Ақтөбе облысындағы Әйтеке би, Қобда секілді кейбір аудандарда киіктер санының айтарлықтай көбейгені байқалады. Бұл жақсы, әрине. Себебі киіктің жер бетінен жойылып кетуі адамзат үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Десе де, олардың ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылатын жерлерге өтіп кетпеуін де назарда ұстаған абзал.

Бұл ретте Әйтеке би ауданындағы «Али» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Ғабит Амитов киік тағдырына алаңдайтынын жеткізді.

— Елімізде еркін жайылған киіктердің жер бетінен жойылып кетуі адамзат үшін ауыр зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін. Дала тағысын қорғайық! Бірақ мемлекетіміз егін егіп, талай адамның нәпақасын айырып отырған диқандардың жайын да ойлауы керек. Сондықтан алтын астықтың ысырапқа ұшырамауы үшін әрі киіктердің санын ретке келтіру мақсатында Үкіметтен оңтайландыру шараларын қабылдауын күтеміз. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау» жағын ойлауымыз керек, — дейді Ғабит Амитов. Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Түктібаевтың айтуынша, киіктер Өтек ауылындағы «Рақыш» шаруа қожалығының дәнді дақыл еккен аумағына кіріп кеткен. Бірақ қожалық басшысы келтірілген залалды өндіріп алудан бас тартқан екен. Содан кейін мұндай жағдай қайталанбапты. Бүгінде киіктер облыс аумағынан басқа жаққа ауып кеткен көрінеді. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаевтың айтуынша, облыс аумағында киіктер Бекпақдала және Үстірт таралымында мекендейді.

— Биыл облыс аумағында киіктерге қатысты 12 дерек тіркелді, оның үшеуі — заңсыз аулауға, тоғызы — киіктің етін, мүйізін заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдауға қатысты. Қылмыстық жауапкершілікке 8 адам тартылды. Қалған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Келтірілген шығын көлемі 3 миллиардтан асады, сот шешімдері мұны өндіріп беруге қанағаттандырды. Сонымен қатар киік мекендейтін аудандардың тұрғындарымен және егін еккен шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізіліп, киіктердің миграциялық процесіне байланысты ақпараттар берілді, — дейді Әділгерей Әуелбаев. Жыл сайын көктемде киіктерге авиациялық есеп жүргізіледі. Әуе санағы есебі бойынша, Үстірт таралымында, яғни, Байғанин, Шалқар аудандарында киіктердің саны 39 мыңнан, Бетпақдала таралымында, яғни, Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау аудандарында 120 мыңнан асады. Бұған қарасақ, облыс аумағында киіктердің көбейгені байқалып отыр. Еліміздің бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар егіс алқаптарын сақтау мақсатында шаруа қожалықтарына киіктерді үркіту үшін атуға қабілеті жоқ қару-жарақтарды, макеттік-габариттік қаруды (арнайы оқ-дәрілермен (бос патрондармен) атуды имитациялауға арналған бұйымдар) қолдануға рұқсат беру мәселесі де қарастырылып жатыр.

А.БАЛЖАНАЙ.