Қазақтың сақи даласында салиқалы сөзді серік еткен, өткен-кеткенді таным таразысында салмақтай алатын сарабдал, алдыңғы толқынға құрмет, кейінгі буынға ізет көрсете білетін өмір мектебінен өнегелі сабақ алғандардың белді өкілдерінің бірі – Байкен Ильяшев. Көп жылғы адал еңбегінің арқасында ел ішінде құрметі артып, абырой биігінен көрінген оның биыл жетпіс деген жорғаны жүгендеген жайы бар.
Байкен Ноғайұлы 1955 жылдың 3 мамыр күні қазіргі Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылында дүние есігін ашып, әке мен ананың мейірім шуағына бөленіп, ауыл ақсақалдарының алдын көрген, ақ жаулықты аналардың алғысын алып өскен түлек. Әкесі Ноғай ақсақал — Ұлы Отан соғысындағы қиян-кескі ұрыстардың жауынгері, майдан даласынан оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында көп жылдар бойы еңбектенген ардагер болса, анасы Бибіғайым шешей — өмірін үй шаруашылығына, бала тәрбиесіне арнаған абзал жан.
– Әкем менің білім алуыма көп көңіл бөлсе керек, содан болар, өз басым бірнеше мектепке барған жанмын. Біз отбасымызбен 1961 жылы ол кездегі Краснокутск ауданы Чкалов совхозының екінші бөлімшесі саналатын Жаңатап ауылына көшіп келдік те, алғашқы мектеп табалдырығын сол жерде аттадым. Алғаш қолыма әліппе ұстатып әріп танытқан ұстазым Қапан Смайылов болатын. Ол кісіге өмір бойы қарыздармын. Ал екінші сыныпты аудан орталығында, үш пен төртті қазіргі Исантерек ауылында, 5-8-сыныптарды көршілес Жаңабет ауылында оқыдым. Тоғыз бен оныншы сыныптың бағдарламаларын Павлодар ауданына қарасты Преснов совхозындағы мектепте меңгердім. Әкемнің Преснов мектебіне жіберуінде де үлкен мән бар сынды. Сол кездегі заман ағымына сай орысша хат танысын деген болуы керек. Одан жаман болған жоқпын, әкемнің алдында қарызым да парызым да зор, — дейді Байкен Ноғайұлы.
Мектебін тәмамдағаннан кейін Красноармейка ауыл шаруа-шылығы техникумына оқуға түсіп, араға екі жыл салып агроном мамандығын алып шығады да, Чкалов атындағы совхозда жас маман болып жұмысқа кіріседі. Үш жыл еңбектенген ол 1975 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, екі жыл азаматтық борышын өтейді. Туған жер төсіне оралған сарбаз жігіт өзінің бұрынғы агрономдық қызметін жалғастырады. Ал 1981 жылы Павлодар қаласына қоныс аударып, алғашында облыстық типографияға баспагер, сол жылы Индустриалдық ауданының ішкі істер бөліміне милиционер болып жұмысқа орналасады. Содан бастап 2005 жылға дейін ішкі істер саласында сүбелі еңбек етіп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. Қазіргі күні Байкен Ноғайұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері атағының иесі. Мұндай атаққа ие болу үшін де телегей тер төгіп, адалдық пен әділдік биігінен көріну шарт. Тағы да бір айтарлығы, ол — 1984 жылы Семейдегі зооветеринарлық институтын, ал 2003 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған біліктілігі жоғары бесаспап маман.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ағамыз қол қусырып құр отырған жоқ. Он үш жыл ғұмырын отандық мұнай тасымалы саласына арнады. Яғни «ҚазТрансОйл» АҚ-ға қарасты Павлодар мұнай құбыры басқармасының технологиялық көлік және арнайы техника цехында жауапты қызмет атқарды. Білгенімен бөлісті, тәжірибесін тың салаға паш етті, бедел биігінен көрінді.
Осы күні Байкен Ильяшев есімін ел танитын азаматтардың ішінде төбесін төрден көрсеткен абырой иесі, көкейден өріліп шыққан кестелі сөзіне көпшілік ұйыған, айтқан ақылы мен кеңесінен жастар тәлім алатын ел ағасы. Атадан жалғасқан тәлім мен ана сүтімен дарыған қасиет болар, қашанда ұлт руханиятынан шет қалған емес. Ұлтымыздың шешендік өнерін мансұқ етіп қана қоймай, өңіріміздегі көптеген еңбегімен ерекшеленген, өмірлерін өнеге тұтатын тұлғалар жайлы газет беттерінде тұшымды да танымды мақалалар легін жария-
лап келеді. Келешектің жадында, тарихтың парағында қалдыру мақсатында қолға қалам алған Байкен Ноғайұлының бұл ісін парасаттылық пен елжандылық деп бағалаймыз.
Қашанда қайырымдылық пен қаралы үйдің қамқоры болып жүретін ағамыз қарапайымдылық қалпынан танған емес. Қоғамдық істерге қатардағылармен қатысып қана қоймай, соның басында жүретін елгезектігі мен жоғары ұйымдастыру қабілеті қарымды-лығының нышаны. Әр саладағы сан қырлы еңбегі де бағаланбай қалған емес. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы», «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» атты төсбелгілері үйшіл емес, елшіл екендігін дәлелдесе, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен еңбегі Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы деген атағынан көрініс табатындай.
Өмірлік жары Айша Құсайын-қызымен бірге осы күні балалары мен немерелерінің сүйікті ата-әжесі атанған үлгілі отбасының қара нарына ғибратты ғұмырының ұзақ болуын тілейміз.
Бейбіт Бөжен.