Сарыарқаның төріндегі сұлу қала — Астананың жыл сайын сән-салтанаты артып, талайдың таңдайын қақтырды. Алғашқы жылдардағы көрініс пен қазіргі сәттің айырмашылығы жер мен көктей. Ел астанасының тарихын қаланың салынуына атсалысқан азаматтардың өз аузынан есту — бір ғанибет. Осы ретте, Астана қаласының алғашқы бас жоспары авторларының бірі, ардагер сәулетші Серік Рустамбековті әңгімеге тартқан едік.
– Серік Исаұлы, бас жоспардың басы-қасында болдыңыз. Сол күндерге қайта оралайықшы…
– 1993 жылы Алматы қала-сындағы жобалау институттары жаппай жабылып, мен еңбек етіп жүрген «Казгипроторг»
мекемесі де жұмысын тоқтатты. Мыңдаған жобалаушылар жұмыссыз қалды. Нәпақа табу үшін көбі кәсіпкерлік саласына
ауысып кетті. Олардың қатарында мен де бармын. 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңестің бір отырысында
астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. Бұл жаңалықты радиодан естідім. Қуандым. Ел астанасының
туған жерімде бой көтеретіні шаттық сыйлады. Қала берді, жаңа астанаға жаңа бас жоспар, жаңа жобалар қажет екені түсінікті.
Яғни, сәулетшілерге сұраныс артады деген сөз. Сөйтіп, 1995 жылы тәжірибелі сәулетшілерден топ жасақтап, Ақмолаға жол
тарттық. Жергілікті жерді әбден зерттедік. Қаланың қай бөлігінде қандай мәселе бар, алдағы уақытта қандай проблемалар
туындауы мүмкін, қай аумақты орталыққа айналдырамыз деген сауалдарға жауап іздедік. Ақыры Есіл өзенінің сол жағалауын
таңдадық. Ол аумақта үйлер аз, шағын ауыл сияқты болатын. Ақылдасып, кеңесіп, қағазға сызбаны түсірдік.
– Түсінуімізше, сіздерге ешкім тапсырма бермеді. Өз ынталарыңызбен бас жоспарды қолға алдыңыздар. Жоспардың кейінгі тағдыры не болды?
– Топ мүшесі Тоқтар Ералиевке Президентпен жолығудың сәті түсіп, бас жоспарды таныстырды. Мемлекет басшысы
ұсынысты жылы қабылдап, бірден құрылыс министрі мен Сәулетшілер одағының басшылығына телефон арқылы нұсқау беріп, екі ай ішінде Бас жоспардың концепциясын анықтауға конкурс ұйымдастыруды тапсырды. Конкурсқа 17 шығармашылық ұжым қатысып, сарапшылардың қорытындысы бойынша біз жеңімпаз атандық. Сөйтіп, 1996 жылы «Ақ Орда» жобалау-құрылыс компаниясын құрдық. 1998 жылы ел астанасы ресми түрде жарияланған соң Жастар сарайында үлкен жиналыс болды. Жиынға көрші мемлекеттердің президенттері келді. Біз көрме ұйымдастырып, жоспарымызбен таныстырдық. Бас жоспардағы негізгі бағыттарды, ірі тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттарды жұрт назарына ұсындық. Нұрсұлтан Назарбаев меймандарға мақтаныш сезіммен бас жоспарды көрсетіп жатты. Бұл жиыннан кейін араға 2-3 күн салып, Үкіметте Астана қаласының бас жоспары туралы жиналыс өткенін естідік. Жиынның жай-жапсары туралы «КазПравда» газетінде жарияланып, онда «Бас жоспар ештеңеге жарамайды, айналмалы каналдар мен көпірлер қаланы «Екінші Венецияға» айналдырады, жоспар шикі» деген сыни пікірлер жазылыпты. Бұдан кейін халықаралық конкурс жарияланатыны белгілі болды.
– Сонда еңбектеріңіздің еш кеткені ме?
– Біз бұған дейін бас жоспардың алғашқы кезеңін аяқтап, 2005 жылға дейінгі қысқа мерзімді даму жобаларын әзірлеп
қойған едік. Десе де, бас жоспарды қаржыландыру тұрақсыз болып, біздің ұжым көбіне жеке құрылыс нысандарын жобалаумен айналысты. Қала берді, Тың игерушілер сарайын, «Москва» қонақүйін қайта жаңғырту жобаларын әзірлеп, «Самал» тұрғын үй кешені, балаларға арналған аквапарк, қаланың орталығындағы өзге де ғимараттарды жобалауды жалғастырды. Халықаралық конкурсқа 12 мемлекеттен 27 жоба қатысып, жапондық сәулетші Кисё Курокава жеңімпаз атанды. Біз үздік үштікке іліндік. Кейін К.Курокава өзімен бірге жұмыс істеуге шақырып, бірлескен жұмыстар өз нәтижесін берді. Яғни, еңбегіміз еш кеткен жоқ. Идеяларымыздың көбі сәтті жүзеге асты.
– Идея дегеннен шығады, Есіл өзенінің жағалауындағы жаңашылдықтар сіздің жұмы-сыңыз екені белгілі. Өзенмен байланысты қандай жобалар жоспарланған еді?
– Қала ішіндегі өзеннің ұзындығы 37 шақырымды құрайды. Жоба шеңберінде өзен арнасы кеңейтіліп, түбі тереңдетілді.
Қаланың о шетімен бұ шетін көркемдік тұрғыдан байланыстыру үшін сызықтық саябақтар жобасы қолға алынды. Жағалауда
абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Есіл өзеніне қатысты жобалар әлі күнге дейін жалғасуда. Есілдің үстінен кеме жүргізіп,
қоғамдық көлік ретінде пайдалану ұсынысы іске аспай қалды. Әлі де кеш емес.
Жалпы, қаланы жобалауға қатысып, тарихи сәттердің куәгері болғанымды мақтан етемін. Жобалар әлемдік сәулет өнері
тарихына енуі мүмкін, ал ел тарихында ерекше жобалардың бірі ретінде сақталатынына күмән жоқ. Себебі, қиын кезеңде әрі
тиімсіз факторларға қарамастан Сарыарқа төсінде кербез Астананың бой көтеруі – үлкен олжа һәм зор жетістік!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.