Әріптесіміз, журналист қызметінің ардагері Тұрсынбай Ибадуллинмен жиі әңгімелесеміз. «Тізгіндеуге көнбейтін асаудың біріуақыт. «Ау, мынаны үлгермей жатырмын, сәл аялдасаңшы дегенді білмейді. Қайтсе де өз дегеніне көндіреді. Міне, сексен бестің де қырқасына иек арта бастадық, — дейді. Осы жасқа дейін, тіпті күні бүгінде де қаламын тастамай, қоғамның тіршіліктынысы жайында ой қозғап жүрген әріптесіміз өз өмір белестеріне де терең үңіледі.

Негізі, туған жері — Лебяжі ауданындағы (қазіргі Аққулы) қарт Ертістің жағасындағы Тілектес ауылы. Десе де, ұрпақ жалғасы, бабалар өнегесі деген ауқымды ойды зерделей келіп: «Ата жұртым – ата мекенім – жер жаннаты Баянауыл баурайындағы Торайғыр кеңшары (кеңшар аты берілгенге дейін ертеректе Ворошилов колхозы атанды). Әкей Баянауылдың бүге-шігесін – өткен тарихын, шежіресін терең білетін оқымысты адам болатын. Әкесі Ғабдызәкір (Әбзәкір) құранды жатқа оқыған, Ақкелін болысына атағы кең жайылған Ишан қари атанған үлкен білімдар, діндар адам болған. Кеңес үкіметі Баянауыл өңіріне жаппай орнай бастағанда қожа-молдаларды, дін уағыздаушыларын қуғындап абақтыға жапқаны белгілі… «Ибадолла молданың, Ишан қаридың баласысың, дінді уағыздадың» деп кінәлап Баянауыл абақтысына отырғызып қойған. Әйтеуір жолдас-жоралары, көзі ашық оқыған азаматтар ара түсіп, кейін босатып алыпты». Мұны айтып отырғаным — әкем молда ғана емес, көкірегі ояу – Баянауылдан шыққан небір игі жақсылармен жақын жолдас болған екен. Ол Сұлтанмахмұттың 1920 жылы Баянауыл ауылдық кеңесінің төрағалығына тасқа түскенін (сайлауға) айтып отыратын. Сол сайлау жиынды да көзбен көріп, бастан кешкен. Ақынды жақтаушылардың жағында болған…

«Әкемізге азын-аулақ тоқталып отырғаным — ол ауыз әдебиетін – Баянауыл шежіресін жақсы біліп қана қойған жоқ, өзі де жанынан суырып салма өлең шығаратын ақынжанды, білімді адам еді. Ол кезде көзі ашық, ойы жетік азаматтарды қуғындау тоқтамаған кез. Әр қимылын аңдып, сенімсіздікпен қарау тоқтамаған соң әкей 1932 жылы Баянауылдан тоғай бойына – Ертіс жағасына 1932 жылы көшіп келіпті. Сонда «Баянтаумен қоштасу» деген өлеңінде былай деп жырлаған:

Баянтау өсіп едім даласында,

Алшаңдап жүруші едім қаласында.

Баянтау, туған жерім сен аман бол,

Шынымен енді менен қаласың ба? – деп қимай қоштасқан екен.

Сөйткен әкем 95-ке келіп дүние салды. Осы бір ақынжанды әкемнің маған жұққандарығаны — әдебиетке құштарлығы, әсіресе ауыз әдебиетіне, аңыз-әңгімелерге ерекше қызықтыратын. Бала кезімнен әкемнен естіп-білгендерім маған да айрықша әсер етті десем артық болмас».

Соғыстың ызғары Тұрсынбай секілді балалардың ерте есеюіне әсер етті. Алты-жеті жастағы балалардың өзі құлқынсәріден тұрып, егіс алқабында шешелерімен бірге өгіз жетектеп, соқа тартты. Бар халық Отан үшін жан-тәнін аямай майдан кешіп, тылда еңбектеніп жатқанда балалар да осы ұлы іске өз үлестерін қосқанға ерекше риза еді. Сондықтан да табандарын тас тіліп талай қиналса да, шаршадық деген сөзді ауызға алмауға тырысатын.

