулық пен тұрақтылық – еліміздің экономикасы мен әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Ендеше, елімізде және облыста діни тұрақтылық пен татулықты сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де мәселелер жөнінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовпен әңгімелескен едік.

– Балтабай Мәданиұлы, облыста қанша діни бірлестік бар және соңғы жылдары конфессионалдық құрылымда өзгерістер орын алды ма?

– Қазақстан – ұлтаралық келісімді сақтай отырып, өзге дін өкілдеріне де айрықша құрмет пен сыйластық танытып отырған зайырлы елдердің бірі. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде әртүрлі конфессиялардың көптеп шоғырланғаны анық. Алайда, қандай да бір ауқымды шиеленістер орын алған жоқ. Бұл өз кезегінде мемлекеттің ұстанған негізгі саясаты мен халықтың толеранттылығының дәлелі деп білеміз. Дін саласындағы қазіргі жағдайды сипаттай келе, өңірдің конфессионалдық құрылымында айтарлықтай күрделі өзгерістер орын алмағандығын атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта облыста 13 түрлі діни конфессия бар. Оларға қарасты тіркелген діни бірлестіктердің жалпы саны – 165. Мәселен, 107 мұсылман мешіті, 25 православ, 8 католик, 1 Евангелия-Лютеран шіркеуі,
3 Евангелия Христиан-баптистері, 2 әдістемелік, 5 елулік шіркеу, 4 Жетінші күннің адвентистері, 1 жаңа апостол шіркеуі, 3 Ехоба куәгерлері, 1 Иудаизм, 1 Кришна санасы, 3 пресвитериандық шіркеуі бар. Осы діни қауымдастықтардың қарамағында 149 ғибадат үйі жұмыс істейді.

–  Өңірімізде өзге елден келіп, өз діндерін насихаттап жүрген миссионерлер бар ма?

– Иә, мұндай насихаттаушылар бар. Бірақ олар міндетті түрде тіркеуден өтуі керек. Басқарма жұмысының функционалдық қызметінің бір бағыты – діни миссионерлерді тіркеу. Қазіргі уақытта облыста ресми тіркелген 14 миссионер қызмет етеді. Яғни, олар – шеттен келіп дін таратушы адамдар. Миссионерлер қатарында Словакия, Польша, АҚШ, Аустрия, Украина, Үндістан, Сингапур және Бангладеш азаматтары бар. Миссионерлердің барлығы дерлік – католик шіркеуінің өкілдері.

–  Өңірде діни тұрақты-лықты, конфессияаралық келісімді сақтау бағытында қандай  жұмыстар  атқарылуда?

– Павлодар облысы дін істері басқармасының негізгі міндеті -дінаралық тұрақтылықты сақтау және әртүрлі конфессиялар арасында қандай да бір түсініспеушіліктің алдын алу. Осы бағытта конфессияларға қарасты діни бірлестік басшыларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрақты жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ, діни жағдай мен діни бірлестіктер қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл процеске 2015 жылы құрылған діни бірлестік басшыларының клубы тұрақты араласып, өз үлесін қосып келеді. Ол клуб құрамында барлық конфессионалдық топтардың рухани жетекшілері бар. Клуб қызметінің жоспарына сәйкес әртүрлі форматтағы диалогтық кездесулер, бірлескен сенбіліктер, мәдени-ағартушылық және спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Одан өзге қоғамның өзекті мәселелері де талқыланады. Ағымдағы жылғы 21 маусымда Клубтың кезекті отырысы Павлодар қаласының «Иисус Христос» шіркеуінде өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: интернет-алаяқтықтың алдын алу, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және екінші мәселе – борышкерлерден алимент өндіруге көмек көрсету.

Сонымен қатар, 2015 жылдан бері жыл сайын 18 қазанда аталып өтілетін Рухани келісім күні қарсаңында діни бірлестіктердің шығармашылық фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Алайда пандемия кезінде бұл үрдіс уақытша тоқтаған еді. Енді биылдан бастап шығармашылық фестивальді өткізуді қайта жандандырмақ ойымыз бар.

–  Біздің өңірде бүгінде қанша мұсылман мешіті жұмыс істеп тұр?

– Жоғарыда атап өткендей, өңірде 107 мешіт бар. Қазіргі таңда облыс аумағында тағы 13 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Әрине, мешітті салуға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Халықтың, кәсіпкерлердің, демеуші-лердің бастамасымен салынады. Өткен жылы Ақтоғай ауданы Өтес ауылында, Аққулы ауданының Шақа ауылында, Ертіс ауданының Қызылжар және Үлгілі ауылдарында мешіттер салынып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Кенжекөл ауылында ескі мешіттің орнына жаңа мешіт ашылды. Облыс аумағында мешіттерден бөлек 12 намазхана халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Намазхана ашқан кезде Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының нормаларын сақтау керек.

– Егер жеке нысандарда ашылған намазханалар талапқа сай болмаса қандай шара қолданылады?

– Қазір алкогольді ішімдіктер сатылмайтын және құйылмайтын дәмханалар тарапынан намаз оқитын бөлме ашу ұсынысы жиі түсіп жатады. Оларға талаптар бойынша тиісті түсініктеме берілуде. Егер ресми рұқсаты болмаған жағдайда Әкімшілік-құқықтық Кодекстің 490-бабы бойынша мекеме иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Нақтылап айтсақ, жеке тұлғаларға 50, заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, 3 айға дейін кәсібі тоқтатылады.

– Ал басқа дін өкілдеріне арналған құлшылық орындары бар ма? Оларға қандай талаптар қойылған?

– Конституция бойынша, біз – зайырлы мемлекетпіз. Ел азаматтарының діни сенімі мен ғибадат құлшылық жасауына ешқандай шектеу жоқ. Яғни, жоғарыда атап өткен талаптар өзге діндерге де қатысты. Мешіттер мен шіркеулерден басқа құлшылық ететін орындар жөнінде айтар болсақ, протестанттық бағытындағы 3 «Приход» бар. Оның екеуі Павлодар қаласында, біреуі Ақсу қаласында орналасқан.

– Енді басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тоқталсаңыз…

– Біз дін саласындағы  мемлекеттік қызметтерді көрсе-теміз. Атап айтқанда, оның
4 түрі ұсынылады:

  1. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу;
  2. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың орналасуын бекіту туралы шешім беру;
  3. Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасқан жерін айқындау туралы шешім беру;
  4. Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлеріне (ғимараттарына) қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру.

Басқарма тарапынан өткен жылы 23 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, осы жылдың 2-тоқсан қорытын-
дысы бойынша 7 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың барлығы «Е-лицензиялау» жүйесінде жүзеге асырылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.