Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Яғни, әрбір істі сол саланың білікті маманы жүргізгені дұрыс. Сол секілді ел ішіндегі діни рәсімдерді де арнаулы білімі бар дін қызметкерлері жүргізуі керек. Діни мекемелерді сапалы маманмен қамту бағытында Павлодар қаласының «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі үлкен жұмыс атқарып келеді. Ашылғанына 15 жылдан асқан мекемеден осы уақыт ішінде 200-ден астам түлек бітіріп, кәсіби дін қызметкері ретінде диплом алды. Олар бүгінде еліміздің әр өңіріндегі мешіттерде жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осы тұста аталған медресе-колледжінің директоры Арман Қайыргелдіні әңгімеге тартып, мекеменің бүгінгі жай-күйі туралы сөйлестік.

— Арман Қайыргелдіұлы, Әбу Бәкір Сыддық медресе колледжінде қанша шәкірт білім алып жатыр? Оларға қандай мамандық пен біліктілік бойынша диплом беріледі?

— Медресе — діни ағарту ордасы. Діннің адам өміріндегі маңызы қандай үлкен болса, медресенің қоғамдағы маңызы да сондай. Хәкім Абай:

«Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» — деп жырлаған. Өткенге көз салсақ, талай қазақ баласы медреседе бастапқы білім алып, ел мен жердің қамы үшін қызмет ететін үлкен тұлға болды. Медресе сынды діни білім беру орындарының қажеттілігі кейінгі уақытта артпаса кеміген жоқ. Әсіресе, жастарды қазіргі қоғамды улап жатқан теріс діни ағымдардың идеологиясынан сақтап қалатын бірден-бір орын. Яғни, мұндай мекемеде білім алған шәкірттер болашақта жат ағымның жетегінен тек өзін ғана сақтап қоймай, бүкіл қоғамды құтқаратын  білікті маман болып шығады. Ол үшін әрине терең біліммен қатар, қазақи тәрбие де керек. Елімізде 9 медресе бар. Олар — Астана медресе-колледжі, Ақтөбе медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, Сарыағаш медресе-колледжі, Шымкент медресе-колледжі, Үшқоңыр медресе-колледжі, «Һибатулла әт-Тарази» медресе-колледжі, Орал медресе колледжі. Соның ішінде Павлодар қаласы аумағындағы Павлодар ауылында орналасқан «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінде 60-тан астам шәкірт тәлім алып жатыр. Шәкірттеріміздің көбі осы өңірден болса, сонымен қатар, Астана қаласынан және Абай, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген шәкірттер де бар.  Біздің медресе-колледжін тәмамдаған түлектер «Исламтану» мамандығы бойынша және Имам-хатиб біліктілігі бойынша диплом алады.

«Исламтану» мамандығын алған жастар мешітте имам, медресе-колледждерде оқытушы және дін істері басқармаларында теолог, діни сарапшы маманы ретінде жұмыс істей алады.

— Медресе-колледжінің студенттеріне діни пәндерден бөлек қандай сабақтар оқытылады?

— Медресе тек діни білім беретін орын емес. Біздің басты мақсатымыз – білімі мен тәрбиесі қатар өрілген жан-жақты адам тәрбиелеу. Атап айтар болсақ, бізде білім алушыларға Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, «Алаштану», Математика, Физика сынды т.б. пәндер оқытылуда. Бұлар кейін жас ұрпаққа дін үйретіп қана қоймай, халқымыздың салты мен дәстүрін, тарихы мен танымын да шәкірттерінің санасына сіңіре алатын маман болуы керек.

— Қазіргі таңда медресе-колледжін бітірген жас мамандарға деген сұраныс қандай?

— Қазір дін мамандарына деген сұраныс өте жоғары. Себебі, елімізде 2700-ден астам мешіт бар. Оның көпшілігі — аудандық, ауылдық мешіттер. Кейбір аудандық мешіттерде 2 діни қызметкер болса, кейбір ауыл мешіттерінде мүлдем имам жоқ. Міне, білікті дін мамандарына деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін осы деректен аңғаруға болады.

— 2024-2025 оқу жылына қанша шәкірт қабылдайсыздар, талапкерлерге қойылатын талап қандай?

— Биылғы жылы медресеге 30-ға жуық шәкірт қабылданады деген жоспар бар. 2022 жылға дейін мұнда талапкерлер тек 11-сынып аттестатымен оқуға түскен болса, өткен жылдан бастап 9-сынып түлектерін де қабылдап жатырмыз. Әрине, оқу орны діни білім беру бағытында болғандықтан ең алдымен діни сауаттылықтары тексеріледі. Сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрі мен тарихына қатысты сұрақтар да қойылады.

— Оқудан тыс қандай тәрбие жұмыстары жүргізілуде?

— Біздің оқу орын студенттері сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, қоғамдық жұмыстарға да көп араласады. Атап айтқанда, мекеменің спорт кешенінде волейбол, баскетбол, стол теннисімен айналысса, аулада орналасқан алаңда футбол ойнайды. Сонымен қатар, аймағымызда болатын түрлі жиындарға, форумдарға, конференцияларға қатысып тұрамыз.

— Медресе аумағында жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр екен...

— Иә, қазіргі уақытта демеушілердің көмегімен жаңа оқу корпусының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа корпустың ашылуы 2024-2025 оқу жылына жоспарланып отыр. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жаңа ғимарат өз уақытымен аяқталып жатса, толығымен оқу корпусына айналдырып, ескі ғимаратты жатақхана ретінде қайта жабдықтаймыз деген жоспар бар. Онда оқу аудитория-лары, кітапхана, архив, мәжіліс залы және басқа да қосымша кабинеттер қарастырылған.

— Дін жолындағы істеріңіз берекелі болсын!

 

Сұхбаттасқан – Т.МАРХАБА.