Қоршаған ортаны күтіп-баптау — жалпыға орта міндет. Табиғат-Ананы аялауда 2005 жылдан бастап жұмысын бастаған «Жасыл ел» студенттер жасағының орны бір төбе. Павлодарда «Жасыл ел» жасағы жұмысының кезекті маусымы мәресіне жетіп, салтанатты жабылуы өтті.

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов «Жасыл ел» жасағының еңбек маусымы барысында барлық акция мен жұмыстарға белсенді қатысып, жақсы  нәтижелер көрсеткен жастарды атап өтті.

– 18 жыл ішінде көп жұмыс атқарылды. «Жасыл ел» жастары болашақта көшбасшы болып, жақындарын табиғатты, тазалықты, жалпы бейбітшілікті сүюге үйретеді. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Еліміздің және өңіріміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз, — деді ол құттықтау сөзінде. «Жасыл ел» қалалық штабының командирі Арина Краскованың айтуынша, биыл көптеген шара өтті. Сондай-ақ, Павлодар қаласында алғаш рет заттармен және кітаптармен алмасу бойынша жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

– Шараның қорытындысы бойынша 15 адам «Үздік жауынгер», «Үздік командир», «Үздік ерікті», «Үздік жасақ», «Үздік штаб» және «Үздік онлайн-штаб» аталымдары бойынша марапатталып, дипломдар мен ақшалай сертификаттар алды, – деді ол. «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар отрядтарының Павлодар штабы» ҚҚ директоры Русана Самекова жазғы маусым жабылғанымен, қыста еріктілердің жұмысы жалғасатынын атап өтті. «Жасыл ел» сарбаздары мұқтаж жандардың барлығына көмек көрсетіп, әсіресе қарт адамдарға ерекше назар аударады. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы маусымда Павлодар «Жасыл ел» жасағына барлығы 2 100 адам қатысты.

Өз тілшіміз.