Еліміздегі су тасқынына қатысты жағдай жұртшылықты әбігерге салғаны анық. Осындай ел басына күн туған уақытта облысымыздың ерікті жастарынан құрылған ұйымдар су апатынан зардап шеккен өңіріміздің елді мекендеріне және көршілес аймақтарға 160 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізді. 

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Ризат Рақымжанов хабарлады.

– Жуырда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау және оларға көмек көрсету мақсатында гумани-тарлық көмек қабылдау штабы құрылды. Игі іске орта бизнес өкілдері, жастар ұйымдары, облысымыздың қалалары мен аудандарының тұрғындары белсене қатысты. Нәтижесінде 160 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Ол көмекті Ақтоғай ауданының елді мекендеріне, Ақмола облысына қарасты Атбасар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының ауылдарына бірнеше мәрте барып жеткіздік, – деді
Р.Рақымжанов.

Ал «Қызыл жарты ай» қоғамының облыстағы филиа-лының ұйымдастыруымен өңіріміздегі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 7 млн теңгедей қаражат жиналған.

– 2007 жылдан бері облыстағы ата-ана қамқор-лығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында бірнеше жоба іске асып келеді. Жоба шеңберінде өткен жылы 500-ге жуық бала 84 млн теңгелік жәрдемақы түріндегі көмек алды. Қазіргі уақытта 100-ден астам бүлдіршінге көмек беру қарастырылуда, –  дейді « Қызыл жарты ай» қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалының еріктісі Данна Серімбаева.

Бүгінде аймағымызда мемлекеттік емес 22 волонтерлік ұйым мен 500-ден астам бастамашыл топ бар. Еріктілер саны 22 мың адамнан асады. Облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанынан құрылған волонтерлік ұйым ауыр дертке шалдыққан балаларға, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға жәрдем етіп, мәдени шаралар мен семинарлар өткізсе, «Қызыл жарты ай» қоғамы гуманитарлық көмек көрсетеді. Ал «Vita» жасағы адам іздестіру жұмысымен айналысады.

– «Vita» қоғамдық ұйымының еріктілері жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Жасақтың құрамында бүгінде 150-ге жуық ерікті бар. Біздің қатарымызға 18-ден асқан кез келген азамат қосыла алады. Жыл басынан бері облыс деңге-йінде 50 адамды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде олардың 20-сы табылды. Табылмаған адамдарды әлі де іздестіру үстіндеміз, – дейді «Vita» қоғамдық ұйымының Екібастұз қаласы бойынша үйлестірушісі Самал Дүйсенбаева.

Айта кетейік, биыл Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімі бастамашыл топтар мен волонтерлік ұйымдар ара-сында «Volunteer experience» шағын гранттар байқауын бастады. Жеңімпаз атанған қатысушылар жобаларын жүзеге асыру мақсатында 500 мың теңгеге ие
болады.

Айдана БОРАНБАЕВА