Елімізде 2016 жылдан бастап «Халық заңгері» республикалық акциясы дәстүрлі түрде ұйымдас-тырылып келеді. Биыл да облыс орталығында аталмыш шара аясында тұрғындарға түрлі бағыттағы заңгерлік кеңестер берілді.

«Халық заңгері» акциясы тұтас республика көлемінде бір уақытта өтті. Павлодар қаласында аталмыш шара Жастар бастамаларын дамыту орталығында ұйымдастырылды. Бұл алаңда тәжірибелі нотаруистар, адвокаттар, мемлекеттік мекеме өкілдері азаматтарға тегін кеңес беріп, түйткілдерді тарқатудың жолдарын көрсетті. Тұрғындар түрлі мәселемен жүгінді. Олардың қатарында мұрагерлікті рәсімдеудеу, еңбек қатынастарындағы шиеленістерді шешуге қатысты сұрақтар жиі түсті. Сондай-ақ, заңгерлер, құқық қорғау саласының өкілдері, салық қызметкерлері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қол ұшын созды.

– Республикалық акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру әрі азаматтардың проблемалық мәселелерінің жедел шешілуіне ықпал ету. Әр түрлі салада қызмет көрсететін 40-тан астам кәсіби заңгер павлодарлықтармен тегін кеңесімен бөлісті. Олардың қатарында қорғаушылар, нотариустар, сот орындаушылары, прокурорлар, полицейлер, әділет саласының өкілдері бар, – деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары.

Нәтижесінде кейбір мәселелер сол жерде-ақ оң шешімін тапты. Қосымша қарастыруды қажет ететін тағы бірқатар сұрақ назарға алынды. Дәл осындай кеңестер Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыс аудандарында да ұйымдастырылды.

Айта кетейік, «Халық заңгері» республикалық акциясы басталған жеті жылдың ішінде ел бойынша 165 мыңнан астам қазақстандық тегін заңгерлік кеңес алды.

 

Өз тілшіміз.