Бизнеске бет бұрып, жеке кәсіп бастауға ниетті азаматтар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Мәселен, жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз гранттар беріледі. Сондай көмек түрінің бірі – Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін гранттар. Осы айдың 15-інде бағдарламаға қатысуға өтініштер қабылдау басталады. Миллион алудан үміттілерге қойылар талап қандай? Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Гүлсім Нұрмұхамбетова айтты.

– Гүлсім Айдарқызы, жас кәсіпкерлердің жаңа бизнес идеяларын іске асыруға бері-летін гранттардың көлемі қандай?

– Бұған дейін «Вusiness.enbek.kz» порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған гранттардың бірінші легі берілген болатын. Ағымдағы жылдың 15 шілдесінде екінші легі үшін өтінімдер қабылданады.  Республика бойынша осы жолы 4655 адамға грант беру жоспарланып отыр. Павлодар облысында 250 грант беріледі. Грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1 476 800 теңгені құрайды. Мұндай қайтарымсыз гранттар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірістерін жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Грант алуды қалайтын азаматтар өтінімді қалай бере алады?

– Өтінімді «Вusiness.enbek.kz» порталы арқылы беруге болады. Ол үшін алдымен порталға тіркелу керек. Тіркеу сәтті өткен болса, грант алу шарттарына сәйкес немесе сәйкес еместігін растайтын тексеруден өтеді. Егер одан сәтті өтсе, бизнес-жоспардың үлгісін жүктеп алып, оны толтырып, порталға енгізуі қажет. Одан кейін өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет. Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда жергілікті жердегі мансап орталығына, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге мүмкіндік бар.

– Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға бағытталған грантты алудың нақты шарттары мен талаптары қандай?

– Қайтарымсыз қаржы ресми түрде тіркелген жұмыссыздар, тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлерге беріледі. Бұл ретте үміткер мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшесі, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар сынды әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек. Тағы бір талап – міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсын оқу. Бұл оқудан өткеніне 3 жылдан аспауы керек.

– Мұндай грантты алған кәсіпкерлер қаражатты қандай мақсаттарға жұмсай алады?

– Бірден айта кету керек, қайтарымсыз қаржы тұтынушылық мақсаттарға берілмейді. Ол тек кәсібін дамытуға жұмсалуы керек. Мысалы, қажетті құрал-саймандар, технологиялық жабдықтар, мал және жануарлар, құстар және тұқымдарды сатып алуға бағыттай алады. Одан бөлек, орынжайларды жалға алу ақысын төлеуге болады.

– Өтінім қабылдау қашанға дейін жалғасады?

– Өтінімдерді 26 шілдеге дейін беруге болады. Содан кейін аудан және қалаларда конкурс комиссиясы құрылып, үміткерлердің құжаттарын қарайды. Сол комиссияның шешімі бойынша грант иелері анықталады.

– Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.