Биылдан бастап аймағымызда жұмыссыз азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін тегін оқытудың жаңа тәсілі қолданылмақ. Нақтырақ айтқанда, алдағы уақытта бірреттік ваучерлерді енгізу жоспарлануда.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.

— Ваучер – тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтарға берілетін, олардың кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өту құқығын куәландыратын электрондық құжат. Осы жылдан бастап жұмыссыз және білімі жоқ тұрғындардың кәсіби біліктілікті тегін алуына мүмкіндік берілмек. Бұл бірреттік электронды құжатты алу үшін жұмыссыз азаматтар жеке кабинетіндегі ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында (career.enbek.kz) өтініш беруі тиіс. Оған электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен қол қойылады. Бұдан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тізімінде тіркелген өзіне лайықты мамандықты және білім алғысы келетін колледж немесе оқыту курсын таңдайды. Жалпы, оқу мерзімі үш айдан басталады, — деп түсіндірді басқарма басшысы. Оның айтуынша, саладағы бұл жаңа тәсіл арқылы кәсіп игерген жұмыссыз тұрғындардың, яғни ваучерді алушының шыққан шығындары да өтелетін болады. Мәселен, әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі кәсіптер үшін 3 айлық есептік көрсеткіш (11076 теңге) көлемінде, ал техникалық бейіндегі кәсіптер үшін 7 айлық есептік көрсеткіш (25844 теңге) көлемінде шәкіртақы төленеді. Бұдан бөлек, алыстағы ауылдық жерлерден облыс орталығына келетін азаматтардың жолақысын өтеу қарастырылған. Ол үшін тұрақты тіркеуі аудан немесе ауылдық жерде болуы тиіс.

Айта кетерлігі, әзірге облыс бойынша 45 жұмыссыз азаматқа ғана ваучер беру жоспарлануда. Мұндай адамдар мансап орталығының жолдамасынсыз ваучер есебінен өз бетінше жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Басқарма басшысы, сондай-ақ, өткен жылы облыс бойынша 30 мыңнан астам адам жұмысқа орналасып, жоспар артығымен, яғни 121 пайыз орындалғанын атап өтті.

— Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Бастысы, ниет болуы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға да үлкен қолдау бар. Мәселен, 2023 жылдың жаңа бастамаларының бірі  — жастарға жылына 2,5 пайызбен  5 млн теңгеге дейін шағын несиелер беру еді. Осы бағыт бойынша 173 адам өз ісін ашты. Микрокредиттердің көпшілігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталды, яғни жылқы, ірі қара және ұсақ мал өсіру үшін берілді. Ал қалалық жерлерде жүк тасымалдау, қоғамдық тамақтандыру, баспа өндірісі бойынша қызметтер көрсету және азық-түлік дүкендерін, компьютерлік клубтарын ашу, автомобильдерге детейлинг қызметтерін ұсыну сынды жобалар бар екенін айта кеткен жөн, — деді Альмира Дисюпова.

Нұржайна ШОДЫР