Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылының тұрғындары Бақыт Нұртаева есімді дәрігерді жақсы таниды. Жалпы тәжірибе дәрігері елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік бөлімшеде 5 жыл көлемінде еңбек етуде. Таңғы сағат 8.00-де емделушілерді қабылдау үшін ұйқысынан ерте оянып, қоғамдық көлік арқылы облыс орталығынан жұмысқа келеді.

Мойылды ауылының тұрғын-дарына №3 Павлодар қалалық  емхана қызмет көрсетеді. 2019 жылы елді мекенде фельдшерлік-акушерлік бөлімше ашылған. Мұндағы халықтың денсаулығы үшін Бақыт Асқарқызымен бірге Анастасия Армиянова мен Сая Ахметова есімді екі медбике жауапты.

Бақыт Нұртаеваның учаскесінде  1800-ге жуық адам тіркелген. Оның ішінде 1 жасқа толмаған балалар, диспансерлік есепте тұрғандар, мүгедек жандар, жүкті әйелдер де бар. Жалпы тәжірибе дәрігері жұмыс күндері таңғы сағат
8.00-ден 13.00-ге дейін емделу-шілерді қабылдайды. Ал түстен кейін жедел жәрдем шақырған науқастардың жағдайымен танысады, жүкті әйелдердің денсаулығын бақылайды, үйге дәрігер шақырған науқастардың денсаулығын тексеріп, үй-үйді жаяу аралайды.

– Мойылды ауылындағы тұрғындардың саны күн сайын артуда. Елді мекенде 1800-ге жуық адам ғана менің учаскеме тіркелген. Оның ішінде 12 жүкті әйел мен 1 жасқа толмаған 25 нәресте бар. 5 жылдың ішінде емделушілерімді жақсы танып үлгердім десем қателеспеймін. Қаладан қатынау маған еш қиындық тудырмайды. Кейде шақырту түскенде  ауылға екі рет баруға тура келеді. Әр мамандықтың өз қиындығы бар ғой. Бірақ мен өзімді басқа  салада елестете алмаймын. Адам өміріне араша түсетін дәрігер болғанымды мақтан етемін. Мен үшін дәрігер мамандығы – жұмыс емес, емделушілер алдындағы жауапкершілік, антқа адалдық, – дейді Бақыт Асқарқызы.

Бақыт Нұртаева – Тереңкөл ауданының тумасы. 2015 жылы қазіргі Семей медициналық  университетін жалпы медицина мамандығы бойынша тәмамдап, Павлодар қаласында интернатурада жалпы тәжірибе дәрігері мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Оқумен қатар, Павлодар қалалық №3 емханада медбике болып жұмыс істеген. 2017 жылы диплом алып, жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрады. 2019 жылы Павлодар қалалық №3 емханаға жұмысқа орналасып, Мойылды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бөлімшеге қызметке тұрады.

– Бөлімшедегі қызметкерлер ұйымшыл. Екі мейірбике де тұрғындармен тез тіл табысады. Балаларға қажетті екпені салады. Ауыл тұрғындарына дәрігердің шешіміне сәйкес,  система қойып, укол да салады. Сонымен қатар, әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері емделушілерден түрлі сарптама-талдаулар алып, курьер арқылы №3 Павлодар қалалық  емханаға жолдайды.  Бөлімшеде еден жуушы мен күзетші де жұмыс істейді, – дейді дәрігер.

Бүгінде Бақыт Асқарқызы жолдасымен екі баланы тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Дәрігер қызметінің жауаптылығына байланысты көп жағдайда балаларына көп уақыт бөле алмайтынын айтады. Бұл ретте жұмысына түсіністік танытып отырған жанұя мүшелеріне алғысын айтады.

– Дәрігер – адам өміріне, тағдырына жауап беретін мамандық. Әр науқастың  жағдайын жіті бақылап, сараптамаларды толық тексеру арқылы ғана қажетті емді тағайындауға болады. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдыра алмайсыз. Сонысымен зор жауапкершілік жүктейді. Сөз соңында №3 Павлодар қалалық  емханасының басшылық құрамына алғыс айтқым келеді. Бас дәрігер мен орынбасарлардың жұмысты дұрыс үйлестіруіне байланысты емделушілерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп келеді. Гиппократ антын арқалаған әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Күрделі әрі жауапты саладағы еңбектеріңіз елене берсін, – дейді Бақыт Асқарқызы.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.