Жадырап жаз шыға сала көпшілік көңілді демалудың қамына кірісетіні белгіліӘсіресе, қазіргідей аптап ыстықта жанына сая іздеп, салқын самал баурайларына баруға құмартқан жұртшылық Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасына ағылуда. Алайда, әлеуметтік желілерде аталмыш демалыс орнында дәретхананың жоқ екендігі, соның салдарынан демалушылардың қолайсыздыққа тап болғаны жайлы ақпарат тарады. Көптің талқысына түсіп, қоғамда түрлі пікір тудырған мәселенің мәнжайына үңіліп көрген едік.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл маусым айының басында бірнеше күн қатарынан болған қатты ыстықта Жасыбай жағасына 1,5 мыңнан астам адам демалуға барған. Олардың көбі — Павлодар, Екібастұз, Астана және Қарағанды қаласының тұрғындары. Аймағымыздың өзге өңірлерінен көлге келіп жатқандар да баршылық. Тамаша табиғаты бар киелі Баянауыл жеріне үлкен үмітпен дем алуға барған тұрғындар жағажайда дәретхананың болмауын сынға алып, жауапты мекемелерге өкпе-реніштерін білдірген еді. Ал аудан әкімдігі орын алған олқылыққа байланысты туристерден кешірім сұраған. Десе де, құзырлы мекеме өкілдері бұл жағдайға байланысты өз уәждерін айтуда.

— Негізі, осы айдың 17-сінде курорттық аймақта жазғы маусымның ашылуы болады деп жоспарланған. Біріншіден, жауапты мердігер компания дайындық жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, қыста алып кеткен сорғы, басқа да құрал-жабдықтарын Қарағанды, Екібастұз қаласынан әкеліп орнатуда. Қыстыгүні біреу тоққа түсіп қалмасын деген оймен электр қуатын да ажыратып тастағанбыз. Енді сол жұмыстарды қалпына келтіргенше, осылай уақыт өткізіп алдық. Екіншіден, біз биыл ақпан айында жағажайды 5 жылға сенімгерлік басқаруға алу туралы өтініш жазғанымызбен, тиісті құжаттар қолымызға 5 мамыр күні ғана түсті. Бұған дейін құжаттың болмауына байланысты қаражатты жоспарлай алмадық. Сөйтіп, жуырда ғана келісімшартты алған соң заң талабына сай абаттандыру, көшелерді жарықтандыру бойынша мемлекеттік сатып алулар өткіздік. Егер қолымызға құжаттар дер кезінде тигенде, ерте қамданар едік. Бірақ маусымның ашылуына дейін жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталады, ешқандай мәселе туындамауы тиіс, — дейді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев. Оның айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу аясында бір мердігер көше жарығын ауыстыру үшін 5 млн 700 мың теңге, тағы бір кәсіпкер жағажайды абаттандыруға 2 млн 700 мың теңге ұтып алып, іске кірісуде.

— Ендігі кезекте 2024 жылға арналған қаржыландыруды жоспарлаймыз. Жалпы, бұл жер аудан әкімдігіне тиесілі болғанда, ешқандай мәселе туындамас еді. Осы демалыс орны ерекше қорғалатын ұлттық табиғи парктің жері болғандықтан, көп нәрсеге араласуға біздің құқығымыз жоқ. Соған қарамастан, барлық сын-пікірлер әкімдікке бағытталады. Бұған дейін бізге 1 жыл уақытқа ғана сенімгерлік басқаруға берілетін. Шыны керек, осы уақытта ештеңе жоспарлай алмаймыз. Оның үстіне бюджеттің қаржысын оңды-солды шашуға болмайды. Биыл алғаш рет 5 жылға берілді. Білек сыбана іске кірісеміз. Келесі жылы мұндай жағдай қайталанбайды. Қазіргі оқиғадан үлкен сабақ алдық, — дейді аудан басшысы. Сондай-ақ, ол әкімдік жағажайды сенімгерлік басқаруға алғанымен, одан еш пайда таппайтынын, басты мақсат – туристерге қолайлы жағдай жасау ғана екенін алға тартты.

Бастысы, қазіргі уақытта тұрғындардың ренішін тудырған дәретхана мәселесі де оң шешімін тапқан.

