Осыдан он шақты күн бұрын Семейде болған сұмдық оқиға жұрт арасында әлі де қызу талқылануда. Ай мен күннің аманында бір топ қатарласынан қатыгездік көрген жеткіншектің мәселесі көпшілікті бейжай қалдырмады. Тіпті, бұл іске белгілі азаматтар, журналистер мен блогерлер де араласты. Өкініштісі, анау-мынау емес, кәмелет жасына толмаған өрімдей ұл-қыздың бірігіп алып, бір балаға әлімжеттік көрсетуі және адам айтқысыз арсыз әрекеттерге баруы бүкіл елді есеңгіретті.
Жалпы, соңғы кездері жасөспірімдер арасында буллингтің белең алуына не себеп? Оған жол бермес үшін не істемек керек? Әлгі зәбір көрген семейлік жеткіншекке қатысты іс қалай шешілуде?
«Семейдегі сұмдық»
Семейде тапа-тал түсте бір топ оқушының жалғыз баланы жабыла тепкілеп, басынан ұрып, үстіне секіріп, неше түрлі балағат сөздер айтып жатқаны жайлы бейнежазбалар әлеуметтік желіні лезде шарлап кетті. Орын алған осынау сұмдық оқиға туралы отандық бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазуда.
Аталмыш оқиға Семей қаласындағы 343-ші ықшам ауданында болған. Желі қолданушылары қатарластарынан қорлық көріп жылап тұрған балаға аяушылық танытып, оған әлімжеттік жасаған жасөспірімдердің әрекетіне қатты ашуланды. Сөйтіп, көпшілік бұл оқиғаға қатысқандарды тауып, жазалауды талап етті. Осы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін құзырлы органдар да қызу қимылдап, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ақпарат таратқан «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты өзінің әлеуметік парақшасында: «Жәбірленушіге білім бөлімінің мамандары психологиялық көмек көрсетуде. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен жанжалға қатысқан төрт баланы мамандандырылған мектепке жіберу ұсынылды. Бала тәрбиесімен айналыспайтын ата-аналардың құқықтарынан айыру туралы талап қойылады. Комиссияның талабы бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Жасөспірімдердің заңды өкілдері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ата-ана міндеттерін тиісінше орындамау» туралы 127-бабы бойынша жауапқа тартылды», — деп жария етті.
Сонымен, соңғы мәлімет бойынша жеткіншекке зәбір көрсеткендер девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына жіберілді. Онда олармен психологтар, басқа да мамандар түзету жұмыстарын жүргізетін болады. Ал әлгі бұзықтардың әке-шешелері өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін ата-аналық құқығынан айырылып, екі балаға қатысты қамқоршылық тоқтатылмақ. Абай облыстық прокуратурасының ақпараты бойынша айтулы оқиғаға қатысы бар мектеп директоры қызметінен босатылған. Сонымен қатар, бұл білім ордасындағы ұстаздар, сынып жетекшілері мен психологтар да заң алдында жауапқа тартылуда. Аталған жағдайдан кейін осы өңірдегі барлық білім беру мекемесінде жаппай тексеру жұмыстары жалғасуда.
Осылайша, бүгінде кінәлілер жауапқа тартылып, заң аясында жазасын алып жатыр. Бірақ бейкүнә баланың жан жарасы жазыла қоймайтыны өкінішті…
Не істеу керек?
Жалпақ жұртқа жаға ұстатқан семейлік жеткіншектердің қатыгездік әрекетінен кейін ел мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған жұмыстар күшейтілді. Қазіргі таңда қазақстандық білім беру мекемелерінде құқық қорғау органдары мен психолог мамандардың қатысуымен әлімжеттік әрекеттеріне тыйым салу, ұрыс-керіс пен төбелеске тосқауыл қою сынды мәселелер жан-жақты талқыланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай іс-шаралар Павлодар облысында да қолға алынып жатқанын атап өткен жөн.
Ең өкініштісі, статистикалық мәліметтер бойынша елдегі әрбір үшінші жасөспірімнің өз қатарластары тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналатыны анықталған. Бұл – дабыл қағарлық жағдай екенін айтқан мамандар оған жол бермес үшін алдымен отбасы – ошақ қасындағы тәрбиені түзетудің маңызы зор екенін алға тартуда.
— Жеткіншектің жат қылық жасауына отбасындағы тәрбиенің таяздығы басты себеп болады. Сол үшін ата-ана тарапынан терең тәрбие берілуі тиіс. Кейбір үлкендер баласының бойынан ерсі қылық байқаса, өсе келе түзеледі деп арқаны кеңге салмай, бірден тезге салғаны жөн. Әр әке-шеше өз перзентінің материалдық жағдайын жасаушы ғана емес, оның болашағына да жауапты екенін түсінуі тиіс. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ұл-қызының жүріс-тұрысына немқұрайлы қарайтын ата-ана көбейді. Тіпті, баласының күнделікті сабаққа барып немесе бармай жүргенінен бейхабар ата-аналар да бар. Сонымен қатар, кейде мектеп инспекторлары мен ұстаздары баласының тәрбиесіне байланысты оның әке-шешесін мектепке шақырып келтіре алмай жатады. Осындай жандарда қандай жауапкершілік бар? Мұндай енжарлықтың салдарынан тәрбиесіз ұрпақ өсіп келеді, — дейді Павлодар қаласындағы №35 мектептің психолог маманы Жанар Какимова. Сондай-ақ, ол бала тәрбиесі өте нәзік екенін, оған алдымен ата-анасы жауапты болуы қажет екенін шегелеп айтты.
