Халықаралық волонтерлер күніне орай облыс әкімі Асайын Байханов өмірінің  бір бөлігін риясыз мейірімділікке, қоғамдық іске арнап жүрген аймағымыздың ерікті азаматтарымен кездесіп, атаулы мерекемен құттықтады.

— Павлодар өңірі өзінің волонтерлік қозғалысымен көпке белгілі. Бірнеше жыл қатарынан аймағымыз еліміздің ең мейірімді өңірі атанды. Әрбір оқиғаға немқұрайлы қарамайтын тұрғындарымыздың Екібастұздағы төтенше жағдай салдарын жоюға, күн сайынғы іздестіру шараларына қатысуға, науқастардың еміне қаражат жинауға, көгалдандыру мен қоқыстан тазартуға, иесіз иттер мен мысықтардың мәселесін шешуге қосқан орасан зор үлестерін бағаламау мүмкін емес, — деді облыс әкімі А.Байханов. Сонымен қатар, аймақ басшысы волонтерлер қозғалысының Қазақстандағы құрметті елшісі — Мемлекет басшысы еріктілердің еңбегін нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейі дегенін ерекше атап өтті.

— Волонтерлер қоғамның үніне әрдайым құлақ асып, көп жағдайда қоғамның назарынан тыс қалатын мәселе-лерді шешуге серпін береді, — деді аймақ басшысы.

2024 жыл ТМД-да волонтерлік қозғалыс жылы деп жарияланғанын айтты. Осы ретте, ерікті жандардың қатары көбейіп, игі істердің ұйтқысы бола беруін тіледі. Облыс билігі тарапынан әрдайым қолдау толастамайтынын да тілге тиек етті.

Г.МАҒЖАН.