Облыста бүгінде 140 мыңнан астам автокөлік иесі тіркелген. Олардың иелігінде 200 мыңнан астам машина бар. Міне, осы темір тұлпарлардың иелері, яғни, жеке тұлғалар 1 сәуірден кешіктірмей көлік құралдарының салығын төлеуі тиіс.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыс басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде аймағымызда 10 609 автокөлік иесінің 700 млн теңгеден астам қарызы бар. Жалпы жеке тұлғаларға көлік салығы Салық кодексінің 493-бабына сәйкес өздігінен есептеледі. Әрбір азамат өзі де ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы kgd.gov.kz сайтындағы «Көлік салығын есептеу» электронды сервисін немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасының «Калькулятор» сервисін пайдаланып, есептей алады.
Айта кетейік, салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіш мөлшері мен көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты. Демек, айлық есептік көрсеткіш өскен сайын, жылда салық көлемі де артады. Салық есептеуде тиісті қаржылық жылдың, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы АЕК пайдаланылады, яғни, бұл – 3692 теңге. Тұрғындар көліктерінің салығын жергілікті мекені бойынша төлейді. Ал банктер немесе банкоматтар арқылы төлеген жағдайда азаматтар бюджеттік классификация кодын – 104402, төлем тағайындау кодын –
911 білуі керек. Ал өсімпұл қосылған кезде төлем тағайындау коды – 912 қолданылады.
Көлік иелері салық төлегенде автомобилінің бірегей нөмірін – 17 символдан тұратын VIN-кодын білу қажет. Жеңіл көліктер үшін VIN-коды шанағының нөмірі болса, жүк көліктерінікі – шассиінің нөмірі. Мұның бәрі техникалық төлқұжатта көрсетілген.
Машина жоқ болса, яғни, біреу айдап қашып кетсе немесе өзге жағдайларда иесі құзырлы мемлектетік органнан бұл деректі нақтылайтын мәліметті өзі тұратын мекен бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына тапсыруы тиіс.
Ал темір тұлпарының салығын төлемегендерге 2 сәуірден бастап салықтық берешегі жайлы ескерту хабарламалар жолданады әрі әрбір кешіктірілген күніне өсім қосылады. Салықты уақытылы төлемеген азаматтар берешек туралы ескерту жолданған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде оны орындауы қажет. Орындалмаса, автоматты түрде салықтық бұйрық қалыптастырылады. Оны да салық төлеушіге жолдайды, мұны 5 жұмыс күні ішінде орын-дау шарт. Нәтиже шықпаса, ол бұйрық электронды арналармен атқару өндірісін қозғау үшін және қарызды мәжбүрлі түрде өндіру үшін жеке сот орындаушылар палатасына жіберіледі.
Департамент салық төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салып отыр. Сондықтан, уақытылы төлеу қажеттігін ескертуде.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.