Естеріңізде болар, биыл көктемде Екібастұз қаласында Қыз ұзату тойына келген меймандар астан уланып, отыздан астам адам ауруханаға түскен еді. Мейрамханада әзірленген тағамнан дәм татқан олар өздерін жайсыз сезінген. Тергеу-тексеру жұмыстары сальмонеллез инфекциясы тағамға түскенін анықтады.

Содан уланған азаматтар біраз уақыт стационарлық ем қабылдап, кейін амбулаторлық түрде де ем-домын жалғастырады. Осы аралықта жұмысқа кірісе алмай, айлығынан қағылады. Дәрі-дәрмекке қаншама шығын шыққан. Олардың ішінде екі азаматқа ауыр зардап келген. Мәселен, бір әйелдің екі айлық баласы түсіп қалған. Ал ер азаматтың ішегіне инфекция түсіп, ақыры оны ота жасау арқылы алып тастауға тура келген. Яғни, денсаулықтарына айтарлықтай залал келеді.

Облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың айтуынша, осы жағдайға байланысты 16 азамат құзырлы мекемеге сотта өздерінің мүдделерін қорғауға өтінім түсіреді.

Айта кетерлігі, ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 4-бабының 42-тармағына сәйкес мейрамхана атына тұтынушылар тарапынан материалдық және моральды шығынды өтеу туралы арыз түсірген. Алайда, бизнес субъектісі бұл шағымға жауап бермеген. Осыған орай департамент шағымға тұтынушылар құқықтарын қорғау саласандағы заңнамаға сәйкес мерзімде жауап берілмеу дерегіне байланысты мейрамханаға жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесінде заң талаптарын сақтауға қатысты ескерту жасалған.

Бұдан соң департамент сотқа тұтынушыларға сапасыз қызмет көрсету салдарынан келтірілген материалдық және моральдік шығынды өтеу жөнінде арыз жолдаған. Сот шағымды қарау кезінде зардап шеккен азаматтар ем қабылдаған уақытында айырылған айлығына есеп жүргізетін маман тартылған.

Екібастұз соты 18 тұтынушыға, соның ішінде екі азаматқа екінші шағым бойынша барлығы
5 млн теңгеден астам сома көлемінде материалдық және моральдік залалды ішінара қанағаттандырған. Яғни, айырылған айлықтары мен дәрі-дәрмекке кеткен материалдық залал 1318 теңгеден 188 462 теңге аралығында белгіленген. Ал моральдік зиян үшін соттың шешіміне сәйкес мейрамхана 16 арызданушы азаматқа 200 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейінгі көлемде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Осы ретте, тұтынушылар осындай жағдайларға тап болса, департаменттің көмегіне жүгіне алады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.