Тура бір айдан кейін Амал мерекесін атап өтеміз. Яғни, 14 наурыз — Көрісу күні жақындап келеді. Бұл дегеніміз, Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбе бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып саналады. Ал Хамал —
Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Дәл осы уақытта күн мен түн теңеліп, Тоқты шоқжұлдызы туады, жаңа күн келеді деген ұғым қалыптасқан. Ерте заманда қазақ елі бұл күнді «наурыз» демей, «амал» деген. Этнограф ғалымдар осы сөздердің еш айырмашылығы жоқ екенін алға тартуда.
Сонымен, санаулы күннен кейін қыс бойы қар құрсауында жатқан тіршілік оянып, табиғат ананы жаңартатын Наурыз мерекесі де келіп жетпек. Яғни, көп кешікпей елімізде ұлыстың ұлы күнін атап өту шаралары басталатын болады. Қуантарлығы, бүгінде Наурыз мейрамы Қазақстанды мекен еткен жүзден астам ұлт өкілінің ортақ мерекесіне айналды. Жыл сайын бұл күндері ата-баба дәстүрі бойынша қайырымдылық шаралары өтіп, көшеттер отырғызылып, ұлттық ойын-сауықтар мен ән-шашуға толы мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылуда. Алайда кейін ел арасында зиялы қауым тарапынан «ұлттық мереке бұдан да жоғары деңгейде тойлануы керек» деген сын-пікірлер айтыла бастады. Бұл ретте, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жұмыстарына бір кісідей үлес қосып жүрген ғалым, мемлекет қайраткері, кезінде идеология саласының тізгінін ұстаған Мырзатай Жолдасбеков мереке бір күндік думанмен аяқталып қалмай, керісінше бір ай аталып өтуі тиіс екенін айтып, Наурызды алдымен Көрісуден бастауды ұсынды.
Осылайша, бүгінде бұл күн елеусіз қалмай, халық арасында Көрісу күнінің маңызы артып, біртіндеп көрініс тауып келеді. Яғни, осы күні ағайын-бауырдың бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, өкпе-ренішін кешірісіп, қыстан аман-есен шыққанына мәз болып құшақтасып жатқаны жайлы жарқын сәттерге куә болып жүрміз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша да Наурыз мейрамының мән-маңызын ашып, ерекше етіп атап өтуге барынша басымдық берілуде. Соның дәлеліндей, өткен жылы елімізде жаңа Наурызнама тұжырымдамасы жасалып, сәтті жүзеге асқанын атап өткен жөн. Аталмыш жоба аясында онкүндік ұйымдастырылып, балабақшадан бастап барлық мекемеде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, тәлімдік, тағылымдық мәні бар дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған түрлі мазмұнды іс-шаралар өтті.
Тарихы тереңге тамыр тартқан Әз-Наурыз мерейлі мерекесі биыл да өз деңгейінде жалғасын табады деген үміттеміз.
Нұржайна ШОДЫР.