Pressure of work

Жаңа жылдан бастап әрбір жұмыс беруші бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті 10 пайыздық жарналардан бөлек қызметкер жалақысының қосымша пайызын аударуға міндетті болады. Елімізде әлемдік тәжірибені ескере отырып, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің қатысуымен ортақ жауапкершілік қолданылатын болады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қалай есептеледі? Ол кімдерге төленеді? Осы сұрақтар төңірегінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсенбаевамен сұхбаттасқан едік.

 — Нұржамал Шаймұхан-қызы,алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа зейнетақы жарналары туралы тарқата айтып берсеңіз…

— Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген ҚР Әлеуметтік кодексі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу мәселелерін реттейтін нормаларды қамтиды. Осыған сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ қызметтері жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен және 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылатын ЖМЗЖ есебін жүргізу міндетімен толықтырылады. ЖМЗЖ шамасы әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан есептеледі: 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5 пайыз мөлшерінен бастап, 2028 жылы 5 пайыз мөлшеріне жеткенше жыл сайын ұлғайып отырады. Осылайша, қарттықта бұл қызметкерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.

— Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының ерекшелігі неде?

— Бұл шара қазақстандықтардың жас ұрпағын қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен. ЖМЗЖ енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйеде өтілі шамалы азаматтарға қатысты. Бұл ретте жұмыс берушінің еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме жарналардың кезең-кезеңімен өсіп отыруына байланысты азайды. Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер ЖМЗЖ-ны барлық жұмысшылар үшін емес, тек 1975 жылы және одан кейін туғандар үшін төлейді. Сондықтан ЖМЗЖ есебінен төлемдерді 2038 жылы зейнетке шығатын қызметкерлер ғана ала бастайды.

— Жаңа міндетті зейнетақы жарнасын төлеудің негізгі шарты қандай?

— Жалпы, қызметкердің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысы ең төменгі жалақының мөлшерінен кем болмауы тиіс. Сонымен қатар, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы керек. ЖМЗЖ-ны «ҚР салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 89-1-тарауында көрсетілген бірыңғай төлем құрамында төлеуді таңдаған жұмыс беруші-салық агенттері үшін жұмыскердің жалақысынан бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының үлесі: 2024 жылғы1 қаңтардан бастап 7 пайыз, 2025 жылы 10,5 пайыз, 2026 жылы 14,1 пайыз, 2027 жылы 17,4 пайыз, 2028 жылы 19 пайыз болмақ.

— Бұл жарнаның жеке жинақтаушы зейнетақы жүйесінен айырмашылығы неде?

— Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын БЖЗҚ-ға жұмыс берушілер салық агенттері ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ЖМЗЖ аударылатын жеке тұлғалардың тізімдерін қоса бере отырып, төлейтін болады. Оның жеке жинақтаушы зейнетақы жүйесінен айырмашылығы, ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары шартты-жинақтаушы болып есептеледі.Яғни ол қызметкердің меншігі болып табылмайды. Сондықтан ол мұраға берілмейді, зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясына және/немесе салымшының таңдауы бойынша сенімгерлік басқаруға беру үшін инвестициялық портфельді басқарушыларға аударылмайды, сондай-ақ, оған зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдікқолданылмайды.

Әзірлеген – Торғын ОРАЗАЛЫ.