Баянауыл ауданында былтыр спорт кешенінің құрылысы басталғаны белгілі. Екі жылға жоспарланған екіқабатты нысан биыл қолданысқа беріледі. Құрылыс барысымен бұған дейін танысуға барған аймақ басшысы Асайын Байханов спорттық ғимаратты жобалаушы ұйыммен бірлесіп, республикалық турнирлер өткізуге лайықтауды тапсырған болатын.

 

Құрылыс қысқа қалмасын…

Енді, міне, жобалық-сметалық құжат-тарына өзгерістер енгізіліп, волейбол мен баскетболдан республикалық жарыс-
тар ұйымдастыруға лайқыталды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің аппараттық жиынында айтылды. Облыстық спорт басқармасының мәліметі бойынша жаңа жобалық құжатта баскетбол залында 119 көрермен орны, ал волейбол залында 209 орын қарастырылмақ. Олардың бәрі жылжымалы телескопиялық трибуна түрінде болмақ. Стандартқа сай келеді. Сондықтан, аталмыш спорт түрлерінен болашақта республикалық турнирлер өткізуге еш кедергі жоқ. Ал кешендегі 25 метрлі, 4 жолақты бассейн облыстық, ауданаралық жарыстар ұйымдастыруға жарайды. Одан бөлек, шағын мобильді азаматтардың екінші қабатқа көтерілуіне лифт қарастырылады. Облыс әкімі Асайын Байханов бұл спорттық кешенде ірі жарыстар өткізу мүмкіндігін қарастырудың өте маңызды екенін атап өтті. Себебі, Баянауыл туристік аймақ екенін ескеру қажет, деді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің мәлімдеуінше, биыл аймағымызда бюджеттің барлық деңгейінен 16 млрд теңгенің құрылыс, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, аталмыш басқарма бақылауында мұндай 57 нысан бар. Денсаулық сақтау саласында 10 нысанның құрылысы іске асуда. Тағы 18 жоба сараптамадан өткен, министрлікке өтінім жіберілген. Павлодар қалалық №1 аурухананың 7 қабатты блогы мен 6 операциялық бөлме ағымдағы айдың соңында қолданысқа берілмек. Май аудандық ауруханасына дренаждық жүйе салатын мердігер анықталған. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Павлодар қаласында №47 мектептің бірінші қабаты қаланып жатса, Достық шағын ауданындағы 1200 орындық білім ошағының құрылысы мамыр айында облыс әкімі арнайы барғаннан кейін қарқын алыпты. Сондай-ақ, №44 мектепке қосалқы ғимарат құры-лысы басталыпты.

Облыста спорттық 16 нысан бой көтеруде. Оның 13-інің құрылысы былтыр басталған. Павлодар қаласындағы ат спорты ойындарына арналған стадион, Ақсу қаласындағы мұз айдыны биыл спортшылардың игілігіне беріледі. Қ.Сәтиевтің айтуынша, Ақсу, Ақтоғай, Павлодар аудандарында бірқатар спорт нысандарының құрылысы кестеден кешеуілдеп жатыр. Мәселен, Ақтоғай ауданына қарасты Қараоба ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген бастапқы мердігер жосықсыз деп танылып, биылға келісімшарт созылмаған. Енді нысанды аяқтауға жаңа мердігер тартылмақ. Биыл Ақсу қаласына қарасты Үштерек, Шарбақты ауданының Шалдай, Май ауданының Қаратерек ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды.

Облыс әкімі А.Байханов маңызды нысандар құрылысын қысқа қалдырмай, күз кезінде қолданысқа беруге күш салуды тапсырды. Кестеден кешіккендерге дер кезінде тиісті шара қолдануды ескертті.

Қор арқылы тұрақтандыру қажет

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау мәселесі талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесовтің айтуынша, апта сайын мониторинг жүргізіледі. Макарон өнімдерінің бағасы Железиннен басқа барлық аудан-қалада өскені тіркеліпті. Мәселен, Успен ауданында макарон, қарақұмық пен күріштің бағасы белгіленген шекті 15 пайыздан асып кеткен. Аймақ басшысы аудан әкімінен ахуалды оңалту үшін қандай шара қолданылғанын сұрады. Аудан әкімі Нұрболат Мақашев бағаны түсіру үшін тұрақтандыру қорынан аталған азық-түлік түрін жеткілікті көлемде әкелінгенін мәлім етті. Облыс әкімі аталмыш аудан әкіміне ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін жандандыруды тапсырды.

