Облысқа қарасты қала, аудан және ауылдарда 107 мешіт бар. Биыл облыс аумағындағы елді мекендерде тағы 13 мешіттің құрылысы жүріп жатыр.

Естеріңізде болса, өткен жылы Ақтоғай ауданы Өтес ауылында, Аққулы ауданының Шақа ауылында, Ертіс ауданының Қызылжар және Үлгілі ауылдарында мешіттер салынып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылында ескі мешіттің орнына жаңа мешіт ашылды. Ал облысқа қарасты ауылдарда 13 мешіттің құрылысы жүріп жатыр.

Облыстық дін істері басқарма-сының басшысы Балтабай Қаппа-совтың сөзінше, мешіт салуға бастама көтерген азаматтар алдымен жергілікті тұрғындармен ақылдасып алуы керек. Яғни, сол ауылға ғибадат үйі шынымен қажет пе? Себебі, мешіт салуын салып алғанымен, оны ұстап тұру – одан зор жауапкершілік. Тұрғындардың көбі бірауыздан келісім  берсе, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рұқсатын алады. Ал мешітті салуға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Сондықтан, халықтың, кәсіпкерлердің, демеушілердің көмегімен бітеді бұл іс.

Облыс аумағында мешіттерден бөлек 12 намазхана халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Яғни, мұсылман ғибадат орындары тұрақты қажет етілмеген ауылдарға тек намазхана ретінде ашуға болады. Бұған арнайы қызметкер алудың қажеті жоқ. Халықтың қалтасына да салмақ түспейді. Аталған намазханаларға келсек, Павлодар қаласында
2 (Теміржол вокзалы мен Әуежайда),  Екібастұз қаласының ауылдық аймағында 2 (Сарықамыс ауылы, Бозшакөл разрезі аумағында), Ақсу қаласының ауылдық аймағында
2 (Төртқұдық ауылының маңында, Павлодар-Астана трассасының екі жағында), Аққулы ауданында 4 (Жамбыл, Жаңатаң, Майқарағай, Ямышев ауылдары маңындағы тас жолы бойында) жерде орналасқан. Сонымен қатар, Павлодар ауданында 1 (Заря ауылы), Ертіс ауданында
1 (Майқоңыр ауылы) намазхана жұмыс істейді. Аталған намазханалардың барлығы бекітілген талаптар мен санитарлық нормаларға сай ашылып, мұсылмандардың құлшылық жасауына берілуде. Міне, өздеріңіз байқап отырғандай кейбір шалғай орналасқан я болмаса халқы аз елді мекендерде мешіт салу қажеттілігі туындамағандықтан намазхана ретінде ашқан.

Облыстық дін істері басқар-масының басшысы Балтабай Қаппасовтың сөзінше, намазхана ашудың да өз тәртібі мен талаптары бар.

– Намазхана ашқан кезде Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының нормаларын сақтау керек. Атап айтсақ, мұндай ғибадат орындары мемлекеттік органдардан, Қарулы күш құрылымдарынан, әскери бөлімдерден, сот және құқық қорғау органдарынан, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға байланысты басқа да орындардан алыс болуы шарт. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында орналастыруға жол берілмейді. Тіпті, білім беру ғимараттарынан 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылуы керек, – дейді Балтабай Мәданиұлы.

Ал аумағына келер болсақ, ғимараттың жалпы ауданы 20 шаршы метрден бастап, 100 шаршы метрге дейін болады. Одан кішкентай орындарды намазханаға айналдыруға рұқсат жоқ. Одан бөлек, дәрет алу үшін қажетті санитарлық тораппен қамтамасыз етілген, бейнекамералармен жабдықталған болуы шарт.

Жоғарыда аталған талаптар мен нұсқаулықтардың барлығы ҚР Әділет министрлігінің «Әділет KZ» ақпараттық-құқықтық порталында көрсетілген.

Жалпы, ғибадат орындарына қатысты сұрақ туындаса, осы «Әділет KZ» ақпараттық-құқықтық порталынан жауап алуға немесе облыстық дін істері басқармасына жүгінуге болады. Басқарманың мекенжайы: Павлодар қаласы, Әлихан Бөкейханов көшесі, 202/5.

Басқарма басшысының айтуынша, асхана, дүкен және басқа да кәсіпкерлік нысандарынан рұқсатсыз намазхана ашқан жағдайда заң бойынша жауапкершілік бар.

– Қазір алкогольді ішімдіктер сатылмайтын және құйылмайтын дәмханалар саны көбейіп келеді. Осындай кәсіпкерлер тарапынан намаз оқитын бөлме ашу ұсынысы жиі түсіп жатады. Оларға талаптар бойынша тиісті түсініктеме берілуде. Егер ресми рұқсаты болмаған жағдайда Әкімшілік құқықтық Кодекстің 490-бабы бойынша мекеме иелері әкімшілік жауап-кершілікке тартылады. Нақтылап айтсақ, жеке тұлғаларға 50, заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, 3 айға дейін кәсібі тоқтатылады, – дейді басқарма басшысы.

 

Тілеуберді САХАБА.