Өткен аптада аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, дауылдың салдарынан зақымданған бірқатар әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, іссапар барысында облыс әкімі келесі жылы Ақсу қаласында бой көтеретін фермерлік базардың құрылысын сынға алып, кемшіліктерді түзеуді тапсырды.

 

Алдымен аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Ақсу қаласына қарасты Ертіс өзенінің Садковое каналында тоғандағы балық шаруашылығын дамытып отырған «FishStart-Aksu» ЖШС-нің жұмысымен танысып, кәсіпорын басшысымен кездесті. Бүгінгі таңда аталған шаруашылықта балық өсіру техникасы бойынша арнайы оқудан өткен 8 адам жұмыс істейді.

– Біздің өңір Ертіс өзенінің жағасында орналасқан соң бізге балық шаруашылығын дамытуға толықтай негіз бар. Облыста осы істі қолға алған кәсіпорындардың бірі – «FishStart–Aksu» ЖШС. Мұнда қазіргі уақытта тұқы, бекіре және форель балықтары өсірілуде. Жалпы, биыл облыста балық шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен 300 млн теңге көлемінде субсидия бөлінді. Өңірдегі 6 шаруашылық осынау қолдауға ие болды. Аталмыш кәсіпорынға да қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұл – өте қызықты инновациялық жоба, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар, аймақ басшысы өткен айда орын алған алапат дауылдан кейінгі бірқатар әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда зақымданған тұрғын үйлер мен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Ақсу қаласының орталық емхана ғимаратының қасбеті, сондай-ақ, бірқатар тұрғын үйдің шатыры жөндеуден өтпек. Асайын Байханов құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдеріне барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды жүктеді. Сондай-ақ, ол қала әкіміне жылу беру маусымының тұрақты өтуін ерекше бақылауда ұстауды және келесі жылы бірінші кезекте қайта құру мен жаңартуды қажет ететін учаскелерге талдау жүргізуді тапсырды.

– Ақсу қаласына жасаған жұмыс сапарымның негізгі себептерінің бірі – жақында жылумен жабдықтау желілерінде болған апат түрткі болды. Биыл мұнда 5,4 шақырым жылу желілері мен су құбырлары ауыстырылды. Алдағы жылдарға тозығы жеткен учаскелер анықталып, 3 шағын ауданның кварталішілік 4,4 шақырым жылу желілерін жаңартуға жобалар дайындалды. Олардың барлығы 2024 жылдың көктемінде облыстық бюджет комиссиясымен бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады, – деді А.Байханов. Бұдан бөлек, аймақ басшысы алдағы уақытта Ақсу қаласының орталық автобекет маңында бой көтеретін фермерлік базар жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. 2024 жылы ашылуды көздеп отырған екі қабатты фермерлік базардың жалпы ауданы 1830 шаршы метрді құрайды. «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасының басшысы Тимур Жантеміровтің айтуынша, фермерлік базарды іске қосу 15 жаңа жұмыс орнын құруға және 35 қосымша сауда нүктесін ашуға мүмкіндік береді. Жобаның құны шамамен 500 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама аяқталып, ағымдағы айда сараптама қорытындысы шығады деп күтілуде.

– Павлодардағы «JAILAU» фермерлік базары қысқа ғана мерзімде бой көтеріп, бүгінде ел игілігіне жұмыс істеуде. Онда жергілікті шаруалар жылы және жайлы жерде сауда жасап, жергілікті өнімдерді делдалсыз саудаға шығаруда. Яғни, қала тұрғындары жергілікті өнімді тікелей өндірушілерден нарық бағасынан төмен бағамен сатып алуда. Мұндай базарлар Екібастұз бен Ақсу қалаларында да болуы тиіс. Алайда, жоспардан қалыс қалып, нақты істің жоқтығынан аталмыш нысанның ашылуы шегерілді. Сол себепті жауапты мекеме басшыларына жоспардың орындалу мерзімін қатаң қадағалауды тапсырамын, – деді Асайын Байханов. Облыс басшысы «Павлодар» ӘКК-нің Ақсу тұрғындары үшін осындай маңызды нысанның ашылуын кешіктірген бірқатар жауапты мекеме басшыларының жұмысын сынға алып, оны одан әрі іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Оның айтуынша, фермерлік базардың құрылысы келесі жылдың сәуір айына дейін кешіктірілмей басталуы тиіс.

А.МҰҚЫШЕВ.