— Бұрнағы күннен бастап Жасыбай көлінің жағасында ерлерге арналған 4 және әйел адамдарға арналған 4 дәретхана ашылып, жұмыс істеп тұр. Өзім барып, көзіммен көріп қайттым. Іші таза, барлық жағдай жасалған. Әрине, кіріп-шығу ақылы. Себебі, оның ішін жинап, таза ұстау үшін арнайы жұмысшы еңбек етеді. Сол себепті 1 адамның бір рет кіріп-шығуы 100 теңге тұрады. Тағы да дәретхана санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бірақ бұған дейін мұндағы үлкенді-кішілі демалыс үйлерінің барлығында дәретхана болған және істеп тұрған болатын, — дейді Ардақ Кісентаев.

Аудан басшысының сөзінше, әкімдік тек жағажайдағы абаттандыру мен жарықтандыруға ғана жауапты көрінеді. Ал туристер «әңгіме» қылып жүрген ас-ауқат бағасының қымбаттығы, демалыс үйлеріндегі жағдайдың талапқа сай болмауы, басқа да мәселелерге кәсіпкерлер жауапты екен.

— Жаз бойы Жасыбайға келіп, қаражат табатын 63 кәсіпкер бар. Оның 16-ы ғана ауданда тіркелген. Қалғаны Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, тіпті, Алматы қалаларында тіркеуде тұр. Жақында мен олармен жиналыс өткізіп, аудандық салық бөліміне тіркелуін сұрадым. Өйткені, осы орындарды абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын сол салықтың қаржысына жасағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Сондай-ақ, салық органдарының өкілдерін де шақырдым. Ондағы мамандар 2024 жылға дейін мораторий жарияланғанын айтты. Ал біз ешкімге күшпен ештеңе істете алмаймыз, бәрі заң аясында шешіледі. Сондықтан тұрғындар да мәселенің анық-қанығын біліп, түсіністікпен қарағаны жөн, — дейді Ардақ Кісентаев.

Бейресми мәліметтер бойынша, туристік маусымның соңына дейін бұл демалыс орнына 200 мыңнан астам адам келеді деп болжануда. Олардың қатарында шетелдіктер де бар.

Сонымен, «бәрін айт та, бірін айт» демекші, бүгінде Жасыбайға баруға бел буған туристерді үрейлендірген дәретхана мәселесі толық шешілді. Ең бастысы, жаздың үш айында Жасыбай жағасынан жанына сая іздеген жұртшылықтың көңілін кір шалмаса екен дейміз.

*  *  *

Осыған ұқсас жағдай Павлодар қаласының Усолка шағын ауданындағы жағажайда да орын алып жатыр. Аптап ыстықта өзен жағасына шомылуға барған шаһар тұрғындары мұнда да демалушыларға қолайсыздық тудыратын мәселе шаш етектен екенін айтып, әлеуметтік желілер арқылы реніштерін білдіруде. Олардың айтуынша, Усолкадағы жағажайда дәретханалар жоқ. Сонымен қатар, қоқысқа арналған үлкен контейнерлер де қойылмаған. Салдарынан қоқыс салынған қалталар, тамақ қалдықтары, пластикалық бөтелкелер мен шыны ыдыстар ағаштардың түбінде, одан қалса жағалауға түсіп-шығатын баспалдақтың бұрыш-қуысында шашылып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, тұрғындар кейбір орындықтардың жанына кішкентай қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, оған үлкен қалдықтар сыймайтынын алға тартуда.

Осылай деген желі қолданушыларының бірі аталған мәселеге жауапты атқарушы орган назар аударуы керектігін сұраса, енді біреулер әркім өз қоқысын жиып-теріп, қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға жауапкершілікпен қарау керектігін айтуда.

Ал аталмыш жағдайға байланысты жауап берген Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары Усолкадағы көпір маңында дәретхана бар екенін, ол таңертең сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейтінін және 4 бірдей қоқыс контейнері қойылғанын айтып отыр.

Әрине, әркім жаз бойы жағажайға барып, өзен жағасында алаңсыз демалғанды ұнатады.  Десе де, қоқысын жинап, тазалықты сақтау  баршаға ортақ міндет екенін естен шығармаған жөн.

Нұржайна ШОДЫР