Сол сұрапыл кезең де өтті. Ел ұлы Жеңісті тойлады. Әбзәкір отбасы 1950 жылы Тілектестен көшіп Қызылқоғам колхозына келді. Осында Тұрсынбай Қызыләскер орта мектебінің 1-сынып табалдырығын аттады. Білімге деген құштарлық оған ұстаздық жолды таңдауға себепкер болды. Мектеп бітіргеннен соң екі жылдай ауыл мектебінде мұғалім болды. Кейін Семей педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін ойдағыдай аяқтады.

Әдебиетке, өлең-жырға құштарлық, жазуға деген талпынысы сара жол тауып, Т.Ибадуллин 1961 жылы тың өлкесі құрылған кезде аудандық партия комитетінің ұйғарымымен аудандық «Ленин жолы» газетіне қызметке келді. Осы аудандық газетте жас талаптың алғашқы өлеңдері, әңгімелері жарияланып тұрды. Алғаш жазған хабар, өлеңдерін облыстық «Қызыл ту» газетіне жолдай бастады. Аға қаламгерлер ауылдағы жас талаптың тырнақалды туындыларын жылы қабылдады. Өлең, әңгімелері облыстық газетте жарық көре бастады.

Тұрсынбай Ибадуллиннің облысы-мыздағы телевизия саласының дамуына қосқан үлесі де ерекше атаулы. Сонау 60-ыншы жылдарда телехабар тарату ісі Павлодар облысында республикада алғашқылардың қатарында дамыған болатын. Сол игіліктің басында қазақ редакциясының аға редакторы болып 10 жылға таяу қызмет атқарған Тұрсекеңнің қалдырған шығармашылық қолтаңбасы айшықты.

Қаламгер өзінің «Қызыл туда» (қазіргі облыстық «Saryarqa samaly») газетіндегі 20 жыл еңбегін ерекше бағалайды.

— Екі рет жүлдемен марапатталдым. Біріншісінде облыстық телевизия комитетінде «Дала шұғыласы» бағдарламасы үшін, екіншісінде «Қызыл ту» газетінде облыстың Петр Ермаков, кейін Сәбит Дөнентаев атындағы журналистер сыйлығына ие болдым. Осы құрметтеулер шығармашылық ізденістердің белгісі деп білемін» — дейді ол.

2003 жылы «Аққу елінде» деген атпен тұңғыш кітабы жарық көрді. Облысымызда шығып тұратын «Айдын» әдеби альманахында «Мұғалімдер» повесі жарияланды. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі ақын Әубәкір Нілібаевтың алғысымен бір топ өлеңдері 80-інші жылдары жарық көрсе, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан мектебі» журналдарында өнер, білім, ауыл шаруашылығы тақырыбындағы көлемді мақалаларымен қатар, әр жылдары өндіріс туралы мақала-суреттемелері жиі жарияланып тұрды. Бұл — қаламгердің қай кезде де үлкен ізденіс үстінде жүретінін аңғартатын айғақтар.

1938 жылы туған ініме

Бақи ӘБДІҚАДЫРОВ.

Ол жылы ызғарлы еді қараша айы,

Ескі пеш қиға тоймай тал асайды.

Екі көзі есікте ағамыздың,

Кеседе суып қалған қара шайы.

Көрген емес дәл бүйтіп үрейленіп,

Далада жел соғады дүлейленіп,

Жазықсыз азаматтар кетіп жатты

Ақикөз үзеңгісін шірей келіп.

Аузыңнан шыққан сөзің бұрмаланған,

Жаусың деп алады ертең кім жағадан.

Толғатқан әйел үні сәл тыйылып,

Сәбидің дауысы естілді іңгәлаған.

Тәубалап жылап жатыр жанында анаң,

Естілді ұлдың дауысы барылдаған.

Ол кәдуілгі Тұрсынбай Ибадуллин,

Елге ішінде еңселі, қадірлі адам.

Сол жылдар келген ұлан дүниеге,

Емендей дауыл соқса иіле ме?

Бұлтағы жоқ бірбеткей Тұрсынбайлар,

Анадан тумайды екен, жиі неге?

Атаға тартып туған байсалды інім,

Тілек көп мерейтойда айтар бүгін.

Төрт балаң – төрт құбылаң қызығың көр,

Әлі алда дүниені шайқар күнің.

Әкеге көктем сыйлаған күзде келіп,

Ақжолтай, бүгін саған біз не делік?

Тойыңда шөберіңнің шампан ішіп,

Қосағыңмен қоса ағар жүзге келіп.

Ғалымбек ЖҰМАТОВ.