Бұрнағы күні елімізде Мемлекеттік рәміздер күні тойланды. Айтулы датаға орай облыс орталығында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті.

 

Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, Шекара қызметі, №5512, 6679 әскери бөлім мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер және студенттер қатысты.

Алдымен Павлодар гарни-зонының командирі Сәкен Шырынханов аймақ басшысына салтанатты шараға дайындығы жөнінде рапорт берді. Одан кейін өңір басшысы Мемлекеттік Туды көтеруді бұйырды. ҚР Мемлекет-
тік Әнұранның сүйемелде-уімен Мемлекеттік ту көтерілді. Жиналғандар әскерилердің саптық шеруін тамашалады.

 

Нұрлан НӘБИЕВ,

облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің белгісі.  Көк туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қала қонақтары мен тұрғындарын мерекемен құттықтаймын. Аспанымыз ашық болып, көк байрағымыз мәңгі желбіресін!

 

Маханбет АМАНГЕЛДІ,

облыстық мәслихаттың депутаты:

– Ту – елдік пен ерліктің символы, мызғымас мемле-кеттің белгісі. Елтаңба азаттықты айшықтаса, Әнұранымыз – еркіндіктің үні. Осы үш символ әрқайсы-мыздың кеудемізге мақтаныш ұялатып, рух береді. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – біздің борышымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.