Жуырда Ақсу қаласында «Ақсу толқыны» атты жазғы маусымның ашылу салтанаты өтті. Аталған шарада жергілікті әншілердің қатысуымен мерекелік бағдарлама, поэзия кеші, суретшілердің көрмесі және спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

 

Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттай отыра, тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыру, сондай-ақ тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілік, мақтаныш және адалдық тудыратын шынайы патриоттық сезімін тәрбиелеуге көмектесу.

Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манаповтың сөзінше, мұндай шараларды жаз айларының соңына дейін өткізу жоспарда бар.

– Өкінішке қарай, бүгінде тұрғындардың көбі уақыттың тығыздығына байланысты мәдени мекемелерге келіп концерт тамашалауға, кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға уақыт таба алмай жатады. Сондықтан осы жазғы маусымда қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатын саябақтар мен мекемелерде мәдени шаралар ұйымдастыруды жөн санадық. Маусымның ашылуына халықаралық байқаулардың лауреаты, «Гиннестер кітабына» енген белгілі суретші, Суретшілер одағының мүшесі Ренат Елубаев қатысып, шеберлік сағатын өткізді. Маусымның ашылуының бір ерекшелігі, көрмеде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтардың туындылары келушілер назарына ұсынылды. Бір айдағы әр аптада әртүрлі тақырыпта шаралар өткіземіз, – дейді М.Манапов.

Астана қаласынан арнайы келген талантты суретші Ренат Елубаев шара барысында жиналған қауымның назарына сурет салудан шеберлік сағатын өткізді. Бейнелеу өнеріне қызығу-шылық танытқан қаты-сушылар да сурет салуға мүмкіндік алды.

– Бейнелеу – ерекше өнер. Оны тек көзбен көру аздық етеді. Жан-тәніңмен сезіну керек. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарды қолдау мақсатында көзді жауып сурет салуды бастағаныма көп уақыт болды. Әрине, көзді жауып сурет салу оңай. Дегенмен, қос жанарың байлаулы болса да ой, түйсік байланбайды. Керісінше, ойымыздағы бейне қағазға қалағанымыздай түседі, – дейді қылқалам шебері.

Шара барысында бірнеше аймақ жұмыс істеді. Бір аймақта шахмат пен өзге де спорт түрлері бойынша сайыстар өтсе, келесі аймақта жергілікті жырсүйер қауымға арналған поэзия кеші өтті. Аталған кешті Ақсу қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.

– Жаз мезгілінде Ақсу қаласында жыл сайын жазғы маусым ашылады. Биыл поэзиясүйер қауым үшін «Ақсу айдынында» атты әдеби кешті ұйымдастырдық. Шараның ерекшелігі – ашық аспан астында өтуі. Әдеби шараға 18 тұрғын қатысты. Олардың арасында Алмас Ақтасов, Ернар Құсанов, Мұхамедқали Зарықұлы, Март Асылбек секілді облыстық, рес-публикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарған ақындар өнер көрсетті, – дейді Ақсу қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Бақытгүл Есілбаева.

Кеш жергілікті өнерпаздардың мерекелік бағдарламасымен жалғасып, DMC PUMBA диджейлердің қатысуымен өткен би кешімен аяқталды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.