Жұмыс күші көп оңтүстік және батыс өңірлерінің азаматтары тұрақты табыс, жайлы жағдай үшін Павлодар облысына қоныс аударып жатады. Оларды қолдау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданған. Бірақ кей пысықайлар бюджеттен бөлінген қаражатты қалтасына басып, қазына қаржысына жарты миллиард теңгеден астам шығын келтірді.

 

Біздің аймаққа өзге өңірлерден мемлекеттік бағдарлама аясында көшіп келген азаматтарға тұрақты жұмыс, жеңілдетілген шарттар бойынша баспана, басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Алайда мұндай оңтайлы мүмкіндікті бірқатар азамат өз пайдасына шешіп, қалтасын қампайтып алды.

Павлодар облыстық прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде өңірде 600 млн теңге жымқырылғаны анықталды. Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында көптеген кемшілік орын алғаны белгілі болды.

— Қоныс аударушыларды қаржылай қолдауға бөлінген қаражатты иемденудің тұтас тізбегі құрылған. Оның ішінде баспана сомасының жартысын алу үшін үйлердің бағасы әдейі 8 млн теңгеге дейін жоғары етіп көрсетілген. Үйді сатып алу кезінде шығынның 50 пайызы, бірақ 4,2 млн теңгеден көп емес сома беріледі. Яғни, олар үйді 8 млн теңге деп көрсетіп, осынша қаржыны иемденіп келген. Ал шын мәнінде қаңырап бос тұрған үйлер 500 мың теңгеден бастап сатып алынған. Нәтижесінде қоныс аудару тек қағаз жүзінде қалып отырған. Тек алты ауданның өзінде 600 млн теңге көлемінде шығын тіркелді, — деді облыс прокурорының көмекшісі Асхат Атикеев.

Прокуратура өкілінің айтуынша, бұл олқылықтар бұрынғы жұмыспен қамту, қазіргі Мансап орталықтарында орын алған. Мысалы, жекелеген жағдайларда Мансап орталығының қызметкерлері оңтүстік өңірлерге барған. Сол кезде белгілі бір сомаға жергілікті тұрғындарды тауып, олардың атына құжаттар рәсімдеген. Алайда бұл азаматтар біздің аймаққа мүлде аяқ баспаған.

Құзырлы орган тексеріс материалдарын Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі «Алаяқтық» бойынша істі тіркеді. Тергеуді арнайы прокурор жүргізуде. Тексеріс әлі де жалғасып жатыр.

Айта кетейік, өңірде тұрғындардың ауылдардан жаппай көшуі нәтижесінде 59 елді мекен оңтайландырылған болатын.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.