Photo Valeriy BUGAYEV

Адамзат тарихында ұмытылмас із қалдырған Ұлы Отан соғысының аяқталған күні – Жеңіс күніне биыл 79 жыл толып отыр. Облыс орталығында майдангерлердің ерлігі мен батырлығы айшық-талған күн өз деңгейінде аталып өтілді.

 

Жеңіс күні Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мерекеге жиналған жұрттың қарасы қалың болғанын атап өткен жөн. Майдан даласында қаза болған жандарды еске алып, рухына тағзым ету үшін Жеңіс саябағына жүздеген адам жиналды. Айтулы шараға облыс әкімі Асайын Байханов, күштік құрылым өкілдері, ардагерлер, басқарма басшылары, жастар қатысты. Олар ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан павлодарлық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күнінде Даңқ ескерткішіне дәстүрлі түрде гүл қойылды. Аймақ басшысы Асайын Байханов та көппен бірге гүл мен қалампыр себетін қойды. Әскери бөлімше қызметкерлері арнайы киім киіп, Әскери даңқ обелискіне гүл шоқтарын алып барды. Жиналғандар ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін және ауған соғысының ардагерлерін қошеметпен қарсы алды. Балалары мен немерелерінің қолына бейбіт күнді сыйлау жолында кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің ішінде павлодарлық майдангерлердің де еңбегі ерен.

Жерлестеріміз соғыстың барлық ірі шайқасына қатысты. Соғыстың барлық кезеңінде майданға аймағымыздан 40486 адам аттанған. Оның жартысынан астамы, яғни 21830 жауынгер соғыста ажал құшты. 10 мыңнан астам майдангер жауынгерлік наградамен марапатталған. 23 павлодарлық Кеңес Одағының батыры атағын алса, 8 адам «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған.

Сонымен қатар бұл күні қала тұрғындары мен қонақтарға шаһардың шығармашылық ұжымдары өнерлерін көрсетті. Қалалық мәдениет пен демалыс саябағында өткен шарада «Домовята» театр шеберханасы, «Иртышские жемчужины» үлгілі би ансамблі ән шырқап, би биледі. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Әскери даңқ мұражайында да ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндер шырқалды. Жиналған қауым мереке күні жөндеуден өткен мұражайға тегін кіріп, экспонаттармен танысты.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.