Еліміздің ең басты мерекелерінің бірі – Республика күні мерекесін жергілікті мешіттер де жоғары деңгейде ұйымдастырып, патриоттық бағытта түрлі іс-шаралар өткізді. Мерекеге арналған мәдени және спорттық шараларға мешіттердің қызметкерлері, жамағаты, шәкірттері қатысты.
Республика күні мерекесі қарсаңында Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің ауласында салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиналған жамағат арасында дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мақсатында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен белсенді қатысқан азаматтар бағалы сыйлақтармен марапатталды. Сонымен қатар, мешіт қызметкерлерінің бастамасымен тайқазан көтеріліп, палау пісірілді. Мерекелік ас жиналған көрерменге тегін таратылды.
— Соңғы жылдары Республика күнінің мән-маңызы ерекше артып келеді. Бұл күн халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мерекеге айналды. Егемендік — еліміздің еңсесін тіктеген ерекше ұғым. Егемендік — тіліміз бен ділімізді, дініміз бен дәстүрімізді тұғырға қойған үлкен нығмет. Ендеше осы бір асыл дүниенің қадірін білейік. Оң өзгерістерге қадам басқан Отанымыздың алдында ауқымды міндеттер, асқаралы мақсаттар тұр. Сол жолда аянбай еңбек етейік. Тәуелсіздіктің тұғырлы, егемендігіміздің ғұмырлы болуы үшін жұдырықтай жұмылып, күш-жігерімізді біріктірейік. Біз – байрағын биік ұстаған баталы елдің ұрпағымыз. Ендеше көтерген Туымыз төмен түспесін, — деген ізгі тілегін білдірді облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.
Сол күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы өкілдігінің «Жастар ісі» секторы мемлекеттік ту тарату акциясын ұйымдастырды. Бұл шараға «Әбу Бәкір сыддық» медресе-колледжінің студенттері белсенді қатысып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Студенттер Мәшһүр Жүсіп мешітінің ауласында, Торайғыров университетінің маңында, «Манақбай» сауда орталығының алдында мемлекеттік ту бейнеленген жалаушалар таратты. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргіншілеріне де осындай тосын сый жасап, мерекенің сәнін ашты.
Осы күнідері «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен және «Сауап» тобының қолдауымен көптеген мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді. Дін қызметкерлері мерекенің құрметіне орай 60 отбасына азық-түлік пакетін үлестірді.
Республика күні мерекесін атап өтуден аудан және ауыл мешіттері де тыс қалған жоқ. Дәл осы күні Ақсу қалалық мешіті футболдан жарыс ұйымдастырыпты. Оған Ақсу ауылдық аймағына қарасты барлық ауыл мешіттерінің қызметкерлері, жамағаты, шәкірттері қатысты. Жарысқа 7 команда қатысып, өзара мықтырларын анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша, Кызылжар ауылының командасы 1-ші орынды жеңіп алды.
Екібастұз қалалық мешітінде жамағаттар арасында «Иманды
жас — ел болашағы» атты облыстық волейбол турнирі өтті. Жарысқа
10 команда қатысты. Нәтижесі бойынша 1-орынды Тереңкөл мешіті жеңіп алып, кубокты өз қоржындарына салды. 2-орынды Баянауыл мешіті, 3-орынды Ақсу мешіті жеңіп алды.
Тілеуберді САХАБА.