Жуырда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Отан қорғаушылар күніне орай патриоттық тәрбие сабағы өтті. Мақсаты — оқушыларға Отанды сүюге, ерлік көрсеткен батырлардың бойындағы ержүректік, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерін дәріптеу, Отанын, елін қорғай білуге тәрбиелеу.

Аталмыш музейдің қызметкері Мирас Сағындықтың айтуынша, айтулы мерекенің қай кезде де орны бөлек. Себебі, абзал азаматтарымызға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбейді.
— Мұндай шаралар жиі өткізілуі керек. Себебі, қазірден бастап жастарды патриоттықа баулуымыз керек. Оның ішінде әскери қызмет пен азаматтық борыш жайлы айтуға тиіспіз. Дөңгелек үстел барысында оқушылар әскери қару-жарақтың түрлерімен танысып, келген қонақтарға көкейде жүрген сұрақтарын қоя алды. Бұл дәріс Отанымызды қорғаудың маңыздылығын және әскерилерді құрметтеуді жақсы түсінуге бағытталды, — деді ол.
Шараға 5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің офицері майор Амангелді Жолшиев және 5512 әскери бөлімі бөлініс бастығы, станция бастығы кіші сержант Әсет Манарбек қатысты. Әскери қызметшілер оқушыларға Қазақстанның әскери күшінің маңыздылығы және Қарулы Күштерінің тарихы туралы айтып берді.

А.БОРАНБАЕВА.