Өткен аптада павлодарлық 16 жасар қыз Астанаға медици-налық авиациямен жеткі-зілді.  Бірқатар вирустық және аутоиммунды аурулар диагнозы қойылған жасөспірімге елордалық дәрігерлер көмек көрсетті.

Қызды тасымалдауға өтінім облыстық балалар ауруханасынан түскен. Науқасты «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының мамандарына тапсыру туралы шешім қабылданған. Медициналық авиация қызметкерлері оны Астанаға 5,5 сағат ішінде жеткізді.

Өткен аптада өңірлік жедел жәрдем станциясының құрамына кіретін медавиация өкілдері бірден 9 өтінімді пысықтады. Дәрігерлер әртүрлі туа біткен аурулар анықталған жаңа туған үш нәрестені тасымалдады. Облыстық перинаталдық орталыққа неонатологиялық бригаданың бақылауымен Екібастұз қаласынан екі ұл және Ертіс ауданынан бір қыз бала жеткізілді. Сондай-ақ, жүктіліктің 38 аптасындағы екібастұздық 39 жастағы әйел де осы орталыққа әкелінді.

Медавиацияға түскен тағы үш өтініш жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты болды. Медициналық бригадалар екі рет Екібастұзға жіберіліп, инфаркт алған 69 жастағы әйел және жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған 69 жастағы ер адамды облыстық кардиология орталығына жеткізді.

«Жіті коронарлық синдром» диагнозы қойылған 35 жастағы ақсулық ер адам да облыс орталығына әкелінді. Ал Ақтоғай ауданына медициналық авиация 51 жастағы әйелге кеңес беру үшін шақырылған. Пациент бірнеше сағат бұрын өзінің инсульт алғанын анықтап, ауыл дәрігерлерінен көмек сұраған. Реаниматологиялық бригада науқасқа көмек көрсетті.

 

Өз тілшіміз.