— Әркім өз ұл-қызының қайда жүргенін, не істегенін күнделікті қадағалап отыруы керек. Сонымен қатар, баласының кімдермен араласатыны, мектепте қандай әңгімелер айтатыны, нендей мәселеге ден қоятынына дер кезінде көңіл бөліп отырса, ешқандай да күрделі мәселе туындамас еді. Алайда көп ата-ана бұған мән бермейді. Ондайлар баласының қарны тоқ, киімі көк, мектебіне барып жүрсе болды деген пікірде. Бұл – қате ой. Үлкендер үйдегі еркелерінің материалдық жағдайын жасаумен қатар, олардың ішкі жан дүниесіне де терең үңіліп, әркез мейірім көрсете білулері қажет. Отбасында ортақ түсіністік, бір-біріне деген сыйластық, жанашырлық болғанда ғана қатыгездікке орын жоқ, — дейді ол. Ал тәжірибелі психолог Жаңагүл Төлеубаева да әлімжеттік жасаған баланың ішкі әлемінде сыртқа айта алмай жүрген қандай да бір өкпе-реніші болуы мүмкін екенін, мұндай әрекеттер жеткіншекті қатыгездікке итермелейтінін айтуда. Психолог, сондай-ақ, бұған интернеттегі түрлі ойындар мен жаман әдеттерді жарнамалаған видеолардың әсер етуі де әбден мүмкін екенін тілге тиек етті.
Білім беру саласының ардагері, зейнеткер ұстаз Алтын Асанова қазіргі балалардың қатыгез болуына қоғам кінәлі деген пікірде.
— Шыны керек, бүгінде ата-ана да, ұстаз да баладан қорқатын жағдайға жетті. Мектепте бір мұғалім тентекті тезге салу үшін нұқып қалса жазықты болады. Ақылға құлақ аспаған баласына күш қолданып тәрбиелемек болған ата-ана да құқығынан айырылады. Осындай жағдай орын ала қалса, бүкіл қоғам шулайды. Мұны көрген жасөспірім үлкендерді қалай тыңдайды, қалай сыйлайды? Бұл аз болғандай, бүгінде ажырасқан ата-ана көбеюде. Мыңдаған бала әкесіз өсіп жатыр. Бұл жағдай да жасөспірім тәрбиесіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Сол үшін бұл тақырып мемлекеттік деңгейде терең зерттеуді қажет етеді деп ойлаймын, — дейді ол.
Жасөспірімдер арасындағы буллингті зерттеп жүрген мамандардың айтуынша, олардың мұндай жағдайға баруына көбінесе құрдастарының, достарының жеткен жетістігін қызғану, біреуден кек алу, өзіне өзгенің назарын аударту және ата-анасынан жиі ұрыс еститін балалардың мектептегі әлсіздерге әлімжеттік көрсету арқылы іштегі ашу-ызасын сыртқа шығару сынды оқиғалар себеп болатын көрінеді. Бір өкініштісі, көп жағдайда мінезі тұйық, жуас, жетім, арқа сүйер қорғаушысы жоқ және өзінің сыртқы бейнесіне көңілі толмайтын, физиологиялық тұрғыда кемістігі бар балалар жиі қатыгездіктің құрбаны болып жатады екен. Сондықтан осындай балаларды қорғау әрі бұзық жеткіншектерді тәрбиелеуге баса көңіл бөлу қажет, дейді мамандар.
Жалпы, буллинг мәселесінің алдын алуға қатысты әркімнің пікірі әр түрлі. Психолог мамандар бұған отбасындағы тәрбиенің осалдығы мен ата-ана жауапкершілігінің төмендігі себеп екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек дейді. Кейбір тұрғындар кәмелет жасына жетпей жатып қатыгездік жасаған жеткіншектер қоғам үшін қауіпті екенін алға тартып, оларға жазаны қатаңдату қажеттігін ұсынуда. Ал депутаттар арасында тәртібі нашар балаларға арнайы чип салу керек деген ой да айтылып, ел арасында үлкен дау туғызған болатын.
* * *
Осылайша, елімізде жасөспірімдер арасындағы қатыгездік оқиғалары тыйылмай тұр. Жыл сайын дүйім жұртты дүрліктірген жайсыз жаңалықты естіп, жанымыз ауырады, жүрегіміз сыздайды. Бұлай жалғаса берсе, ел ертеңі не болмақ? Сіз қандай ой қосасыз, оқырман?
Нұржайна ШОДЫР.