Осы ретте, облыс әкімі делдалсыз тұрғындарға өнімнің тікелей жетуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 14 мың тонна өнім бар. Олар аймағымызда 217 әріптес-дүкендер арқылы сатылады. Jailau фермерлік нарығында жыл басынан бері 20 жәрмеңке өткен. Биыл қазан айында мұндай нарық Ақсуда ашылады. Ал кеншілер шаһарында арнайы орын мен құжаттары әзірленуде.

– Біздің тұрақтандыру қорымызда азық-түліктің жеткілікті мөлшерде сақталуда. Алайда аудан-қалаларға осы қордан алынатын өнім көлемі өте аз. Жұмыс тым баяу жүргізіледі. Осы жұмысты белсендендіру керек, – деді облыс әкімі А.Байханов.

Аймақ басшысы оңтүстік өңірлерден ерте пісетін көкөністер жеткізу мәселесін де қозғады. Басқарма өкілінің айтуынша, 400 тонна картоп пен 200 тонна пияз әкелуге қатысты келіссөздер жүргізілуде. Бірақ, баға нарықтағы бағадан айырмашылығы болмаған соң әлі нақты шешім қабылданбағанын мәлім етті. Облыс әкімі келісімнің тым ұзақтығын сынға алып, шешім шыққанша, өзіміздің де ерте пісетін өнім сөремізге түсіп қоятынын ескертті.

Шіркеймен күрес өзгеше өрбиді

Облыста күннің жылынуынан шіркей мен масаның көбейгенін айтып, тұрғындардан шағым жиі түсе бастағанын аймақ басшысы аппараттық жиында алға тартты. Соған байланысты шыбын-шіркеймен күрестің жаңа тұжырымдамасы қолданылатыны айтылды.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, экология және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның мәлімдеуінше, күн сайын шыбын-шіркейге фенологиялық мониторинг жүргізіледі. Аудандарда сары маса дернәсілдерінің дамуы байқалмаған. Басым бөлігі 1-ші және 2-ші генерацияға тиесілі дернәсіл көлемі азайтылыпты. Ал қанаттанғандары күнделікті тосқауылдық өңдеу арқылы реттелуде.

– Биыл су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберу көп көлемде әрі созылып кеткендіктен, аймағымыздың солтүстік аудандарында өзеннің арнасына келуі біршама кешірек жүруде. Қазіргі таңда секундына 1300 текше метр су жіберілуде. Бұл көлем маусым айының соңына дейін сақталмақ. Осыған байланысты Ертіс, Железин, Тереңөкл, Ақтоғай аудандарында шіркейлердің дамуы жайылмаларда байқалып отыр. Бір шаршы дециметрде 1000-1700-ге дейін дернәсіл анықталды, – дейді Әйгерім Қабылтаева.

Сондықтан, Ертіс өзені Бесқарай ауылынан бастап Моисеевкаға дейін қайта өңделуде. Барлық өңдеу жұмыстары ауа температурасын ескере отырып, түзетіліп отырмақ. Яғни, дезинсекцияның бекітілген арнайы тұжырымдамасы қолданылады.

– Аудан әкімдерімен бірлесіп, атқару қажет. Судың көлемі әр жерде әртүрлі. Биыл жайылманың 92 пайызына су жайылды. Бұл жағдай, әсіресе, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарында байқалып отыр. Осы өңірлерде жұмысты ағымдағы аптада күшейту керек, – деді А.Байханов.

Жағаға жақындамасын!

Жиында жаздың келуімен туындайтын тәуекелдер де талқыға түсті. Осы орайда, облыс әкімі Павлодар қаласының орталық жағажайында әлдебір пысықай азаматтар арнайы екі пирстің арасына аялдап, тура жағажайдан адамдарды резеңке қайықпен тасуға әдеттеніп алғанына куә болғанын айтты. Мұндай бассыздыққа жол бермеу қажеттігін ескертті. Яғни, бұл мақсатқа бюджет қаражатына арнайы пирс орнатылғанын еске салды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Қайрат Шаймерденов жағдайды бақылауға алатынын мәлім етті. Облыста 47 арнайы жағажай бар. Тыйым салынған орындарға 177 белгі, 18 баннер орнатылған. Әлі 77 белгі қойылмақ. Аймақ басшысы шомылу маусымында бала қауіпсіздігіне құзырлы басқармалар мен аудан-қала әкімдері баса мән беру керек, деді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.